Біліммен озған озаттар

Пәндік сайыстардың әр жылы әртүрлі өзгеріспен өтетінін заман көшіне ілесе білген оқушылар жақсы біледі. Биылғы үздіктер «Oqylyq.kz» платформасында арнайы код арқылы сайтқа кіріп, тапсырма орындады. Шын мықты атануға келгендердің іс-әрекетіне сол платформадағы жеке компьютерден және камерадан бейнебақылау жүргізілді. Бұл аз десеңіз, талапкерлерді сырттан бақылау үшін «Адалдық алаңының» арнайы маманы қатысты. «Youtube-тан» тікелей көрсетілім жүргізілді. «Көз қысты, бармақ басты» орын алмауы үшін қатысушылардың жұмысы сканерленіп, арнайы шифрмен анонимді түрде қазылар алқасына тексеруге берілді де, балалардың аты-жөні көрсетілмей арнайы интернет платформасында тапсырған жұмысы жарияланды. Мұны әділдікке бағытталған қадам деп түсіндік.
Сайыс барысына оралсақ, олимпиаданың аудандық кезеңі керектің бәрімен жасақталған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ғимаратында өтті. Оған жаратылыстану-математикалық бағыттан 321, қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша 321 оқушы 14 пән аясында білімін ортаға салды. Олимпиада қорытындысымен 190 оқушы жүлделі орынға ие болды. Жалпы статистикаға қызықсаңыз, Е.Бозғұлов білімділері бірінші, гимназиялықтар екінші, 266 мектеп-лицей жүйріктер тәрбиелеуден үшінші орынға тұрақтады. Олардың арасындағы ең үздіктері облысың озаттарымен бақ сынасты.

Бұдан бөлек 7-8 сынып оқушыларына арналған жаратылыстану-математика пәндерінің республикалық жасөспірімдер олимпиадасына 5 пән бойынша 297 оқушы қатысып, 40 оқушы жүлделі орын алды. Облысқа кеткен 6 оқушының арасынан № 25 мектептің 8 сынып оқушысы Нұрдина Қуантай математика пәнінен қола қанжығаласа, №249мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы Сания Жалғас физика пәнінен қатысып, Алғыс арқалады.
Қорытынды шарада облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Сакен Серікбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма мүшесі- академиялық мәселелер жөніндегі проректор Дана Абдрашева мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы басшысы Ляззат Бақтыбаева қатысып, үздіктерді марапаттап, мерейі тасыды.
Осы тұста жалпы білім беретін пәндерден Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін Қазалы ауданындағы Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейі үшінші жыл қатарынан «Ең үздік ауыл мектебі» атанғаны аудандағы білім саласы үшін биік белес екені даусыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ