Дауыс беру – азаматтық құқың
Сайлау күні жақындаған сайын сонау Кеңес Үкіметіндегі өзіміз араласқан сайлау науқаны жиі есіме түседі. Ол кезде қапталдасқан партия, қарсы тұратын оппозиция жоқ. КПСС-тан басқасының заты түгілі аты да жоқ болды-ау деймін. Бірақ сайлаушының құқы қатты қорғалатын. Оны тізімдегі бір сайлаушы дауыс бермесе төтенше жағдай енгізілетініне қарап білуге болатын. Мұндайда учаскелік комисияның басына зобалаң туды дей бер. Сайлаушылардың түнгі сағат он екіні білдіретін Мәскеудің куранты соққанша дауыс беруге құқығы бар. Жәшікті ашпақ түгілі, есікті жапсаң шатыласың.
Сондай бір сайлауда бастан өткізгенімді айтайын. Көрмеген жастарға күлкілі көрінер. Жаңақазалы поселкесіндегі (қазіргі Әйтеке би кенті) теміржолға жақын «Техшкол» мекемесіндегі (қазір салынған құрылыстардың арасынан қай жер екенін тап басып айта алмай отырмын) сайлау учаскесіне аудандық партия комитетінің өкілі болып қатысқаным бар. Білемін, сайлаушылары онша көп емес. Сағат сайын сайлау барысы жайлы есеп беретін штаб – аудандық партия комитеті. Ерте бітіріп, есеп берсең абырой. Жәшік ашылғанша жайбарақат жүресің. Уақытты кешіктірсең, алдыңдағы екі-үш телефон бірінен кейін бірі шырылдап, мазаңды май ішкендей етеді.
Сайлауды алагеуімден бастап кеттік. Сайлаушылардың ықыласы жаман емес. Жасамыс сайлаушыға бір орам шай, ең жас сайлаушыға гүл ұсынып, құттықтап жібердік.
Дауыс беруді төтенше жағдайсыз аяқтап, штабқа ерте есеп беру – өкілдің басты міндеті әрі абыройы. «Мына қарқынмен алғашқылардың бірі болып есеп беретін шығармын» деп дәмеленіп отырсам комиссия төрағасы, ұмытпасам Панов болу керек:
– Өкіл жолдас, бір мәселе болып тұр. Менде екі қиын сайлаушы болатын. Орыс кемпірлер (біреуінің аты, мүмкін фамилиясы Акулина екені есімде) дауыс беру үшін үгітшілерге «әжетханамды жаңадан салып бер», – деп шарт қойыпты. Жаңа жігіттер айтқанын орындап келді. Ол келеді. Ал екіншісі барған үгітшіге: «Түнгі он екіге дейін дауыс беруге құқым бар. Қай кезде баратынымды өзім білемін» деп қуып жіберіпті, – деді
Сағат түскі он екі болды. Дауыс бермеген үш адам ғана қалыпты. Біреуі әлгі кемпір.
Бұны есітіп тұрған ауаткомнің өкілі:
– Учаскелік комиссия төрағасы өзіңіз, осы уақытқа дейін реттеп қоймадыңыз ба? Не талап етсе де орында! Адамдарыңды қайта жібер, – деп тықақтады.
Сағат бір болды, екі болды. Сайлаушылардың саны белгілі. Штабтағылар үш телефонға алма-кезек қоңырау шалады. Қалып тұрған бір-ақ адам. Әлгі кемпір. Үтітші жас келіншек жыларман болып тұр.
– Үйде ата-енем, кішкентайым бар еді. Түнде осында бюллетен күзетіп, түнеп шыққанбыз. Менен басқасының бәрі қайтып кетті. Күйеуім не ойлайды? Мені босатыңыздаршы. Ол кемпірге енді бармаймын, «сотқа беремін» деп қуып шықты үйінен, –деді.
Әлгі келіншекті аяды ма, комиссия мүшесі орыс әйел, ұмытпасам фамилиясы Индиева болу керек. ГАЗ мекемесінде бастық болатын:
–Сонда ол кемпір не талап етіп отыр? – деп сұрады.
Үгітші келіншек:
– Ештеңе айтпайды. Тіпті сөйлеспейді. Құқығыма қол сұқпаңдар. Өзім барғым келген кезде барамын...Енді келсеңдер сотқа баратынын жеткізді, – деді.
Ауаткомның өкілі үлкендеу кісі еді.
– Индиева, сол кемпірдің кесірінен абыройдан айырылып қалайық деп тұрмыз. Өз ұлтың ғой, сені тыңдар. Төменде машина тұр, өзің барып келші, – деп өтініш айтты. Сағат екі жарым болды. Үстелдегі үш телефон алма-кезек шырылдайды. Ешқайсысымыз телефонға жоламаймыз. Сағат үшке он бес минут қалғанда әлгі кемпірді алып Индиева да жетті-ау. Сағат үшке бес минут қалғанда штабқа есеп беріп, біз де «уф» деп дем алдық.
Индиеваны сұрақтың астына алып жатырмыз.
– Мына бөлмеде шай дайын тұр. Бағанадан бері бәрімізге ас батпады ғой. Сол жерде айтамын, – деді.
Дастарқанға отыра бергенімізде темір жәшікке салынған шөлмектегі сыраны алып келді. Аң-таңбыз. Сөйтсек әлгі орыс кемпір «Москва – Фрунзе» пойызынан (рестораннан) сыра алып, үстеме бағамен сатады екен. Бүгінгі пойыз келгенше сырасын сатып болып, тағы сыра алуы керек. Сырасы өтпей жатыр екен... Индиеваға сырасы өтпейінше, дауыс бермейтінін айтады. Содан сырасын да, өзін де машинаға салып алып, ақшасын төлейді ғой. Не керек сол күні сыра ішетініміз де, ішпейтініміз де сыра іштік.
Қазір ондай талап жоқ. Барасың ба, дауыс бересің бе, бермейсің бе, кімге дауыс бересің – өз еркің. Бірақ сайлауға дауыс беру азаматтық, еркіндік құқың Конституциямен бекітілген. Қазақстанның азаматы екеніңнің кепілі. Құқымызды дұрыс пайдаланайық. Қалауымызды білдірейік.
Құдайберген ЕСЕКЕЙ,
ардагер заңгер