Ақ көйлек пен ақ жейде кию талап етілмейді
Өткен жылы Оқу-ағарту экс-министрі орта білім беру ұйымдары үшін мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілетіні туралы айтқан болатын. Асхат Аймағамбетов мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, дәстүрлі киімдерден бөлек, ыңғайлырақ киім кардиган мен тенниска киюге мүмкіндік берілгендігін хабарлаған еді.
Қазақстандық оқушылар үшін мектеп формасының нұсқаларын кеңейту жоспарланды. Ал мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайы қозғалды. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін жеткізген. Себебі сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылды. Пиджак, жилет, шалбар, юбка және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте мен кардигандарға ауыстыруға рұқсат етпек. Сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керектігі ақпараттандырылды.
Оқу-ағарту министрлігінің қолданыстағы бұйрыққа енгізген өзгерісі 10 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұйрыққа енгізілген өзгерістер: қыздарға да, ұлдарға да рұқсат етілген мектеп формасының қатарына түймелері, сыдырмалары бар тоқылған күрте мен кардиган, поло жейде немесе футболка қосылады. Ұлдарға арналған мектеп формасында – пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері, сыдырмалары бар тоқылған күрте мен кардиган, поло жейде немесе футболка . Қысқы кезеңге тоқылған жилет, жемпір киюіне болады. Ер балаларға арналған шалбар ұзын және аяқтың тобығын жабуы қажет.
Қыздарға – пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте мен кардиган, поло жейде немесе футболка енгізілді. Ал қыста тоқылған жилет пен сарафан және жемпір қолдануына болады. Қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет.
Сонымен бірге біркелкі киім үлгісіне ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка қойылатын талап алынып тасталды. Енді галстук міндетті болмайды. Мектеп формасында айрықша белгілерді орналастыруға рұқсат етіледі.
Атап айтқанда, эмблема, патч, Шеврон және басқа да орта білім беру ұйымдарының өзіндік белгілері. Мектеп формасына арналған маталар ретінде тозуға төзімділігі жоғары, бактерия мен микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн және мақта маталарын қолданған жөн. Бұл бұрын міндетті шарт болған.
Аталған өзгерістер қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ретінде ұсынылуда. Еске салсақ, ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін ұмытпасын.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА