Бие сүтінің қасиеті
Қамбар ата тұқымының қазіргі қазақ елінің жерінде алғаш рет қолға үйретілгені тарихтан белгілі. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында анық жазылған. Онда Қазақстанның солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі “Ботай” қонысында жүргізілген қазба жұмыстары осы деректі айқын дәлелдеп шығатындығы туралы айтылған.
Ал енді бүгінгі бие сүтінің қасиеті жөніндегі әңгімеге оралсақ. Денсаулық – табиғаттың ең қымбат сыйы. Күнделікті тірлікпен жүріп, оған көп көңіл бөле бермейтініміз рас. Аздап сырқаттансақ, өзіміз білетін дәрі-дәрмектерді ішіп әуреленеміз. Бірде теледидардан жеті жыл бойы төсек тартып, бие сүтінің арқасында дертінен құлан таза айыққан келіншек туралы сюжетті көріп, таң қалдым.
Расында да қазақ халқы «Ағы бардың бағы бар» деп бекер айтпаған. Сүтті соншалық қасиеттеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағам әзірленіп, дастарқан молшылығы жасалған.
Төрт түліктің, оның ішінде бие сүті – саумалдың емдік қасиеті мол екендігіне ешқандай дау жоқ. Әсіресе, бірінші рет құлындаған, яғни, қулық биенің сүті сақа биелерге қарағанда әлдеқайда қуатты болады екен. Оған денсаулығы сыр бергенде саумал ішкен жандармен әңгіме барысында көз жеткіздік.
Күлән Айымбетова,
Әйтеке би кентінің тұрғыны:
«Бірнеше жыл бұрын «аты жаман» аурумен ауырып, Қызылорда қаласында маған ота жасалды. Онан соң бірнеше рет химиотерапия қабылдап, денсаулығым қатты нашарлап кетті. Сол кезеңде дәрігерлер дәрімен бірге жаңа сауылған биенің сүті – саумал ішуге кеңес берді. Он күн қатарынан таңертең аш қарынға жаңа сауылған жылы саумалды ішкен соң денсаулығым жақсарып, тәуір бола бастадым. Нәтижесі жаман емес».
Оның бойында құрғақ заттардың белок, майдың басқа сүтпен салыстырғанда аз мөлшеріне қарамай, өте таңғажайып құдіретті табиғи затының болуы. Сонымен қатар саумал немесе қымыз ішектегі пайдалы жағдайдың түзілуіне, зиянды бактериялардың жойылуына, ас қорытудың жақсаруына ықпал етеді.
Ертеде қазақта құрт ауруы – туберкулезге қарсы бие сүті – саумал мен қымыздан басқа ем болмаған. Саумалдың құрамындағы заттар түрлі ісік пен жұқпалы ауруларға қарсы қолданылады. Сонымен бірге жұқпалы аурулардан қорғануға пайдаланылады. Дәмі, ешбір ағарғанға ұқсамайды, қайнатуға келмейді. Шикілей сақтасаң, қасиеті арта береді тұра-тұра қымызға айналады. Құрамында басқа сүтте кездеспейтін антибиотик бар. Сондықтан ол емдік қасиетінен айырылмайды. Бұл сөздерді дәрігерлер қауымы да растап отыр.
Ләззат Жұбанова,
дәрігер:
«Бие сүті А, С, В1 дәрумендеріне бай. Оның минералдық қасиеттері 12 сағатқа дейін жойылмайды. Қысқасы, бие сүтінде адамның денсаулығына керекті барлық витаминдер бар. Әсіресе ол А және С витаминдеріне бай. Сонымен қатар В тобындағы Д, Е, F витаминдері болады. В тобына жататын барлық витаминдер организмнің қалыпты тіршілік етуі үшін қажет. Сондай-ақ, саумал асқазан жарасын емдеуге, бауыр, иммундық жүйе жұмысының бұзылуына, туберкулез, ішек, тері ауруларын емдеуге қосымша ретінде пайдаланылады».
Бие сүті өзінің құрамы бойынша ана сүтіне жақын тұрады. Осы ерекшелік жағынан және іс-тәжірибе тұрғысында пайдалану үшін зор мәнге ие болды. Өйткені адамдар үшін сиыр сүтіне қарағанда жеңіл қорытылып, тез сіңіріледі. Бұны жас балалардың және ас қорыту жүйесі қызметі нашарлаған жанның тамақтануында қолдану жақсы нәтиже береді. Бие сүтінің шипалы қасиеті – оның көптеген аурулардың алдын алуында, онда денсаулыққа керекті барлық дәрумендер жеткілікті. Бүгінде бие сүтін сатуды кәсіпке айналдырғандар да бар.
Руслан Жұмабай,
кәсіпкер:
«Бала кезімнен мал асырап, оның қадір-қасиетін жақсы білемін десем артық айтқандық емес. Әсіресе, лайланған суды ішпейтін қасиетті жылқы малы мен үшін қастерлі. Сол үшін қораға жылқы байлап, отбасымызбен саумал, қымыз ішеміз. Арасында артылғанын тұрғындарға сатамын. Ондай кезде кезекке тұрған халықтың саны аз болмайды. Қайта-қайта хабарласып, азғантай болса да алып қалуды өтініп жатады. Соған қарап, бүгінгі таңда жұрттың барлығы қымыздың қасиетін ұғынған сияқты».
Р.S.
Жылқыны қазақ халқы ежелден қастерлеген. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Тұран халқының жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай, қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, біз үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны саналады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ