Елордада жаңа қызмет түрі пайда болды
Елордада есті адамның құлағына түрпідей тиетін қызметтің жаңа бір түрі пайда болды. «Бір сағаттық бөтелкелес» деген. Иә, кәдімгідей арақ-шарабын құйып, ақшасын төлеп берсең, қасыңда отырып, сені сағаттап тыңдай беруге дайын. Одан бөлек «бір сағаттық дос, әйел, күйеу, тіпті — ата, әже» дегендері де бар екен.
Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасына» хабарлайды.
Сізге көшеде келіп: «Дос сатып алғыңыз келе ме?» деп сұраса, қалай деп жауап қатар едіңіз? Әрине, ақыл-есің сау ма деп, тіпті жауап бермей, өтіп кететін шығарсыз. Бірақ арамызда мұндай қызметке жүгінетіндер де бар екен. Желіде мынадай хабарландыруды көзіміз шалды.
«Жасым 24-те. Ұлтым — қазақ. Бойдақпын. Жалғызсырап жүрсеңіз, хабарласыңыз. Бірақ, әуелі сағатына 5000 төлесеңіз болғаны».
Иә, жеңіл ақшаның соңынан кеткен кей пысықайлар енді қызметтің мұндай түрін ұсынатын болыпты. «Қорықпай бар сырыңызды да айтсаңыз болады» деп сендіреді тағы. «Саябақта қыдырып, дәмханада бірге отырып, қаласыңыз, театр-киноларға да бара аламын, бірақ өзім туралы еш ақпарат айтпаймын» дейді. Бұл не қылған қызмет екенін білмек болып, кейбіреуіне өзіміз де хабарласып көрдік.
«Кез келген тақырыпта сөйлесе аламыз. Біз сізбен әңгімелесеміз, сол үшін ақысын төлейсіз, болды. Бір-бірімізді білмейміз ғой, дұрыс па? Сондықтан қалаған нәрсеңізді айта аласыз», — дейді мұндай қызметі ұсынушылар.
Әрі қарай жөнді ақпарат біле алмадық. Өйткені өздерінің сөздеріне сенсек, хабарласатындар көп, жұмыс кәдімгідей қызып тұр. Ал «бір сағаттық досты» шақыратын елордалықтар мен алматылықтар екен, әсіресе. Жалпы сұраныс неге туындап тұр өзі? Мұндайларға кімдер жүгінеді? Сұрақ көп, жауап бір.
«Жасөспірімдер үлкендерден қорқатындықтан хабарласады. Ал үлкен кісілер өз бетінше іздеуі, ол шыны керек — тек қана өзін басқалары түсінгенін қалап тұрады. Өйткені ол туыстарына хабарласса, көп жағдайда оған ақыл айтатынын біледі. Ал өзге адамдар не істейді? Олар тек қана тыңдап тұрады да, ақшасын алады да кетеді», — дейді психолог Жаңагүл Тұрманова.
Елордалықтардың да ойын біліп көрдік. Араларынан құптағандары да, даттағандары да табылды.
«Ол адамның сенің айтқан сырынды қай жаққа пайдаланатынын білмейсің ғой. Қанша ақшасын төлегенімен. Оның құжатын ешкім тексермейді. Сондықтан ол жақсы нәрсе емес деп ойлаймын».
«Достар – ол сенің жақын адамдарың. Біреуді ақшаға жалдаудың керегі не?».
«Сен бірнәрсені бір сағатқа сатып алып, жібере салатын дүние емес қой. Бір сағат ойнап, тастай салатын ойыншық емес. Сондықтан дос деген сөздің қадірін білу керек».
Әлеуметтанушылар да мұндай қызметтің сұраныста екенін жасырмады. Бірақ әзірге пайдасынан гөрі, зияны көп, дейді.
«Бір сағаттық достың келіп-кетер үлкен қауіп төнуі мүмкін. Өйткені ол танымайтын адам. Мәселен құқық қорғау органдарының дерегінше, ұрлық-қарлық, бұзақылық көп кездеседі. Сонымен қатар адамның негізгі мақсаты –ақша табу. Яғни, ол сіздің мұң-мұқтажыңызды уақытша бөліскенімен де, шын мәнісінде ойлап тұрғаны ақша», — дейді әлеуметтанушы Ерсінбек Арынбекұлы.
Қалай болғанда да, «бір сағаттық дос» деген жай екен. «Бір сағаттық әйел, күйеу, ата, әже, немере» дегендері де бар екен. Ал «бір сағаттық бөтелкелес» дегенге қалай қарайсыз? Жұмыстарын сипаттағандары тіпті қызық олардың. «Арақ-шарапқа мастанып кетпеймін, өзіңізбен бірге ішіп, сөзіңізді бөлмеймін» дейді. Мамандар мұндай қызметтерге сұраныстың артуын жалғыздықпен байланыстырып отыр. Бейресми дерекке сенсек, еліміздің әр сегізінші тұрғыны өзін жалғызбын деп сезінеді екен.
jasqazaq.kz