Соғыс тауқыметі ешқашан ұмытылмайды
Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды халық ардагері деп ерекше бағалаймыз. Сонау 1941 жылы елге соғыс жарияланғанда еңкейген қариядан бастап, әйелдермен қатар жас балалар да майдан үшін тылда тер төкті. Жұртта қалған ағайын шайқасқа аттанған бауыры, баласы мен әкесінен айрылып қара жамылды. Осыдан келіп қан майданның жүректерде жарасы мен қайғысы, ауыр наласы қалды. Мұндай тауқыметті басынан өткізген қазалылықтар аз емес. Сол кездегі 11-ауылдық кеңесінде, қазіргі Аранды ауылындағы туған Жақсылық Қапашұлы соғыс басталғанда небары 12 жаста еді. Соғыс кезінде халық бар тапқан-таянғанын майданға жіберіп отырғаны белгілі. Бәрінің тілеуі бір – жеңіске жету. Сондайда бала Жақсылық та тылдағы жұмысқа байланды. Егістікке шығып, масақ терді. Ол кезде еңбекақы деген жоқ. Күн көрудің өзі қиын. Соған қарамастан майдангерлерге аз да болса көмек көрсету бәрінің парызы саналды. Бәрі де Жеңісті жақындатуға жұмылды.
Жақсылық Қапашов саналы өмірін теміржолдан бастау алады. Ол алты жылдық оқуды бітіргеннен кейін, сұрапыл соғыс жылдарында тылда жан аямай еңбек етті. Ел батырлары Берлинді алып, фашисттерді талқандағаннан кейін Жақсылық Қапашұлы Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы мекемесіне электромонтер болып орналасты.
1952 жылы Орынбор қаласындағы Чкалов атындағы техникалық мектебін аяқтап, СОБ электромеханигі мамандығын алған. Араға екі жыл салып, біліктілігіне байланысты аға электромеханигі дәрежесіне тағайындалды.
1946-1983 жылдары аралығында ерекше іскерлік қабілеттерінің арқасында болат жолдағы аса күрделі жұмыстарды атқарып мекемені талай толымды биік тұғырға көтеріп, алдыңғы орындарға шығарды. Тәжірбиелі теміржолшы өмірінің мағынасын, тіршіліктің қызығын еңбектен тапты. Теміржолға сіңірген адал еңбегі уақытында бағалана білді.
1961-1969 жылдары Соцалистік жарыстың «Құрмет грамоталарымен» бірнеше рет марапатталған.
1973-1975 жылдары ерен еңбегі үшін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төс белгісін жарқыратып кеудесіне тақты.
1974 жылы ерен еңбегі үшін КСРО жоғарғы кеңесі Президиумының жарлығымен «Еңбек Даңқы» медалін ұсынды.
1982 жылы СССР білімінің 60-жылдық Құрметіне ұйымдастырылған облыстық социалистік жарыста қоғамдық жұмыстарға ерекше қатысқаны үшін «Құрмет грамотасын» табыстады.
Абыройлы тыл ардагері 37 жыл саналы ғұмырын темір жол саласының өркендеуіне сарп еткен құрметті теміржолшы болған. Оның қамқоршы, әрі ақылшысы бола білген өмірлік жары Құндыз Жақсылыққызымын бірге алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
Теміржолдың ерекшелігі атадан балаға мұра болып қалатын қасиетінде жатыр. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қызметті бүгінде ұл-қыздары мен немерелері жалғастырып келеді.
«Уақыт бәрін ұмыттырады» дейді. Бірақ соғыс тауқыметі ешқашан ұмытылмайды. Тылдағы ерлікке пара-пар әрекет пен қиындық санадан өшірілмесі анық. Бүгінгі қария, кешегі ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ерлерді ардақтау ұрпақ парызы.Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА