«Бизнес Бастау» жобасының жайы қалай?
Биыл «Бизнес Бастау» жобасына жаңа толықтырулар енгізілді. Сәйкесінше, жобаға бөлінетін қаржы 584 мың теңгеден, 1 миллион 225 мың теңгеге артты. Мұны естіген қалың көпшілік мемлекет тарапынан берілетін қаржыдан құр қалмау үшін жаппай оқығанын растайтын сертификатты алуға кірісті. Кәсіп бастауға ниеттісі мен оңтайлы сәтті «құр жібергісі келмейтіндер» де аудандық жұмыспен қамту орталығына өтінім беруге ағылды. Осы ретте бізді толғандыратыны, қайтарымсыз грант алғандардың жайы. Айтқымыз келетіні, ақша иеленген тұрғынның бәрі бірдей шаруасын дөңгелетіп әкете ме?
Ауданық халықты жұмыспен қамту орталығының берген мәліметіне сенсек, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алуға 381 адамға 1 225 200 теңгеден 466801,2 мың қаржы қаралған. Қазірде оның 359-ы ақша алып, кәсіп бастауға кіріскен. Оның ішінде 159-ы жастар, 46-ы мүгедек, 123-і көп балалы жәрдемақы алушы, 1-қандастар, 29-ы мүгедек баланың тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адам және 1-і атаулы әлеуметтік көмек алатын адам. Осы ретте «мақұлданған 359 тұрғыннан бөлек қалған 22 адамның қаражаты неліктен берілмеген?» деген заңды сұрақ туындайды. Түйткілдің түйінін тарқату үшін комиссия төрағасы Ибайдулла Тілепке қоңырау шалдық.
– Менің түсінгенімде бұл әлеуметтік және еңбек министрлігнен беріліп тұрған қаржы. Бұл – ұлттық проект. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы аталған ақша әлі де берілетін болуы керек. Қазір енді 359 адамға беріліп тұрса, ал қалған 22 адамға алдағы уақытта қосымша қаржы қаралуы мүмкін, – дейді.
Комиссия төрағасы әңгіме барысында «аталған 359 адамның барлығы кәсіпкер болып кете ала ма?» деген сауалға:
«Мәселе қаржының ол адамдарға қалай берілуінде жатыр. Мәселен, мал сұрап келген тұрғынның «қорасы бар ма?» соны зерттеп отырмыз. Сондай жағдайлар үнемі бақылауда болды. Сіз айтып отырған әңгіме 584 мың теңгенің тұсында да болған. Бірақ шындығында біз айтып отырған 359 адамның барлығы кәсіп жасап кетеді деуден аулақпын. 100 процент айта алмаймын», – дейді Ибайдулла Тілеп. Осы ретте тағы бір түйткілге тап боламыз. Егер қомақты қаржыны иеленген 359 жан кәсібін бастамайтын болса, неліктен оларға мұншама қаражат беріліп жатыр?
Жоқ. Бәрі бірдей ақшаны бас пайдасына жаратты деп айтуға болмайды. Өйткені олардың арасында расымен бизнесмен атануға ниеттенген тұрғындар қаржыны мақсатты жұмсайды. Бірақ тағы да бір әңгіме – «барлығы емес».
Ел арасында жобаға арнайы құрылған комиссияның әділдігіне күмән келтіретіндер де бар екен. Бірақ комиссия мүшелері мұны жоққа шығарып отыр. Олай дейтініміз, комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық береді екен. Ал қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдаланылатын көрінеді. Аталған қаржының артын қазбалағанымызда сертификат жайы да алдымыздан шықты.
– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы алынатын құжатты 29 жасқа дейінгі жастар мен көп балалы анаға және мүгедектігі бар адамдарға беріліп тұр. Бірақ сертификат шектеусіз беріліп отыр. Осыдан-ақ әуелде сөз еткен мәселе шыға келеді. Неге десеңіз, шектеу болмаған жерде оқып алғандардың саны артып, кәсіп бастауға берілетін қаржыға ұсыныс тастаушылардың қатары көбейеді. Мәселен, 381 адамға қаржы бөлінсе, оны алуға 1000 адам өтініш тастайды. Неге, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тек қана 400-ге жуық адамды оқытып қоя қоймайды? Көрдіңіздер ме, мәселе қайда жатыр. Сосын мұның арты дауға айналады, – дейді комиссия төрағасы.
Бұған дейін де жобаның жеңімпаздары арасында қаражатты мақсатты жұмсап, кәсібін ширатқандар болды. Алайда оның ішінде несие жауып, басқа да шаруасын бір ыңғайлы еткендер кездеседі. Оған қоса кәсіпкерлерге салынған мораторий мәселені одан әрі ұшықтырды десек болады. Қанша дегенмен артық тексеру болмаған соң жағдайды біржақты ету қиын болары анық. Бастысы, 359 тұрғынның кәсібі өрге бассын! Бірақ бұл тақырып төңірегінде тағы да қалам тербететін боламыз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК