Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан
Сан ғасырлық тарихы, салт-дәстүрі бар қазақ халқы ұрпағының қиялы жүйрік, тілі бай, саналы, білімді болуын ерекше назарда ұстаған. Ұрпақ тәрбиесіне мән берудің алтын бастауы бастауыш сыныпқа бала әкелген сәттен басталады. Мектеп табалдырығын аттап келген күннен бүлдіршінді оқушыға айналдырудың қас шеберлері – бастауыш мұғалімдері. Баланы баурап алып, мейірімі мен шапағатына бөлеп, өз уақытын аямай, шәкіртіне бар ықыласын беріп, білімнің бастауынан бұлақ аша білетін мақтаулы үлгі тұтар ұстазымыз Баймаханова Гүлсайрам Алшынқызы туралы әңгімелемекпін.
Гүлсайрам Алшынқызы 33 жыл үздіксіз бастауыш сыныпта еңбек еткен майталман ұстаз, білімді маман. Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі.Ол ұлтымыздың саналы бірнеше жүздеген ұрпағының көзін ашқан, сауаттандырған, білім нәрімен сусындатқан беделді мұғалім. Қарапайымнан кереметті көре білетін ойы ұшқыр, қиялы жүйрік, мықты идеялардың авторы. Еңбекке жанын салатын, баланы оқытудағы әдісі мол, тәсілі тиімді істің маманы. Осы бағытта өткізген сабақтары, тәрбие сағаттары, ата-аналармен өткізген түрлі шаралары өз әріптестері мен көпшіліктің көңілінен шығатын. Оның жас мамандарға өзінің кесімді пікірлерімен, өмірлік іс-тәжірибесімен бөлісіп отыратыны көпшілікке мәлім. Қазіргі таңға дейін мектебімізде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен, қоғамдық жұмысымен ұстаздық жолын көрсете отырып мектебімізде бастауыш сыныпта сабақ беріп келеді.
Ел игілігі жолында атқарған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше аудандық, облыстық, республикалық білім байқауларының жүлдегерлері. «Алтын белгі» иелерін дайындаудағы қосқан үлесі үшін Астана қаласына төрт мәрте жолдама иеленген.
Гүлсайрам апайға бала беремін деп келген ата-аналар легі көптеп саналады. Жас ұрпақты білімге, білуге үйретіп жүрген, жауапты істің шебері – Гүлсайрам Алшынқызын мереке қарсаңында құттықтаймын! Мәртебеңіз артып, шәкірттеріңіз білім шыңына шарықтап абыройлары арта берсін. Өскелең ұрпақ тәрбиелеуде шығармашылық табыс тілеймін. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын.
Жанаркүл СӘЛІМОВА,
№266 мектеп-лицей
бастауыш сынып мұғалімі