Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Катар: Кімнің бағы жанады?

Катар: Кімнің бағы жанады?

Төрткүл дүние көз тіккен футболдан Катардағы әлем чемпионатының жалауы көтерілді. Бұл дегеніміз, футбол десе ішкен асын жерге қойып, көк жәшікке телміретіндердің нақ уақыты басталды. Бір айға жалғасатын дүбірлі доп додасында 32 құрама өнер көрсетіп, өзара мықтыны анықтайды. Сандар сиқырына салсақ, тарихтағы 22-ші чемпионат 2022 жылмен тұспа-тұс келіп тұр. Соған орай сарапшылар да нақты фавориті жоқ, тосын сыйға толы мундиаль боларына сенімді.

Ерекшелікке толы біріншілік
Уақытты кері шегерсек, биыл 22-ші мәрте өткізілгелі отырған аламанның шешімі 2010 жылы Швейцарияның Цюрих қаласында қабылданды. Алғашқыда аталған турнирді ұйымдастыруға Катар, Австралия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония ниет білдірді. Алғашқы екі турда олардың үшеуі қажетті дауыс жинай алмады. Төртінші турда Катар – 14, АҚШ 8 дауыс алып, осылайша шағын мемлекет 2022 жылғы Әлем чемпионатын өткізу құқығын иеленді.
Атауы айтып тұрғандай, Катардағы турнирдің жөні бөлек. Біріншіден, тұңғыш рет төртжылдықты түйіндер дода жазда емес, қыста өтеді. Екіншіден, БАӘ ислам елдері ішінен жауапты міндетті мойнына алған алғашқы ел. Үшіншіден, содан да болар футболистер мен туристерді түрлі шектеу күтіп тұр. Оған қоса, уақыт жағынан Америка мен Еуропа құрлығы құрамаларына қолайсыз.
Сонымен, чемпионаттың топтық кезеңі 20 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтеді. Барлығы 32 құрама үздік атанудан үмітті. Плей-офф кезеңіне әр топтан екі құрама суырылып шығады. Катар мен Эквадор арасындағы матч турнир шымылдығын ашты. Ақырында бұрын болмаған жағдай тіркеліп, турнирді өткізуді мойнына алған елдің құрамасы алғаш рет ашылу ойынында жеңіліс тауып тұр. Чемпионаттың 1/8 финал матчы – 3-6 желтоқсан аралығында, ширек финал – 9-10 желтоқсанға жоспарланған. Бұдан іріктелгенін 13-14 желтоқсан күні жартылай финал күтіп тұр. Ал құрамалар 17 желтоқсанда үшінші орынға таласса, бір күннен соң алты құрлық таңдаулысы белгілі болады.
Көптен күткен футбол мерекесінің тағы бір ерекшелігі – қаржы. Мундиальдің ұйымдастыру комитеті төрағасы Насер Аль-Хатердің айтуынша, турнирді өткізу жұмысына 8 миллиард доллар жұмсалған. Десе де кейбір ақпарат құралдары чемпионатқа 200 миллиард доллар кеткенін жарыса жазды. Бұл Ресейде өткен ӘЧ бюджетінен шамамен 20 есе көп. Бірақ жауаптылар аталған цифрды да растайтынын, алайда бұл қаланың даму стратегиясына сай екенін атап өткен. Неде болса Катар бәсекеден 17 миллиард доллар пайда көруді жоспарлап отыр. Сол үшін қалаға барынша жағдай жасап жатыр.
Катардағы біріншіліктің рсеми бойтұмары – Ла иб атты орамал. Ол дәстүрлі араб бас киімі. Орамал параллель әлемдерге портал аша алады деген сенім бар. Тағы бір айта кетететін қызықты дерек ойындарды әйел төрешілердің қазылық ететінінде. Атап айтсақ, бірінші рет үш әйел бас төреші ретінде шақырылды. Олар жапондық Йошими Ямашита, француз Стефани Фраппарт және руандалық Салима Мукасанга.
Бұл – Катардағы чемпионат 32 команда қатысатын соңғы әлем чемпионаты болмақ. 2026 жылдан бастап қатысушылар санын 48 командаға дейін көбейту туралы шешім қабылданды.

Катарда қатардан қалғандар
Бұл бөлікке «өкініш өзегін өртегендер» деп айдар тақсақ та болар еді. Себебі спорт әлемінде футболдан әлем чемпионатының жөні бөлек. Себебі жанкүйер тағатсыздана тосқан турнирін бір ай бойы тамашалап, барынша жақтасады. Мәселен, Бразилияның футбол федерациясы құрама тізімін жариялаған сәтте футболшылардың реакциясы бейнеленген видео әлеуметтік желіде танымал. Өйткені әр қаласында футбол стадионы бар елде ұлттық құрамаға кіру – абырой. Тек аталған елде ғана емес, кім-кімнің болса да Катарда доп тепкісі келеді-ақ.
Дегенмен біраз футболшы мұндай мүмкіндіктен айырылды. Біріне жарақат, ендігісіне құраманың топтық кезеңге жолдама алмағаны себеп. Мысалы, Норвегияны ғана емес, күллі әлемді аяғына телмірткен Эрлинг Холланд айтулы додадан тыс қалды. Әйтпегенде, сабазың чемпионаттың үздік сұрмергені атағын арқалап қайтар ма еді, кім білсін?! Одан кейін швед Златан Ибрагимович пен Египет үміті Мұхамед Салахтың да турнирге жолы түспеді. Бұдан бөлек Италия құрамасы да БАӘ-ге билет алған жоқ.
Ендігі кезекте жарақатына байланысты құрамасына көмектесе алмайтындарды атасақ. Айталық, Франция құрамасы биыл жартылай қорғанысты қаттырақ уайымдайды. Себебі жартылай қорғаушылар Н’голо Канте мен Поль Погба жарақат алғаннан қатардан шығып қалды. Оған қоса орталық қорғаушы Преснель Кимпембе де бәйгеге қатыспайды. Ал шабуылшы Кристофер Нкункудің ӘЧ-де жәрдемдесе алмайтынын естігенде тек француздар емес, бар әлем «аһ ұрды». Өйткені дәл осы футболшы жасындай жарқырайды деп күткендер көп. Ол аз десеңіз, биылғы жылдың үздік ойыншысы, «Алтын доп» иегері аламанға бармайды. Яғни, франциялық шабуылшы Карим Бензема жарақатына байланысты әлем халқы көз тіккен додада топ жара алмайды. Мұндай оқиға соңғы 44 жылда болмаған. Соңғы рет әлем чемпионаты «Алтын доп» иесінсіз 1978 жылы өткен еді.
Турнирдің фавориттері неміс машинасы, яғни Германия құрамасына келсек, «Борруссия» капитаны Марко Ройс пен шабуылшы Тимо Вернер қалыс қалды. Атап өтерлігі, Ройс осыған дейін жарақат алғаннан ӘЧ-2014, Еуро-2016 мен Еуро-2020 доп додасына қатыспаған. Осы жолы да сәті түспеген екен. Португалдар Диогу Жотаның орнын «жоқтаса», Ниндерланды Жоржиньо Вейналдумдай таланттың өнерін тамашаламайтынына қапалы. Сол сияқты Англия Рис Джеймстен, Аргентина шабуылшы Хоакин Корреа мен жартылай қорғаушы Николас Гонсалестен «айырылып» қалды. Айтпақшы, Сенегал шабуылшысы Садио Маненің бармайтыны да кейінірек белгілі болды.

Мундиаль кімге бұйырады?
Кімнің барып-бармайтынын түгендеп болсақ, басты сұрақ мундиаль кімге бұйырады? Жаңа ғасырда бес құрама әлем чемпионы дейтін абыройлы атаққа ие болды. Олар Бразилия, Италия, Испания, Германия және Франция. Сондықтан бұл тізімге жаңа есім ене ме, әлде экс-чемпиондардың бірі қайта тәж кие ме, белгісіз. Білетініміз, жарысқа қатысатын 32 құраманың 24--і бұрын-соңды ӘЧ шыңын бағындырмаған.
– Өз басым болжамға аса жоқпын. Көбінесе, статистикаға сүйенемін. Футбол спорт болғаннан тосынсый көп. Бірақ дәл қазір тап басып айту қиын. Турнирдің «күрең жылқысы» есебінде Нидерланды құрамасы біразға дейін жетуі мүмкін. Африкада Марокко сенсация жасай ма деп те ойлаймын. Бірақ айқын фаворит жоқ. 2010 жылы бәрі Испанияның чемпион болуын күтті. Топ жарды. 2014-те Германия да сондай болды. 2018-де Францияға ешкімнің шүбәсі болмаған. Бұл жолы айтарлықтай бір бас жоғары дейтін құрама көрмей тұрмын. Дегенмен қатысатын құрамалардың арасында Бразилия, Франция, Аргентинаның мүмкіндігі жоғарылау. Финалда Бразилия мен Португалия құрамасын көргім келеді. Екі құрлықта, алайда бір тілде сөйлейтін бұрынғы қожайын мен отар елдің өзара ойыны өзіме қызық көрініп тұр, – дейді спорт журналисі Бек Төлеу.
Сондай-ақ ол «турнир сиқырына» да пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай антирекорд, үрдісті Франция 2002 жылы өзі бастаған. Сондықтан өздері тоқтату керек. Бек Төлеу үш жолақты елдің құрамасы топтан шықпай қалады дегенге аса қатты сенбейді. Бразилияны ең көп гол соғатын құрама есебінде атап өтті.
Ал «комментатор Мәулен» подкасына сұхбат берген комментатор Ербол Қалиевтің айтуынша, Португалия, Германия, Франция, Англия командасы фаворит. Испанияны да қатарға қосуға болады. Дегенмен басым күшке ие құрама жоқ. Әр команданың өз мәселесі бар.
Әлеуметтік желіні шолып шықсаңыз, көпшілік пікірі де жоғарыдағы оймен тоғысады. Одан бөлек, біразын футбол аңызына айналып үлгерген Месси мен Роналдудың бірі еліне мундиальді құшақтап қайтып-қайтпасы қызық. Жақында ғана португал жұлдызы егер ӘЧ-ні жеңетін болса, мансабын аяқтайтынын айтты. Ал Аргентинаның осы чемпионатқа арманы мен үмітін үкілеп отырғаны белгілі. Осы бәсекенің соңы кішігірім «қоштасу кешіне» айналатынын да айта кету керек. Дани Алвес, Пепе, Тьяго Сильва, Модрич, Нойер, Жиру және тағы басқасы соңғы рет ұлттық құрама жейдесін киіп, додаға қатысады. Тіпті Месси мен Роналдудың да соңғы рет әлем чемпионатында доп тепкеніне куә болуыңыз мүмкін.

Абзал ЖОЛТЕРЕК
22 қараша 2022 ж. 285 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930