Балаңыз мектепке әзір ме?
Әне-міне дегенше мектеп оқушыларының үш айлық демалысы аяқталуға жақын. Кейбір ата-аналар балаларын демалыс лагерлері мен басқа қалаларға жіберсе, енді бірі каникул күндері де уақытын текке жібермесін деп ақылы курстарға жаздырған. Бірақ ендігі мәселе бұл емес. Алдағы бір аптадан соң еліміздегі мектептерде алғашқы қоңырау үні сыңғырлайды. Жаңа оқу жылын бастайтын шәкіртерге мектеп формасы мен оқу құралдары қажет. Ал Қазалы базарында мектепке даярлық заттарының құны қандай? Қарапайым отбасы үшін бұл қаншалықты тиімді баға? Сол туралы арнайы зерттеу жүргізген болатынбыз.
Әр жылы қыркүйек таяғанда базар сөрелерінде мектеп формасының түр-түрі самсап тұрады. Бұл сауда түрі бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрық күшін жойғаннан кейін тіптен кең етек жайды. Тиісті министрлік те жалпы қара мен ақ түстен тұратын стандартты бекітіп берді. Ал қазір көпшілік ата-ана балаларына қажетті жабдықтарды алып болды десек те, жағдайына қарай кештеу қалғандарды базардан көптеп кездестіресіз. Сауданың да қызу табы басыла қоймаған.
Жалпы базардағы бағаға келсек былай: қыз балалар үшін бантик – 1000, кофта – 2000, белдемше – 2500 теңге. Классикалық аяқ киімдері орташа есеппен – 4000 теңге тұрады. Спортқа арналған киім 6000 теңге тұрса, спорттық крассовканы 3000-5000 теңгеге ала аласыз. Кітап, дәптер салатын сөмкелерде жас ерекшелігіне қарай 3000-5000 теңгеге сатылуда.
Қыздардың алатыны көп, дегенмен ер балалар үшін де мектеп киімдерін алу қалтаға біраз салмақ салатыны рас. Мәселен, балалардың костюм-шалбары 10 000 теңгеден арзан болмайды. Орташа бағадағы форма қалтаңыздан 15 мыңды сұрамай-ақ суырады. Спорттық киіміне 4000 теңгені бөлек есептейсіз. Сөмкесіне 4000 жұмсасаңыз, классикалық аяқ киіміне 4000, красовка үшін және бір 3500 теңгені сатушыға беруге мәжбүрсіз. Бұлардан бөлек галстук, белбеу, шұлық сияқты заттарына тағы 5000 теңгеңіз кетеді екен.
Мектепке барғалы отырған баланы үлде мен бүлдеге орап, қолын қалтасына салып, оқу ордасына жібере саламын десеңіз қателесесіз. Олардың оқуға қажетті құралдары ше? Біз базардағы қаламсап-дәптердің бағаларын есептеп көрген едік. Жалпы дәптер, ермексаз, фломастер, сурет салуға арналған альбом және басқа да заттарды алу үшін орташа есеппен тағы бір қызыл ақшаңыз кетеді. Өзіңіз де есептеп көрерсіз, біздің жобамызбен қыз баланың мектепке дайындығы үшін қалтаңызда 30 000 теңгеден артық қаражат болуы тиіс. Оларға қажетті майда-шүйде бұйымдарды біз сұрастырмадық. Ал ұлдар үшін 35-40 мың теңгеңіз болса толықтай жетіп жатыр.
Осы тұста базардағы аяқ-киім сататын жігіт ағасының “Доллардың көтерілуіне байланысты қазір тауарлардың бағасы да аспандап кетті. Көп балалы, жалғызбасты аналар осы кезде айрықша қиналады. Соларға ел ағалары тегін киімдер берсе, тым болмаса мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастырса бізде барар едік. Менің өзім де жағдайын айтқан аналарға аяқ киімді тиімді бағасына, тіпті одан да арзандатып беремін. Адамгершілікті ұмытпасақ қой”, – деген құнды пікірі көңілімізден шықты. Бұл басқа кәсіпкерлерге сабақ болса, қанекей?!
Базардағы бағаның күйі осындай. Ата-аналар болса қайткенде де балаларын жаңа оқу жылына тастүйін дайындықпен апарудың қамымен әуре.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ