Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала заңындағы әдет-ғұрып

Дала заңындағы әдет-ғұрып


Текті бабаларымыз ежелден ұрпақтан ұрпаққа өсиеттеп қалдырған дала заңы мен ұлттық әдет-ғұрыпты ерекше қастерлеген. Солардың біршамасы заман ағымына сай қолданылмай кетті. Мәселен, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүрген халық арасында аяғы ауыр келіншекті босандыратын адуынды әйелдер болатын. Сондайда жүкті әйелді босандыруда арқанға асылу тәсілі қолданылған. Қазақтың акушерлік дәстүрі туралы жазған И.С.Колбасенко қазақ әйелдері көбінесе түрегеп тұрып толғату үрдісімен байланысты қалыптасқан тәсіл болуы ықтималдығын келтірген. Сол кездегі дүниетаным бойынша әйел толғатып жатқанда оны жеңілдету мақсатында жарысқазан мен «бел қысу» ырымы жасалатын.

Көнекөз қариялардың айтуынша, айы-күні толып, босанар уақыты жақындаған әйелге көмекке абысын-ажындары мен әйел босандырудың жөн-жосығын білетіндер келеді. Толғақ жиілеген кезде бақанды үйге енгізіп, мықтап орнатып, керегеден жалпақ бау байлайды. Жүкті әйелді екі жағынан демеп, керілген ала арқанға асылдырады. Бұл рәсімнің түптамыры дарақ ағаштың ерек қасиеті мен ала жіптің киелілігіне байланысты туындаған. Жайшылықта шаңыраққа тағылған арқанды құшақтауға «арқанға асылатын көзің қарауытып тұр ма?» деп тыйым салынған. Халық түсінігі бойынша, толғақтың жеңіл немесе ащы болуы ананың күтіміне ғана емес, баланың болашақта қандай азамат болуын да меңзейді деп қабылдаған.
Қарап отырсаңыз бұрынғылар тұрмыстық шаруашылықта қолданатын арқанға айрықша мән берген. Соның бірі – арқан керу дәстүрлі неке-құдандалық үрдісте орындалатын ғұрып саналған. Күйеу мен оның жағынан барған құдалар тарапынан үлестірелтін кәде беру рәсімінің атауы. Кейбір өңірде, әсіресе Жетісуда күйеу жеке келгенде және құдалар алғаш құдалыққа барғанда да оларды алдынан күтіп алушы қыз жағы «арқан керіп» күйеу жағынан кәде алады. Бұл жоралғы кей өңірде арқан тартыс деп аталады. Бұл жаңа құдалар мен жас келіннің жолы ашық, әpi пәле-жәледен, түрлі кедергілерден аман болсын деген ақ ниеттен туындаған. Оның екінші бір түрі – келген құдалардың алдынан желі керіледі немесе бақан тасталады. Мұндағы желі де (мал байлайтын желі), бақан да өсіп-өну, өркендеу ниетін бейнелейді. Сонымен бірге күйеу қалыңдықты алып бара жатып, қыз ауылына жақын көрші ауылдың тұсынан өткенде алдынан көлденеңнен арқан тартып әйелдер мен балалар кәде алатын болған.
Арқан тарту – арқан жасауға арналған тіндерді ширатып, арқан дайындау тәсілі. Шүйкелерді септеп және селбестіре отырып, дайындалған тіндердің екеу-үшеуін босағаға жақын тұстағы кереге көзінен өткізеді. Олардың әрқайсысын он-он бес қадамдай жерге созып апарып, ұштарын шөмішке немесе алдын ала дайындалған ағаш кесіндіге орайды. Үш адам осылай бекітілген үш тінді қолдарына ұстайды. Үш тіннің астыңғысы айқастырылып ұсталады. Барлығы бір бағытқа қарай тартыңқырап тұрып бұрайды, тіндері барынша ширыққанша бұралады. Әбден ширығуы аяқталған соң, қарулы бір адам үйге еніп, тіндердің айқасқан тұйық түбіне бір-екі тілдей жіп өткізуі қажет. Сосын өзіне қарай тартып, ширыққан бағытына қарай бұрайды. Арқан тартылған сайын ширығын босатпай, әрі тінін тоқтатпай бұрала береді. Тіннің ширыққан ширықпағанын қолмен ұстап байқауға болады. Қол батпай тұрса, тіннің ширыққаны. Оны арқанның ширығы жетті, арқанның пысығаны, тілі (тіні) ширады деп атайды. Тінді ұстаған кезде ширық бос болса, оның әлі жеткілікті ширамағандығының белгісі. Арқан сапалы шығу үшін әрбір тін бірдей ширауы керек. Арқан тіндері тым ширығып бара жатса, сол тінді ұстаған адам бұрауын аздап тоқтата тұрады. Оның біркелкі ширауына көңіл бөлінеді. Үйдің ішінде тұрып арқанның түбін бұрап тартатын адамның қолындағы тіндерді босатып алса, арқан бойында бунақ, түйіртпек пайда болады.
Тіннің босауынан түйін, буын пайда болуын тіні жүгініп кетті дейді. Үй ішінде жұмырланып тартылған арқанның ұшын керегенің көзінен сыртқа шығарып, оны бір бала ширатылу бағытына қарай тартып тұрады. Ол баланың қызметін құйрық жеу деп атайды. Арқан тіндері керегеге тақалғанда, шөміштер шешіп алынып, тартылған арқан ұштары түйіп байланады, мата қиындыларымен бекітіп шуда жіппен мықтап тігіледі. Дайын болған арқанды екі қазыққа керіп, орап тастайды. Біраз уақыт өткен соң оны пайдалана беруге болады.
Арқанның жуан-жіңішкелігі, мықтылығы тінінің санына, жасалған материалына байланысты болады. Сондықтан арқан үнемі үш тіннен емес, мықтырақ әрі жуан болу үшін төрт тіннен де есіледі. Арқан тіндері тартып тұрып бұрау және есу арқылы жасалатындықтан, оны кейбір өңірлерде арқан тарту, арқан бұрау, ал, арқан есушіні арқаншы деп атайды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
06 тамыз 2022 ж. 778 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031