Қатерлі дертке шалдыққан ана бес баласын ойлап, көз жасын тыя алмады
Бес баланың анасы Әнел Қиарстановаға көмек керек. Оның омырауында қатерлі ісік бар деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасаған NUR.KZ.
Отандық медицина ауруы асқынған науқасқа көмектесе алмайтын болған соң көп балалы ана Алматыдағы пәтерін сатып, Оңтүстік Кореяда 8 рет химиялық терапия жасатып келген. Шетелдік дәрігерлер құлан таза айығып кетуге үміт бар деп отыр. Алайда ол үшін бағасы қымбат ота жасау керек.
Былтыр Әнел бесінші баласын өмірге әкелген соң дәрігерлер оған үшінші дәрежелі қатерлі ісік деген диагноз қойыпты. Көп балалы ананың омырауына жара 2 жыл бұрын шыққан, бірақ ол кезде дұрыс диагноз қойылмай оны тек тері ауруынан емделіп келген.
"Диагнозды өте кеш қойып отыр. Ол біздің дәрігерлердің кінәсі. Себебі әйел соңғы екі баласын босанғанда да дәрігерлердің бақылауында болды ғой. Олардың тері ауруын қатерлі ісіктен айыра алмауы таңғалдырады", - дейді ардегер ұстаз Лилия Соломко.
Жоғары білімі бар келіншек бұрын банкте жұмыс істеген. Кейін өмірін балаларына арнаған. Әнел енді тек шетелдік дәрігерлерден үміт күтеді. Науқасты шетелге жалғыз сіңілісі ертіп барады. Ал ересегі 12-де, кішісі 7 айлық 5 баланы бөтен келіншек бағып қалмақ.
Науқас келіншек "мен міндетті түрде жазылып кетуім керек" деп жылайды, себебі алда-жалда бір нәрсе болып қалса бүлдіршіндерге қорған болатын адам жоқ.
" Қасымдағы сіңілім болмаса басқа табыстап кететін адам жоқ. Өйткені сондай бір қарбалас өмір, әркім өз өмірін өзі көріп жатыр ғой", - дейді Әнел.
Құны 30 мың доллар тұратын отаны Сеулде наурыздың 29-ы күні жасау жоспарланып отыр. Бірақ жалғызбасты ананың ондай қаражаты жоқ. Әзірге бар жиналған ақшасы - бес мың доллар ғана.