Қанжығада – күміс жүлде
Сәуір айының 5-10 аралығында Қызылорда облысында ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдастыруымен 7-8 сынып оқушылары арасында қол добынан «Ұшқыр доп» ұлттық мектеп лигасы өткен болатын. Облыстың намысын Ғ.Мұратбаев округіндегі №91 орта мектептің оқушылары қорғады. Бүгінге дейін талай додаларда топ жарып жүрген ауыл спортшылары сайыста күміс жүлдені қанжығалады.
Кеше аудандық «Nur Otan» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық Жастар ресурстық орталығы директоры Асылхан Дәрібаев пен «Jas Otan» Жастар қанаты Қазалы аудандық бөлімшесінің басшысы Нұрбек Ақпанбетов ауданның ғана емес аймақ абыройын асқақтатқан Ғанидың ізбасарларын қабылдады. Жиында алғаш сөз алған Нұрғиса Жаппарбергенұлы өскіндердің жеңісіне құтты болсын айтып, ризашылығын жеткізді.
Ақтық мәреге дейін сүрінбей барған жерлестер финалдық ойында Түркістан облысынан еселерін жіберді. Алайда республикалық жарысқа барған ауылдың қара домалақтары үшін мұның өзі зор көрсеткіш. Бір топ жастардың ендігі көздегендері алтыннан алқа тағу. Оқушылардың бапкері мектеп мұғалімі Дәулет Бақбергенов. Бүгінге дейін талай осы білім ошағынан озаттарды шығарған ол шәкірттерімен мақтанады.
– 2019 жылы 9-11 сынып аралығындағы ер балалар арасында республикалық додаға жолдама алып, қола жүлдені қоржынға салғанбыз. Енді, міне, күмісті иемдендік. Облыста бірінші орынды еншілеп, республикаға аттандық. Сондай-ақ 5-6 сыныптағы ауыл балалары 13 маусымда болатын республикалық сайысқа тағы да баратын мүмкіндікті жеңді. Бұл біздегі қол добының жақсы дамығанын айғақтайды, – дейді білікті бапкер.
Облыстағы іріктеу кезеңінде өзгелерден оза шапқан Бейбарыс Теңгебай мен республикадан Ержан Әбілқасым ерекше ойынымен көзге түсіп, «Үздік шабуылшы» номинациясын алды.
Қазірде бұл оқушылар ауылдағы мектеп спортзалында дайындық жасайды. Алайда оның ішкі көлемі 9,18 болса, жарыстағы ойын болатын орынның аумағы 20,40 шақырым. Бұл екі жақта екі түрлі дайындықты талап етеді. Биікті бағындыратын саңлақтардың ауылдан шығатынын ескерсек, округ оқушыларына жаңа үлгідегі спорт кешені керек-ақ.
Жиын соңында Нұрғиса Жалғасбаев оқушыларды екінші орынмен құттықтап, Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады. Сол секілді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев олардың алдағы күндеріне жеңіс тілеп, мектеп мұғалімі Дәулет Бақбергеновқа Алғыс хат пен доп сыйға тартты.
А.БАҚЫТҰЛЫ