Жолдың жауапкершілігі кімнің мойнында?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауында жолдарға қатысты айтқан уәжі, атқарушы билікке берген тапсырмасы естеріңізде болар. Президент: «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек, – деген еді. Осыған ұқсас жағдай Қазалы ауданындағы қала мен кент арасында орын алып отыр.
Нақтырақ айтсақ, осыдан үш жылға жуық уақыт бұрын басталған төрт жолақты жолдың құрылысы уақытынан әлдеқайда кешеуілдеп келеді. Бастапқыда 7 шақырым автомобиль жолын 4 жолаққа дейін кеңейту, 2 темірбетон көпірін, 2 су өткізгіш құбырын қайта жаңғырту, жарық шамдар мен аялдамалар орнату жұмыстары жүргізілетіні айтылған. Бүгінгі күні 2020 жылы басталған жобаның біткені шамалы. Жарықшам жоқ, аялдама ісі аялдап, асфальттың төселгенін күтіп тұр. Сонымен қатар әрбір жүру жолағы 3,5 метрді құрауы тиіс көшеде автобус аялдамасына арналған алаң, жол қиылыстарының ізі көрінбейді. Үш жыл ішінде 7 шақырымның жартысы жақсармаған жолдың жыл аяғына дейін аяқталарына жұрт күмәнмен қарайды.
– Қазіргі таңда ауданда көлік көбейгенін көз көріп жүр. Кешкілік оның тең жартысы қала мен кент ортамен қатынайтындай сезіледі. Ауылдық округтердің басым бөлігі қаланың сыртымен жүретін болғасын көлік арылмайды. Ортамен жиі жүретін көлік жүргізушілерінің басы қосылса айтар уәжі – тез бітсе екен деген тілегі. Түнгі уақытта шұңқыр мен жолдың ауыспалы бөлігіне көліктің астын ұрып, шығынға батқан азаматтардың шығыны өз алдына, түнгі жарықтың болмауынан да жолдан шығып қалып, апатқа ұшырап жатқандар да барын білеміз, – дейді кент тұрғыны Нұрболат Әмір.
Қыс басталып, қар түссе арадағы қатынас мүлде қиындап кететінін қала тұрғындары бұрыннан айтып келеді. Кей адамдардың не себепті «сақалды жол» атап жүргенін енді түсінгендейміз. Бірер аптадан кейін қылышын сүйреп, қыс келсе құрылыс жұмыстары тағы жарты жылға тоқтап қалатыны түсінікті. Өйткені күннің салқын мезгілінде төселген асфальттың келер жылы ақ бітпейтін жыры басталады. Ал алдағы жылға дейін қанша оқыс оқиға орын аларын кім білсін?..
Мемлекет басшысы Жетісу өңіріне барған сапарында: «Елде жол-көлік оқиғалары, соның ішінде қаза тапқандар саны артып келеді. Біз бұған нүкте қоюымыз керек. Адам өліміне әкелген әрбір жол-көлік оқиғасы төтенше жағдай ретінде қарастырылуы керек. Адам өмірі баға жетпес, сондықтан адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрады. Жол құрылысындағы жемқорлық пен жөнсіздікті түбегейлі жою үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет», – деді.
Адам өліміне қатысты жайт аудан орталығында да орын алып тұратыны жалған емес. Бұған біреуді кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен тәртіп сақшыларының бақылауды күшейтіп, құзырлы органдардың жолдың сапасына жіті мән беруі, жол белгілері мен жаяу жүргіншілер жолымен толық қамтуы адамдардың амандығына септігін тигізері даусыз. Бұл үшін құрылысты жеңіп алған мердігерге сапаға байланысты темірдей талап қойып, оның уақытылы орындалуын бақылай алса, басқасы ақырын біте берер еді. Ал қала мен кент арасындағы төрт жолақты жолдың игілігін халық қашан көретінін жергілікті атқарушы орган да мердігер де дөп түсіп айта алмайтынына көз жетті.
Айбат САРТАЙ