Жас әртістер топ жарды

Қызылорда қаласындағы Жастар ресурстық орталығын балалар мен жастар театры шығармашылығын қолдау және дамыту мақсатында түрлі додалар ұйымдастырып, бала дамуына ерекше ден қойып келеді. Аталған орталық жуырда ғана «Театрдың ғажайып әлемі» театр өнерінің республикалық фестиваль-байқауының облыстық кезеңін өткізді. Өнері мен шешендігі, әртістік қабілеті қатар ұштасқан шәкірттер жарысына Қашақбай Пірімов ауылының Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектептің 10, 11 сынып оқушыларынан құралған
«Жас өркен» театр ұжымы да қатысқан еді.
Фестиваль-байқау 4 коминация бойынша өтті. Оның алғашқысын Қазалы ауданы атынан барған «Жас өрен» өрен ұжымы қанжығаға байлады. Бірер ай бұрын бөлім басшысы Әділхан Жөлекешов жоғары баға берген «Абай-Тоғжан» қойылымы «Драмалық спектакль» номинациясын жеңіп, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды. Театр жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Қанатбаева елдің әр түкпірінен баратын айтулы сынға дайындықты бастап кеткендерін айтады.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ