Мектептерде дене шынықтыру сабақтары қысқара ма
АСТАНА. ҚазАқпарат - Спортмен шұғылданатын оқушылардың оқу үлгерімін жетілдіру үшін жағдай жасалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Әлеуметтік желілерде дене шынықтыру пәнінің үшінші сағаты болмайтыны туралы жазылуда. Дене шынықтырудың үшінші сағатынан бас тарту жоспары бізде жоқ және болған емес. Бұл тәртіп заңнамада жазылған», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе аптасына үш сағаттан артық үйірмелерде спортпен шұғылданатындарға қатысты болған. Осы орайда, бұл балаларды дене шынықтыру сабағынан босату талқыланды. «Біз мұндай шешімді ата-аналардың көптеген өтініші бойынша қабылдадық. Енді осы балалар мектептегі педагогикалық кеңестің шешімімен, бірінші кезекте ата-аналардың өтінішімен барлық құжаттарға сәйкес, сабақтан босатылуы мүмкін», - деп нақтылады ведомство басшысы. «Бұл тұрғыда аталған балалар не істейді деген сауал жиі қойылады. Қазір академиялық еркіндікті пайдала отырып, мектептер босаған мұғалімдердің арнайы сабақтарын құруда. Бұл балалар өз еркімен білімін жетілдіріп, оқу бағдарламасын қуып жете алады. Себебі спортшы балалар жарыстарға жиі барғандықтан, мектеп бағдарламасынан қалып қою жағдайы кездеседі. Сондықтан да біз осындай балаларға жеңілдік жасай отырып, дене шынықтырудан босатқымыз келеді. Олар оқу үлгерімі бойынша сыныптастарына жетіп алуы тиіс», - деп түйді Е. Сағадиев.
inform.kz