Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бие және түйе сүтінің емдік қасиеттері: керемет нәтижелер бар

Бие және түйе сүтінің емдік қасиеттері: керемет нәтижелер бар

Ұлттық сусындардың пайдалы қасиеттері туралы бұған дейін де айтылып жүр. Адамдардың көбі мұны пандемия кезінде еске түсірді. Қазақстандықтар бие сүтін іздеп, ауыл аралап кетті. Дәрігерлердің айтуынша, саумал, қымыз, шұбат иммунитетке қуат береді, емдік әрі пайдалы қасиеті көп. Саумалды «ұзақ өмір сүру өнімі» деп те атайды. Осы орайда, гастроэнтеролог, Президент Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының профессоры Бақытжан Биімбетов ҚазАқпарат тілшісіне саумал, қымыз және шұбаттың пайдалы қасиеттері адамды қалай сауықтыратыны туралы айтып берген еді.
«Бізде Д гепатиті бойынша өткір проблема бар, себебі Д гепатитіне қарсы арнайы препарат жоқ. Сонымен қатар, метаболизммен байланысты ауруларға қатысты мәселе де бар, яғни ағзадағы метаболизмнің бұзылуы. Ол дегеніміз - жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, сондай-ақ онкологиялық аурулар. Бүгінде артық салмақ, яғни семіздіктен зардап шегетіндер көбейіп барады. Әлемдік статистикаға сәйкес, дамыған елдерде адамдардың 33%-ы артық салмақтан зардап шегеді. Күн сайын менің қабылдауымда болатын 10 пациенттің 3%-ы осы патологиямен келеді. Оның себебі адамның өмір сүру салтында, яғни тамақтануы, стресстік жағдайлар мен физикалық белсенділіктің болмауына байланысты. Адамдар күні бойы бір жерде ұзақ отырады, бірақ жиі қозғалыстағы адамдармен бірдей мөлшерде тамақтанады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, денсаулық – аурудың, қандай да бір ақаудың болмауы ғана емес, ол – физикалық, психикалық, әлеуметтік-экономикалық саламаттылықтың жиынтығы», - деді гастроэнтеролог-дәрігер Бақытжан Биімбетов.
Бие сүті – барлық аурудың еміне көмекші өнім
Маманның айтуынша, алдын алу шаралары мен дені сау ұлт қалыптастыруға көбірек көңіл бөлуіміз керек.
«Бұл тұрғыда бие сүтінің, қымыз бен шұбаттың емдік-диеталық қасиеттерін ерекше атап өткен жөн. Біз стеатогепатит (майлы дегенерация аясында бауырдың қабыну процесі) кезінде бие сүтінің емдік-диеталық қасиеттерін зерттеу бойынша ауқымды жұмыс жасадық. Керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Тіпті, біз қол жеткізген нәтиже осы дертті емдеу хаттамасына енгізілген дәрі-дәрмектерден де асып түсті. Сонымен бірге, бауырдың көрсеткіштері ғана емес, одан бөлек холестерин, триглицеридтер деңгейі де төмендеді, басқа да оң нәтижелер көрініс тапты. Пациенттің физикалық белсенділігі, өнімділік күші жақсарып, ұйқысы оңалды. Саумал, қымыз – біздің ұлттық сусындарымыз. Оларды танымал етіп, осы өнімдермен жұмыс істеуіміз керек. Мен оны барлық аурудың еміне көмекші өнім деп санаймын. Егер осы негізде арнайы терапия ұйымдастырылса, онда біз 1,5-2 есе артық нәтижеге қол жеткіземіз», - дейді ол.
Түйе сүтін екі ай ішкен балада аутизмнің барлық белгісі жойылған
Дәрігерлер бие сүтінің әртүрлі аурулардың алдын алу мен емдеудегі тиімділігін дәлелдеп жатыр. Таяуда қазақстандық ғалымдардың Татарстанның Қазан университетімен бірлесіп, онкологиялық ауруларды емдеуде бие сүтін қолдануға инновациялық патент алғаны белгілі болды.
«Менің онкология саласында диссертация қорғаушы шәкіртім сүт безі қатерлі ісігінің химиотерапиясында пастерленген құрғақ бие сүтін қолдану бойынша зерттеу жүргізіп жатыр. Бұл терапия агрессивті және көптеген жанама әсерлерді тудырады. Атап айтқанда, өмір сапасы төмендейді, төзімсіздік, анемия, лейкоциттер мен тромбоциттердің төмендеуі, жүрек айну, құсу, ыңғайсыздық пен әлсіздік пайда болады. Біз ғылыми зерттеу жүргізіп, бір топқа бие сүтімен химиотерапия тағайындап, екінші топ әдеттегі тәсілмен емшара алды. Сосын оның қорытындысын салыстырдық. Бие сүтімен емделген пациенттер тобы жақсы нәтиже берді», - дейді маман.
Айтуынша, химиотерапия кезінде бие сүті берілген пациенттердің өмір сүру сапасы жақсарып, анемия түріндегі жанама әсерлер бойынша зертханалық көрсеткіштер ойдағыдай шыққан, ал кейбір пациентте анемия мүлдем болмады.
«Емдеу тиімділігінің нәтижесі бойынша жұмыс жалғасып, статистикалық өңдеу жүріп жатыр. Әзірге химиотерапияның тиімділігі қай топта жақсы, қай топ үшін нашар екенін айта алмаймыз. Дегенмен, химиотерапияда бие сүтін қолдану жақсы нәтиже берді. Ұнтақ түріндегі сүттің бұл түрі дозалауға өте ыңғайлы. Біз бұл нәтижені Татарстан ғалымдарымен бірге Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де білетіндей етіп патенттедік», - деп атап өтті Бақытжан Биімбетов.
Сондай-ақ, профессор пастерленген бие сүтін балаларға, реанимациялық науқастарға, жүкті әйелдер мен қарттарға беруге болатынын айтты. Айтуынша, түйе сүтін екі ай бойы ішкен балада аутизмнің барлық белгілері жойылған.
«Бір кездері Нобель сыйлығының лауреаты, академик Илья Мечников бие сүтін ұзақ өмір сүру өнімі деп атады. Бұл ішек микрофлорасын жақсартады осылайша иммунитетті арттырады. Әрі қарай иммунитет емдеу-профилактикалық бағытта дербес жұмыс істейді. Бие сүтінің пайдалы қасиеттері туралы көп айтуға болады. Біз бие сүті мен қымыз ішетін және 90 жасқа дейін немесе одан да көп өмір сүретін адамдарды жиі бақылаймыз. Бұл шынымен көмектеседі.
Жақында мәскеулік әріптестерімізден өте қызық ақпарат алдық. Тәжірибе жағдайында екі ай бойы түйе сүтін қабылдаған бала аутизмнің барлық белгілерінен құтылған. Бұл – керемет нәтиже. Оған дейін бала барлық жағынан тексеріліп, қазіргі уақытта әлемде бар ең заманауи емдеу әдістермен емделген. Ешқандай ем оң нәтиже бермеген. Содан кейін дәрігерлердің бірі түйе сүтін ішуді ұсынған. Балаға қазақстандық пастерленген ұнтақ түйе сүтін берген, екі айдан кейін өмірінде алғаш рет «мама, маған сүт бер» депті», - деді профессор.
Саумал құрамы жағынан ана сүтіне пара-пар
Бақытжан Биімбетов біраз жылдар бойы ұлттық сусындардың қасиеттерін зерттеп, нәтижеге қол жеткізіп жүр.
«Бауыр циррозынан айыққан науқастар бар, таң қалатын жайт. Аз уақыт ішінде барлық көрсеткіштер жақсарып, бауыр жұмсақ болады әрі өт пен бүйректегі тастар ериді. Осы секілді нәтижелер өте көп. Түйе сүті қант диабетіне жақсы көмектесіп, ондағы қантты қалыпқа келтіреді. Көп адам бұл туралы біле бермейді. Түйе сүті – жұқпалы және әртүрлі онкологиялық аурулар, ауыр операциядан кейін және шаршаған кезде ағзаны қалпына келтірудің тамаша құралы», - дейді эндокринолог дәрігер.
Сонымен қатар, профессор жылқы майының пайдасына тоқталып өтті.
«Жылқы майы – диеталық өнім. Ол шошқа мен қой майына қарағанда оңай қорытылады. Жылқы еті – диеталық етке жатады. Асқазан-ішек жолдарының аурулары, бауыр аурулары кезінде мен жылқы өнімдерін тұтынуды ұсынамын, жылқы майын қабылдауға да болады.
Үй жағдайында эксперимент жасап көріңіз, қой мен жылқы майын күннің көзіне қойыңыз: жылқы майы тез ериді, ал қой майы ерімейді. Адам ішіне барғанда да солай.
Бала туған кезде ол тек ана сүтімен қоректенеді. Ана сүтінің құрамында ағзаның өсуіне қажетті барлық ақуыздар, майлар, көмірсулар, сонымен қатар дәрумендер мен минералдар бар. Бие сүті химиялық құрамы жағынан ана сүтіне өте ұқсас.
Қазақтар көкөністер мен жемістер туралы бұрын білмеген, тиісінше оларды тұтынбаған. Олар бие сүтін, қымыз, саумал ішіп, ет жеген, атқа мінген. Сонымен қатар, бие сүті теріні жақсартады, ағартады, баланың өсуіне қажет нәрсенің бәрін береді, өмір сүру ұзақтығын арттырады.
Кезінде Ибн Сина бүйректе тасы бар уәзірді бие сүтімен жазған. Терапияның негізін қалаушы Сергей Боткин бие сүтін өкпе туберкулезін емдеудегі ең жақсы өнім деп атады», - дейді Б. Биімбетов.
Пандемия өршіп тұрған кезде ұлттық сусындардың пайдасы туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Дәленов те айтқан еді.
«Саумал құрамындағы қышқыл мен ақуыз, альбуминдер мен аминқышқылдары антиденелердің пайда болуына ықпал етеді», - деген ол.
Айтуынша, антиденелер вирусқа қарсы әрекет етеді, олардың әсерін әлсіретеді. Тиісінше, аурудың алдын алу үшін саумал, қымыз және шұбат ішу керек.
«Пандемия кезінде адамдардың жаңа сауылған бие сүтін ішу үшін таңғы сағат 3-тен бастап 9-ға дейін ұзынсонар кезекте тұрғанын көрдім. Олар саумал сататын үйлердің жанында, көліктерде түнеді. Кезексіз ешкімді жібермей, бір стақан саумал үшін күресуге дайын болды. Ал, фермерлер қымыз дайындап үлгермей жатты және сүт жеткіліксіз болды. Бұл дегеніміз – халықтың саумал пайдасын білетіндігі. Ұлттық өнімдеріміздің Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамаларына емдік-диеталық, профилактикалық және оңалту өнімі ретінде енгенін қалаймыз. Бұл қай жағынан алып қарасаңыз да пайдалы. Пациенттер тез қалпына келіп, аурулардың асқынуы және агрессивті жанама әсерлері азаяды, ал мемлекет қымбат ауруларды емдеуге ақша үнемдейді. Біздің мақсат – адамдардың ұзақ өмір сүруі, аз ауырғаны және еңбекке қабілетті болуы», - деп толықтырды профессор Б. Биімбетов.
14 сәуір 2023 ж. 349 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031