Мәдениет саласының үздігі атанды
Өткен аптада Астана қаласындағы Астана опера театрының камералық залында «Арнау» атты Қазақстан Композиторлар Одағының шарасы өтті. Онда Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық өнер мектебінің директоры, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Ы.Алтынсарин белгісінің иегері Сәукен Әлмамбетұлын Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі белгісімен марапаттады. Төсбелгі мен куәлікті Қазақстан Композиторлар Одағының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серікжан Әбдінұров табыстады, деп хабарлайды qazaly.kz.
Салтанатты басқосуда композитор Сәукен Әліштің аспаптық оркестрлік шығармалары Астана, Алматы мемлекеттік филармониялары сахналарында орындалып, жоғары бағаланып жүргендігі айтылды. Сәукен Әлмамбетұлы алдағы уақытта бұдан да үлкен мемлекеттік наградалардың иесі атанатындығына сенім мол.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат