Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектепке дайындығыңыз қалай?

Мектепке дайындығыңыз қалай?

Балалардың жазғы демалыс маусымы аяқталып, жаңа оқу жылының басталар уақыты да таяп қалды. Оқу жылы жақындағаннан-ақ ата-аналар жылдағы әдетпен балаларын мектепке дайындауға кірісіп кеткен. Базарға бара қалсаңыз, баласын жетектеп, керек-жарағын, оқу формасын алып жүрген ата-ананы жиі жолықтырасыз. Әрқайсысы баласының қатарынан қалмауын ойлап, әлек боп жүр. Дегенмен қымбатшылық белең алып тұрған уақытта баланың қажеттілігін толығымен қанағаттандыру мүмкін бе? Осы орайда біз де оқуға қажетті заттардың бағасын бағамдап, ата-аналардың мектепке дайындығын білмек ниетпен базарға аяңдадық.
Әуелі кенттегі орталық «Мусаев» базарындағы кеңсе заттарын сататын сатушының бірінен оқу құралдарының бағасын сұрауды жөн көрдік.
– Оқу құралдарының бағасында былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда айырмашылық бар. Мысалы дәптер бағасы 30-35 теңге. Көркем сурет сабағына арналған альбомдар кем дегенде 200 теңгеден басталып, 800-900 теңгеге дейін барады. Қаламсаптың арзаны 70 теңгеден 300 теңге аралығын құраса, бояуға арналған түрлі-түсті қарындаштар 500 бен 2000 теңгенің айналасында. Фломастер бағасы 600-2500 теңге шамасында. Сызғыштар 100-400 теңгені құрайды. Ал осы жабдықтарды салатын сөмкенің ең арзаны 7000 теңгеден басталады. Әрине сауда да қатып қалған баға жоқ. Қолымыздан келгенше тұрғындарға тиімді бағада қызмет көрсету басты міндетіміз деп білеміз. Біз де осы арқылы нәпақамызды тауып, отбасымызды қамтамасыз етіп отырған соң қарапайым адамдардың жағдайына түсіністік танытамыз. Дегенмен тұрғындар базар бағасына жиі наразылығын білдіріп жатады. Бірақ бұл бағаны айдан алып қойып жатқанымыз жоқ, келіп жеткен заттар бағасының қымбаттығы қиындық тудыратын кездер де болып тұрады.
Қазіргі нарықтан жоғары бағада сату бізге де тиімсіз, заттар ұзақ уақыт өтпей тұрып қалады. Бұл біздің күнделікті табысымызға да әсер етеді. Қала берді жалға алынған орын мен төлейтін салығымыз тағы бар. Осы кезеңде тұрғындардың саудагерлерге деген көңілі соншалықты түзу бола қоймайтынын айтпаса да белігілі, бірақ біз де қара халықтың бірі екенімізді олар да ұмытпаса екен, – дейді атын жасырып қалуды сұраған сатушы.
Базар аралап жүріп 3 баласын ертіп жүрген келіншекке көзіміз түсті. Жанына жақындап, оған да сұрағымызды жолдадық. Өзін Гүлім деп таныстырған ана 2 қызы мен 1 ұлына мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға келгенін айтты.
– Қыздарым 4-ші және 5 сыныпқа барады. Ал ұлым биыл 1-ші сыныптың табалдырығын аттамақ. Енді осы үшеуіне бүгін керек-жарақтарын алып беруім керек. Базарда киім де, мектепке қажетті құралдардың да бағасы аспандап тұр. Үшеуіне бірдей барлық қажетті заттарын толығымен алып беруге мүмкіндік болмайтын секілді. Әзірге 2 қызыма оқу құралдарын аз-аздан бөліп қана аламын. Ал ұлым биыл мектепке бірінші рет баратын болған соң оған барлығын түгендеп алуым қажет. Қыздарыма 6500 теңгеден екі жейде, 6000 теңгеден екі белдемше. 8000 теңгеден екі аяқ киім, 1500 теңгеден екі бантик алдым. 7500 теңгеден екі сөмке алдым. Барлығы 59000 теңгені құрады. Биыл екі қыз спорттық киім мен аяқ киімді алмай, былтырғысын киеді. Сонда да жоғарыдағы ақша екі қыздың оқу жабдығына жұмсалған қаржыны қоспағандағысы болып тұр. Ал ұлыма келсек, оған 24000 теңгеге костюм шалбар, 5500 теңгеге жейде, 8000 теңгеге туфли, 9000 теңгеге спорттық киім, 7000 теңгеге спорттық аяқ киім, 8000 теңгеге сөмке алып бердім. Барлығы 61500 теңгені құрады. Ал мектепке қажет тауарға 3-еуіне орта есеппен 50-60000 теңгедей ақша жұмсалды. Заттардың бағасы қалтаны көтермейді, бірақ баланың көңілі үшін не істемейсің? Осылардың қамы деп жүрген соң, өзгелерден қалмағанын ойлайсың. Сондықтан қарызданып, қауғаланып болса да осыларды қуантқымыз келеді. Тек осыны түсініп, балаларымыз жақсы оқыса екен деп тілейміз, – дейді балаларын жетектеген ана.
Содан соң базардағы киім бағасын білмек ниетпен «Орын-ай» жабық сауда орнына бас сұқтық. Ондағы оқушы формасын сататын сатушылар биыл мектеп формасының жылдағыдан қымбат болып тұрғанын айтты.
– Қазір базарға келуші ата-аналардың қарасы қалың. Тамыз айы басталғаннан-ақ мұнда келіп, оқу-формасын алып жатқандар баршылық. Көбі келген тауарларды қымбатсынады. Дегенмен тұрғындар үшін қазір оқу-формасын, құрал-жабдықтарды несиеге бөліп төлеу жағын да қарастырудамыз. Әйтпесе барлығының қолма-қол ақшамен сауда жасауға мүмкіндігі жоқ, – дейді сатушы.
Иә, бұл да қымбатшылық алқымнан алып тұрған уақытта тығырықтан шығудың амалы болар. Бірақ ата-ана бала-шағаның қажеттілігін өтеймін деп жүріп, қаражаттан қағылып, қарызынан құтыла алмай қалмаса игі.
Арайлым ЖҮСІПОВА

13 тамыз 2022 ж. 614 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930