Университетте облыстық көшпелі тәжірибе алаңы өтті
Күлбарам Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің бірлескен «Жаратылыстану пәніндегі киберпедагогика әдіс-тәсілдері» атты облыстық көшпелі тәжірибе алаңы өтті.
Көшпелі тәжірибе алаңының кіріспе сөзін Академиялық мәселелер бойынша Басқарма мүшесі – проректор Дана Абдрашева алды.
- ХХІ ғасырдағы адамды тәрбиелеу мен оқытудың өзекті мәселелерін шешуде, тиімді білім беруде киберонтологиялық тәсілді қолдану өте маңызды. Киберкеңістік адам өмірінің жаңа ортасы және әлеуметтік өзгерістер факторы ретінде сипатталатындығы барлығымызға аян, - деді Дана Мирамқызы.
Тәжірибе алаңында жаратылыстану пәндерін, оның ішінде химия, биология, география пәндерін оқытуда киберпедагогика әдіс–тәсілдерін меңгертуге бағыт-бағдар беру, жан-жақты методикалық көмек беру бағыттары талқыланды.
Химия пәнінде зертханалық жұмыстар, биологияда метатанымдық үдерістер, ал география саласында жалпы геосфералық өзгерістер мен практикалық қолданыстар тақырыптары қазіргі таңда білім беру жүйесінде өте өзекті. Осы тақырыптардың жан-жақты ашылуы мақсатында «Биология, география және химия» кафедрасының оқытушылары, х.ғ.к. Г.Балықбаева «Химиядағы аналитикалық әдістер», п.ғ.м Г.Р. Унгарбаева «Биологиялық білім берудегі метапәндік нәтижелер», г.ғ.к., О.Т.Айдаров «Цифрлық білім беру геосферасы» тақырыптарында шеберлік сыныбын көрсетті. Әріптестік тәжірибе алмасып, мектеп ұстаздарына пәнді оқытудағы методикалық әдіс – тәсілдерімен бөлісті. Қатысушалардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, талқыланды.
Кездесуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Химия, биология, география» кафедрасының зертханалық-техникалық базасымен танысты. Қорытындылай келе, Жаратылыстану институтының директоры, х.ғ.к. Нұрлыбек Ахатаев қатысушы әріптестерге алығысын білдіріп, алдағы уақытта өндірістік байланысты нығайтуға шақырды.