Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкендер жолы – ұлылық

Үлкендер жолы – ұлылық

1954 жылы ақпан айында КПСС Орталық Комитетінің Ақпан Пленумында еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру туралы қаулы шықты. Осыған байланысты қазақ даласынан 25 миллион гектар жер игеріліп, мыңдаған совхоз ашылуы керек еді. Осы совхоздарға мыңдаған механизатор мен басқа да мамандарға қажеттілік туындады. Шаруашылықтарға қажетті жұмысшылар даярлау үшін Қазақстанның барлық жерінде ауылшаруашылық саласының мамандарын дайындайтын оқу-орындары ашыла бастады. Сондай оқу орындарының бірі – №34 Қазалы ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі Қазалы қаласында да ашылды, деп хабарлайды qazaly.kz.
Училищеге патша өкіметі кезінде салынған, кезінде жетім балалар үйі, кейін атты әскер полкі орналасқан үлкен ғимарат пайдалануға берілді. Оған облыстан тәжірибелі ауылшаруашылық мамандары: Танабай Есмағамбетов, аға шебер Жақып Әбдіхалықовтармен қатар, оқытушылар: Жиентай Есенов, Николай Артемович Подольских келеді. Осылайша мұнда жұмыс қызу басталып кетті. Кәсіптік білім беретін оқу орнын құру, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқу бөлмелері мен шеберхана – зертханалар, тәжірибелік оқу шаруашылықтары сынды жұмыстары және оқытушы мен өндірістік оқу шеберлерін іріктеу, оқушылар тарту оңайға түскен жоқ. Барлық іс тыңнан бастау алды.
Осындай еңбекпен құрылған білім ордасының алғашқы директоры Қалдыбай Махановтың шебер ұйымдастырушылығымен бұл қиындықтар артта қалды. Бірнеше оқу кабинеттері қажетті құрал-жабдық, оқулық және әдістемелік құралдармен толықтырылып сапалы білім беруге толық жағдай жасалды. Зертханалар мен оқу шеберханалар тиісті техникалармен жабдықталды. Техникалық-теориялық білімдерін практикалық түрде шыңдау үшін құрылған 900 гектар жері бар оқу-тәжірибе шаруашылығында оқушылар ондаған гектар жерге егіс егіп, барлық жұмыстарды өздері атқарды.
Міне осындай тарихи оқу орны – бұл күнде Қазалы аграрлы-техникалық колледжі деп аталады. Қатары жастармен толыққан колледж ұжымы әрдайым ардагерлерін ардақтап, бүгінгі күнге дейінгі тарихын жинақтады. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, мұндағы мұражайды колледж тарихымен толықтыруда үнемі ізденіс үстінде. Жетпіс жылға жуық тарихы бар колледжді осы күнге дейін 12 басшы басқарды. Әр кезеңде жетекшілік еткен тұлғалар өз ісінің шебері, жан-жақты ұйымдастырушы, талапшыл басшы, білімді ұстаз бола білді. Училищені кәсіптік мектепке, кәсіптік мектептен кәсіптік лицейге, кәсіптік лицейден колледждге айналдыруда тынбай адал еңбектерін жасады. Кез келген ұйымды ұйытатын да, алға сүйрейтін де оның басшысы. Ол білімді әрі, білікті болғанда ғана іс алға басады. Осы мақаламның арқауы – ауылшаруашылық саласының мамандарын дайындайтын қара шаңырақты екі мәрте басқарған – Аманқос Әбілханов туралы болмақ.
Аманқос Әзілханұлы 1941 жылы Арал ауданы Шижаға ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қазалы ауылшаруашылық техникумын «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы техник-механик біліктілігі бойынша бітірген. Одан соң Алматы ауылшаруашылық институтын «Ауылшаруашылық жұмыстарын механиаландыру» мамандығы бойынша инженер-механик біліктілігін тәмамдаған. Жолдамамен Қазалы қаласындағы №34 Қазалы ауыл шаруашылығын механизациялау училищесіне жұмысқа қабылданды. Бақандай он жыл қатарынан өндірістік оқу шебері, арнайы пән оқытушысы, бес жылдай директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Осы аралықтарда ізденімпаз әрі жан-жақтылығының арқасында Қызылорда облысының партия мектебінде жоғары саяси білімін жетілдірді. Араға уақыт салып, атқарған еңбектері еленіп, білікті маманды училище директорлығына тағайындады.
Басшылық қызметте болған уақытында іргелі оқу орнында ауыл шаруашылығына өте қажетті мамандықтар – тракторшы, комбайншы, К-700 жүргізуші-механизаторлары, құрылысшылар, мал мамандары, фермерлер, газэлектрдәнекерлеушілер тағы басқа мамандықтарын оқыту бойынша топтар саны артады. Жан-жақтан оқушылар көптеп жиналады. Оқу бітірген жұмысшы мамандар мен механизаторлар жолдамамен Қызылорда облысының барлық аудандарының шаруашылықтарына жіберілді. Осы кездері училищенің аты Бүкілодақтағы 270 селолық кәсіптік оқу орындары арасынан өткен жарыста екінші орынды иеленеді. ВЦСПС-тің ІІ дәрежелі дипломымен марапатталып, аты дүркіреп тұрған уақыт еді. Мұнан кейін де 2 дүркін Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының, 2 дүркін республикалық қолөнер байқауының, 6 рет облыстық көркемөнерпаздар байқауының лауреаты атанды. Өнерлі түлектерден құралған «Қызғалдақ» атты механизатор қыздар бригадасы абыройлы еңбегімен республикаға танымал болды.
Осындай колледжді 5 жыл басқарған Аманқос Әбілханұлы 1983 жылы Қазалы аудандық Қазалы аудандық мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты директоры қызметіне ауыстырылды. Мұнда басшы болу А.Әбілхановқа аса қиындық келтірген жоқ. Өйткені саласы ұқсас училищеде 5 жыл басшылықта болған, өз жұмысына төселген.
Комбинатта өзіндік тарихы бар оқу орны еді. Тарихқа сүйенсек, облыстық атқару комитеті Қызылорда облысы бойынша 8 ауданда оқу-өндірістік комбинаттар ашуды міндеттеді. Оның басты мақсаты – оқушыларға жалпы білім берумен қатар мамандық берудің қажеттігі болатын. Экономикалық даму шарттары жастарға кәсіптік білім беруде жаңа талаптар қойды. Талаптарға сай мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты нарықтық қатынасқа бейімделген, еңбек нарығына төтеп бере алатын, озық технологияны меңгерген, адамгершілік пен имандылық қасиеттерін бойына сіңірген жас жұмысшы мамандарын даярлап шығару бағытында мектептер, аудан мекемелері, оқу-өндірістік комбинат бірігіп жұмыс істейді. Мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты – Қазалы ауданында тұңғыш рет 1961 жылы ашылды. Алғаш ескі Ж.Жабаев мектебінде класс бөлмелерін оқу кабинеттері, лабораторияға бейімдеп тігінші, сылақшы, ағаш-ұсташы, тас қалаушы сияқты 4 мамандық бойынша мекемелердің цехын ашып, қайта жабдықтады. Онда аудан мекемелерінен арнаулы мамандар шақырылып, теориялық сабақтар жүргізуге өзіндік үлестерін қосты. Өндірістік оқу сабақтарында оқушылар сол мекемелердің өзінде оқушыларды мамандыққа баулыды. Тігінші мамандығы бойынша білім алушылар мекеме тапсырысына сәйкес арнаулы жұмысшы киімдерін тікті.
1983 жылдың сәуір айынан бастап тағы 4 мамандық жаңадан ашылды. Тракторист мамандығын даярлайтын кабинетті ПМК-86 мекемесінің бастығы Самұрат Имандосов, шебер Съезбай Қирабаев 1 трактор мен құрылыс материалдарын кабинет жабдықтаған. Аудандық оқу бөлімінен кабинет жабдықтауға материалдар бөлініп, облыстық оқу бөлімінен ГАЗ-52 автомобилі бөлінді.
Жүргізушілер мамандығына ауыл-шаруашылық автотранспорт мекемесінің басшысы Қуантқан Әлімбетов кабинетті жабдықтауға қажетті материалдармен қамтамасыз етті. «С» категориялы жүргізушілер даярланды. Ал аспаз мамандығын даярлайтын кабинетті Қазалы аудандық тұтынушылар қоғамының бастығы Каримолла Тажмағамбетов қажетті ыдыс-аяқтармен жабдықтаған. Ауыл шаруашылығын жабдықтау мекемесінен ауылшаруашылық басқармасы бастығы Ж.Шарипов егін шаруашылығына қажетті комбайн, плуг, сеялка сияқты техниканың түрлерін бөледі. Қызылорда облысының оқу бөлімі МТЗ-80 тракторын тіркемесімен алып берген. Комбинатқа Ғ.Мұратбаев атындағы колхозынан жер беріліп, оқушылардың өндірістік практикасы егіс даласында өткізілген. Олар жер жыртып, бақша егіп, күтім жасаудың нәтижесінде күзде өнімдерін балабақшаларға өткізіп, ауысқанын сатып комбинатқа пайда келтірген. Слесарь-сантехник мамандығы бойынша автоген, дәнекерлеу трансформаторлары алынып, лабораториясы жабдықталған.
Көзі тірісінде Аманқос ағай өзінің комбинатта еңбек еткен кезін еске алып: «Ж.Жабаев атындағы №234 жаңа мектептің қыста жылу жүйесі қайта-қайта жарылды. Оған комбинат жан аямай, күні-түні еңбек етіп жылу жүйесін қалпына келтірді. Оқушылардың білім алуына жағдай жасалынды. Комбинат интернаттың жылу жүйесіне күрделі жөндеу жасап, жылу трассасын жердің үстіне шығарды. Оларды қаптап, батареяларын ауыстырып көп тер төкті. Оқу бөлімінің сол кездегі басшылары, инспекторлары талай қысылған кездерінде комбинаттың көп көмегін көрді. Оқу-өндірістік комбинаттың қызметкерлерінің күшімен техникалар тұратын жаздық, қыстық гараждар мен шеберханалар жасалынды» дейтін. Міне осылай Аманқос Әзілханұлы мектепаралық оқу-өндірістік комбинатын басқарған жылдары комбинаттың оқу-материалдық базасын нығайтуға зор үлесін қосты.
Мұнда да жұмысшы кадрларын даярлауда 6 жыл қызмет атқарып, 1990 жылы өзі 21 жыл қызмет атқарып кеткен №8 орта кәсіптік-техникалық училищесіне екінші рет директор болып тағайындалды. Одан соң 1994 жылға дейін тағы да 5 жыл басқарды. Бұл кез училищеде қызу еңбектің қайнаған жылдары еді. Жаңа ғимаратқа көшкеніне 5 жыл болса да, өз жұмысы өзіне жетерлік үлкен ұжымды басқаруда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оқу орнының жаңа оқу комплексін салуды бастаған іскер азамат ретінде ұжымның, қала халқының, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестерінің есінде қалды.
Аманқос Әзілханұлының ең басты қасиеті – адамгершілігі мен қарапайымдылығы болды. Әр оқытушымен, инженер-педагогпен, өндірістік оқыту шеберлерімен, техникалық қызметкерлермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайтын азамат болды. Өзіндік тарихы бар оқу орнында қаншама ізденімпаз, бойындағы бар білімін балаға сарқып беретін, шәкіртінің келешек бақытын ойлайтын ұстаздар көп болды. Уақытпен санаспайтын, жаңалықтарды байытып шәкірттеріне ұсынатын. Осыны әлі күнге дейін мақтанышпен айтып жүретіндері қаншама десеңізші?!
Кәсіптік мектептегі негізгі мақсат – кәсіптік білім бар жұмысшы кадрларын даярлау, яғни сапалы білім, саналы тәрбие беру. Оқу орнында оқушыларды еңбекке баулуға аса мән берілетін. Оқу орнының 800 гектар оқу шаруашылығы ашылып, онда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылықтарын өсірумен айналысты. Осы мамандықта оқитын оқушылардың оқу-өндірістік және лабораториялық-практикалық сабақтары оқу шаруашылығында өткізілді.
1989-1994 жылдары Қазақ ССР Қызылорда облысындағы халық депутаттары Қазалы қалалық Советінің депутаты болды. Өзім Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищесінде «Ауыл шаруашылығы өндірісінің есепшісі» мамандығы бойынша 3 жыл білім алдым. Сол кездегі директор осы мақаламның кейіпкері Аманқос ағай болатын. Ағайдың кеңдігі мен кішіпейілділігін сол оқушы кезімнен көріп өстім.
Аманқос Әбілханов 1994 жылы Қазалы аудандық топырақ құнарлылығын арттыру өндірістік бірлестігінің төрағасы, кейін Қазалы қаласындағы Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 мектепте директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.
Еңбек демалысына шықса да өзі тұратын Қазалы қаласының өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. 1997 жылы Қазалы қаласы ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары болса, 2009 жылдан Қазалы қаласы ардагерлер Кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметін абыроймен атқарды. Халықты ізіне ерте алатын, халық қолдайтын, құрметтейтін, қала, аудан халқына сыйлы болған жан. Оның бірде-бір шәкірт алдынан кесіп өтпейтін. Өтіп бара жатқанда тұра қалатын, көлік күтіп тұрсаң тоқтап алып кететін. Бұл да шәкірт жүрегінен жол тапқан ұлағатты ұстаз екендігінің айқын көрінісі.
Ұрпақ гүлденсе, ел жаңарады. Өркениетті қоғамның өрістеуі өскелең ұрпақтың жаңаша ойлауын, іскерлігін, шығармашылығы мен кәсіби біліктілігін талап етеді. Ал талап биігінен көріну – ең басты мақсат. Осындай жұмысшы мамандарға білім мен тәрбиені, сонымен қатар өскелең елдің өрелі ұрпақтарын тәрбиелеуде адамдықтың дәнін сеуіп басты мақсатына жеткен Аманқос Әзілханұлы халқының есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Шәрбану БАЕКЕЕВА,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжі
директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары
16 қараша 2022 ж. 255 0

Байқауда бағы жанғандар

11 желтоқсан 2024 ж. 272

Білім туралы құжаттарды тану

11 желтоқсан 2024 ж. 160

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031