Ата салтты ұстанған ел азбайды
Бүгінде айдар тағу, қонақ кәде, бастаңғы және осы сынды басқа да салт-дәстүрлердің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрсе, енді бірі ұмытылып барады. Әсіресе жастар біле бермейтін жоралғы жетіп артылады. Ықылым заманнан бабалардан ұрпақтан-ұрпаққа мұралыққа қалған ұлттық үрдістер игі мақсаттарда қолданылған.
Осындай қазіргі күні атап өтуі сиреп бара жатқандар қатарына ерулік те еніп бара жатыр. Бұл салт бойынша жаңа көшіп келген көршілерге арналып ас беріледі. Осылайша оларды жергілікті тұрғындар жаңа ортаға тез бейімделу үшін өздеріне қонаққа шақырады. Ерулік көршілерді жақындастыру үшін керек. Бұрынғылар мұндай басқосуға әзірленетін тағамды жылқы етінен, қазы-қарта, жал-жая немесе қой етінен дайындайтын болған.
Ертеректе қайын жұртын атымен атамай, жанама есім қойып «Ат тергеу» салтын ерекше ұстанған. Бұл қазақ халқының отбасы институтындағы тәрбие тінінің жоғарылығын байқатса керек. Ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан дәстүр бойынша әйелдер күйеуінің ағаларына, әпкелеріне жаңа атау ойлап табуы қажет. Келін жаңа туысқандарын «мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым» деп атайды.
Ал келіннің аяғы ауыр екенін білген ене жақын туыстарын, көршілерін шақырып, «құрсақ той, құрсақ шашу» дәстүріне арналған мол дастарқан жаяды. Бұл мерекенің мақсаты – тойлау және келінге көңіл бөлу. Қуанышты басқосуда үлкендер келінге бата беріп, абысындар өз кеңестерімен бөліседі.
Әйелді толғағы қысқан уақытта оның жақын туыстары, әсіресе әйелдер қонақтарға арнап ет пісіріп қоюкерек. Қазақтың салты бойынша бұл жарыс қазан деп аталады. Егер әйел қазан қайнағанға дейін баланы дүниеге әкелсе, оны жақсыға ырымдайды.
Дала халқының тағы бір айрықша үрдістерінің бірі – сүйек жаңғырту деп аталады. Тарқатып айтқанда, егер құдалар қайтадан құда болса, құдалық ары қарай жалғасады және бұл сүйек жаңғырту болып саналады. Бұл дәстүр қыз бен жігіттің келісімімен орындалады.
Кейбір мерекелердің алдында қыздар оларға ұнайтын жігіттерге «Ұйқыашар тағамын» береді. Ал жігіттер жауап ретінде әшекей немесе жағымды нәрсе сыйлайды. Міне, оны «Селт еткізер» деп атайды.
Түрлі жиын мен мол мәзірлі отырыстарды жаны қалайтын келіншектер күйеулерінің рұқсатынсыз көңіл көтеруге бара алмайтындықтан өзара «Абысын асы» үрдісін ұстанған. Ер адамдар тойға аттанғанда, айтта ауылда тек әйелдер қалатын болған. Ондайда олар өздеріне мереке жасайтын дәмді ет пісіріп, самаурын қойып, ән айтып, өзара басқосады. Бұл қазақ әйелдерінің бірлігі мен достығының көрінісі. «Абысын асы» әйелдерді біріктіреді және жақындастырады деп пайымдалған.
Асату жоралғысымен әдетте ақсақалдар өз қолдарымен табақтан бешбармақтан сарқыт алып, балаларға береді. Бұрын балалар қонақтардың тамақтанып болғанын күтетін. Жазушы Сәбит Мұқанов осы дәстүрді өз шығармаларында кеңінен насихаттайды.
Босаға майлау жоралғысына орай жас жұбайлар үйленген кезде немесе біреу жаңа үйге көшкен кезде, туыстары табалдырыққа май жағады. Ырымға сай үйде береке болсын деген ниетпен істелінеді. Игі дәстүрді орындағандарға үй иелері сыйлық береді.
Ұлттың дарқан көңіліне орай ұнаған жақсы жылқы немесе қандай да бір затты «Қалау айту» арқылы алуға болатын ғұрып та бар. Яки үйге келгенде, өз қалауы туралы айту керек. Дегенмен қалау айтушы алдымен үй иесіне немесе оның балаларына жақсы сыйлық жасауы тиіс.
Қазақтар әтіберлі әрі сыйлы қонағы отырған және түнеген жерге өз балаларын отырғызған. Сенім бойынша ұрпағына бұл адамның дарындылық генінің бөлігі өтеді. Сонымен қатар «туған жерге аунату» дәстүрі де бар. Бұл – туған жерінен ұзақ уақыт бойы алыс тұрған адам отанына оралғаннан кейін жерге жататын дәстүр.
Айрылысу көже – бұл көшу алдында дастарқан жаю ғұрпы саналады. Осылайша адамдар туғандары мен көршілерімен қоштасады. Өйткені үнсіз көшіп кету тәрбиесіздіктің көрінісі.
Бәсіре – сәбидің дүниеге келуі малдың төлдеуімен сәйкес келгенде, балаға жаңа туған құлын, қозы немесе лақ сыйлаған. Аталған төл кішкентайдың бірінші заңды меншігі болып саналатын. «Бәсіре» ешқандай жағдайда сатылмаған.
«Бел көтерер» – қарт адамдарға дәм беру. Олар ерекше қарауды талап етеді. Осыған сай қарияға тәттілер, қазы, сары май, жент, қымыз, ірімшік, бал және тағы басқа да тіске басарды жақын көршілері мен балалары апарады.
«Өңір салу» қазақ халқының тойдан кейінгі салт-дәстүрлеріне жатады. Дәстүрді үлкен жастағы әйелдер орындайды. Олар келінге «шашу» шашып, оған өз сыйлықтарын табыс етеді. Әдетте «Өңір» бұл – киім және тұрмыстық заттар.
Қазақ дәстүрлеріне сәйкес, отбасында бірінші немересі ата-әжесінің тәрбиесіне беріледі. Бала туғаннан бастап әже мен атасының қолында тұрады. Олар оны өз баласы ретінде өсіреді. Бала тіпті қарттарды анасы мен әкесі деп санаған.
Тағы бір жақсы дәстүрге байланысты қазақтар өз баласын туған-туыстарына тәрбиелеуге берген. Әдетте балалары көп болған отбасылар балалары жоқ туыстарына өзінің кіші баласын береді. Ол бөтен отбасында өз баласы ретінде тәрбиеленеді.
Әмеңгерлік салты – жесір қалған әйел қайтыс болған күйеуінің ағалары немесе інілерінің біріне тұрмысқа шығу дәстүрі. Әсілінде әйелді және балаларын асыраушысыз қалдырмау мақсатында жасалатын дүние болса керек.
Бабалардан қалған мұра – салт-дәстүрлер ұлттың мінез-құлқын, қасиеттерін көрсетеді. Кейбірі халықтың тұрмысына, тәрбиесі мен мінезіне, сеніміне, ырымына қарай қалыптасып келеді.
«Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген бар. Бүгінгі той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын салт-дәстүрлер ұмыт болмаудың кепілі.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарастарына байланысты өзгеріп, жаңарып отырады. Қазіргі уақыттың өмір ағымына байланысты кейбіреулері түрленіп қана қоймай жаңадан еніп те жатыр. Сондықтан ескіні еске алып, кіші буынға түсіндіріп, заманауи талапқа сай жаңғырту бізбен сіздің парызымыз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА