16 мамырда Қазақстанның 6 қаласында жайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады
2018 жылдың 16 мамырында Қазақстанның 6 қаласында жайсыз метеорологиялық жағдай, ауаның ластануы болжанып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды мен Оралда метеорологиялық жағдай екінші күн жайсыз болады. Ақтауда, түнде Астанада, Атырау мен Талдықорғанда да метеорологиялық жағдай нашарлап, ауа ластанады. Қостанайда керісінше, метеорологиялық жағдай атмосферада ластаушы заттардың ыдырауына әкеліп соғады. Қазақстанның қалған қалалары бойынша синоптиктер қандай да бір өзгерістер болатынан болжамады. ҚМЖ - атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқамерзімді метеорологиялық факторлардың (тымық, жеңіл жел, тұман, инверсия) үйлесімі. ҚМЖ жағдайында елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі - синоптикалық ахуалға (жел, жауын-шашын, ылғалдылық, ауа температурасы) жасалатын болжам.