Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр бүккен мекен

Сыр бүккен мекен

Даласында түйесі боздап, жылқысы кісінеген, басқа да мал түліктері жайлаған Кәукей ауылы аумағында бірнеше көне жер атаулары мен ескі қала орындары кездеседі. Ауылдың оңтүстік-шығыс жағынан, шамамен 2 шақырым қашықтықта «Сараман-Қоса» мұнарасы бар. Белгі қам кесектен тұрғызылғандығы байқалады. Биіктігін 18-20 метр шамасында көтерген ескерткіштің сыртқы қабаты қыштан қаланған. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, ресми түрде мемлекет қамқорлығына алынған. Тарихи тізімге енгізіліп, арнайы бөлінген қаржы есебінен бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазір жергілікті халыққа басына зиярат жасап, құрылыс-сәулет өнерімен жан-жақты танысуға мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге Кәукей ауылының батыс жағында 15-20 шақырым қашықтықта орналасқан «Күйікқала» атты жер бар. Ел аузында бұған қатысты түрлі әңгіме айтылып жүр. Нақтылағанда, бұл қаланы ІХ-ХІ ғасырларда оғыз-қыпшақ тайпалары мекендеген-мыс. Күндердің күнінде шаһарды билеген ханның Аман деген баласы жанына досы Қосайға «ел көріп, жер танып қайтайық» деп Арқаны бетке алады. Қос дос ұзақ сапарға аттанады. Олар екі айдай жол жүріп, үлкен бір тойдың үстінен түседі. Жөн сұраса келе, белгілі бір байдың Сара атты қызының ұзатылар тойы екенінен хабардар болады. Қуаныш пен көтеріңкі-көңілкүйге толы думан үстінде Аман мен Сара ерекше тіл табысады. Етене араласып жөн біліскен соң бірге қашып кетуге сөз байласады.
Ақыры ғашықтық дерті жеңеді. Осылайша досы Қосаймен үшеуі кеңесе келе жұрт ұйқыға кеткенде түн ортасында «құс жолын» бағыт етіп, туған елге беттейді. Іздеріне ерген қуғыншылардан күндіз жасырынып қалады. Түн қашып, алты күн дегенде шаршап-шалдығып, әзер Сырға жетеді. Өкінішке орай «Алушыны аңдушы жеңеді» деген бар. Қашқындар осы күнгі «Сараман-Қоса» ескерткіші орналасқан төбеге келгенде, қуғыншылар да ілесе келеді. Ашу-ызаға булыққан олар үш қыршын жастың өмірін осы жерден қияды. Бұл қайғылы оқиғадан соң ел басқарған хан жастардың өлген жерлеріне белгі соқтырған. Аманның жансыз денесін қазіргі мұнара тұрған төбеден тапқан. Қосай сол төбенің тура шығысында шамамен 15 шақырымдай жерде мерт болған деседі. Ал қыздың шейіт болған жері белгісіз.
Төбе құйқаңды шымырлататын қаныпезерлікке толы тарихи жайттың куәсі – «Сараман-Қоса» мұнарасы. «Сараман-Қоса» мұнарасынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырымдай қашықтықта «Қыздың белгісі» деген жер атауы да жолығады. Бұл Сара қыздың жан тапсырған жері болуы да мүмкін деген болжам ел арасында айтылып жүр. «Қоса» деген жер атауы болғанымен, Қосайға тұрғызылған кішкене мұнара құлап, жойылып кеткен.
Сол секілді «Күйікқала» да түп-тұқиянымен жойылған қала орны. Тек ғана алыстан биік жота болып көрінеді. Қаланың шығыс беткейі 7-8 метрдей жар. Қалған жағы 1-1,5 метрдей биіктегенмен, басқа тұсы жермен жексен болған. Шаһар орнында адам сүйектері мен қыш ыдыстардың сынығы қаптап жатыр.
Кәукей ауылынан 5-6 шақырым жерде орын тепкен «Жидеқала» деген де шағын қала орны бар. Оның қамал болуы да мүмкін. Төрт жағында қарауыл мұнарасына ұқсас тұстары көрінеді. Бұнда да адам сүйектері мен қыш ыдыстардың сынығы табылуда. Бұл жерді тек жергілікті тұрғындар ғана осылай атап кеткен екен.
Көнекөздердің айтуынша, «Жидеқала» тіркеуге алынбаған. Сондықтан да ол жайлы жұртшылық естімеген беймәлім күйде қалған. Ендігі кезек бір жолдың бойында орналасқан көне дүниелердің тарихи сырын ашу мамандар мен уақыт еншісінде. Дейтұрғанмен осындай құнды мұраларды ғасырлар бойы бойына бүккен Қазалы ауданы қасиетті де, киелі мекен саналады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
28 наурыз 2023 ж. 623 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031