Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тылда тер төккендер

Тылда тер төккендер

Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. Тарихтағы дерек бойынша 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты.
1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды. Бұдан түйетініміз майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.

Күлмараш ӨТЕПБЕРГЕН,
тыл ардагері:
– Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауылшаруашылық техникасын жіберіп отырды. Ұлы шайқас басталғанда небары сегіз жаста едім. Анам мен бауырларыма қолғабыс болу мақсатында егістікке шығып, ересектермен қатар белім бүгіліп масақ тердім. Бұғанам қатаймағанына қарамастан өзіммен қатарлас, тіптен кішілер де, жаппай еңбекке жас­тайымыздан ерте араластық. Енді қайтеміз, біздің тағдыр осындай болды. Бала болып бір асыр салып ойнамаппыз да, ол кезде әрқайсымыздың көзімізде үрей болды. Себебі ертеңгі күніміз қандай болар екен деген ой санадан кетпейтін. Тамақты тойып жеген күніміз болмады. Қара суға асқан быламықты талғажау ететінбіз. Сондағы астан үлкен отбасында болғандықтан 3-4 қасықтан ғана кейде 2 қасықтан дәм тататынбыз. Осылайша жартылай аш құрсақ өзімізді қинап ұйқыға кететінбіз. Ертесіне таң қылаң бере оянып қайта егістік басына барамыз. Осында кеш қарайғанша майдан үшін еңкейіп тер төгеміз. Аналарымыз қара жерді кетпендеп арық қазды. Олардың жанында жүріп әлімізге қарай көмектестік. Тезек теріп, шай қайнататынбыз. Ол уақытта майдандағы қандастарымыз аман-есен жеңіспен оралсын деген ниетпен “Барлығы Отан үшін!” деп ұрандатып, ерекше құлшыныспен жұмыс істедік. Сол еңбегіңе тұрмайтын азғантай күріш, кейбір кезде бидай мен тары беретін. Соны келіде түйіп, диірменнен өткізіп ұн қыламыз. Өнген ұнды суға қайнатып былғап ішетінбіз. Ал ұрлап-жырлап дән алатын болса, ол қылмыскер саналып мезетінде атылатын. Әрине біздің бригадир өте мейірімді жан болды. Ол ұрлықты көріп-біліп тұрса да, кінәліні әшкерелемейтін. Олардың сәлде болса, бала-шағаға азық алуына кедергі жасамады. Қазір ойлаймын, не деген имандылық?! Содан да болар көп адам аштықтан аман қалды. Қарап отырсаң бүгінде бұл қиын кезеңдер мидың бір қатпарында естен кетпес естелік болып қалды.
Дегенмен адам аласы ішінде ғой. Менің әкем Өтепберген би-болыс болған. Өзінің жақыны сыртынан арыз айтып, әкемді қуғын-сүргінге ұшыратты. Ақырында айдауда жүріп Ақтөбеде атылған. Ол кезде мен үш жаста екенмін. Әкем шекара асып кете алмады.

Марзия САКИРОВА,
тыл ардагері:
– Біздің ағаларымыз бен әкелеріміз неміс басқыншыларымен қиян-кескі ұрыста болғанда елде қалған барлық әйел, қарт, тіпті балаларға дейін тылда майдандағы сарбаздар үшін еңбек етті. Есімде ол кезде 2 сыныпта оқимын. Азанда сабаққа барған соң, түстен кейін барлығымызды егістікке тиеп апаратын. Онда комбайнның орағынан қалған масақтарды теретінбіз. Қолымызға қапшық ұстатып қояды, соның ішін масаққа толтыратынбыз. Бізбен бірге мұғалимамыз жүретін. Одан бөлек басқа да ауылдың қарттары мен әйелдері жұмыс істейтін. Осылайша майданға көмек ретінде қол жетпегендіктен балалардың барлығы еңбекке жастайынан араласты. Әкем Ибрагим ҰОС ардагері еді. Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, 1945 жылы аман-есен отбасымызға оралды. Елге келген соң теміржол саласын таңдап, машинисттің көмекшісі болды. Анам да әскерге аттанды. Пойызда жолсерік қызметін атқарған. Кейін осы қайсарлығы ескеріліп, басшылық медальды кеудесіне тақты.
Ұстаздар масақ тергізуге сенбі және жексенбі күндері де апаратын. Ол уақытта басқалардай ашқұрсақ болдық деп айта алмаймын. Біздің жағдайымыз өзгелерден жақсырақ болды. Есейе келе ата-анамның жолын қуып, депоға жұмысқа орналастым. Әрдайым аспанымыз ашық, бейбіт заман болсын демекпін.

Анатолий ЦОЙ,
тыл ардагері:
– Соғыс жылдары колхоз­шыларға қарсы тоталитарлық тәртіп тарапынан көптеген шаралар жүзеге асырылды. 1941 жылдан бастап әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылды. Олар ауылшарушылық жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны жазалап отырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бас­тап колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылды. Жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім қылмысты ретінде жазаланды. Осыған қарамастан халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды.
Ол кезде мен бар жоғы 5-6 жаста болсам да әпке-ағаларыма көмектесіп жүретінмін. Біз сегіз ағайынды болдық. Теңіздің қақ ортасында Аралда тұрдық. Мұнда негізгі кәсіп – балық аулау еді. Майданға су маржанын кептіріп, қақтап, кейде аудан шығарған бойда мұзбен қатырып отандастарға жіберетініміз есімде. Бұл шақтары шаршау, сабақтан қалу деген жоқ. Алты бауыр арасында бір пальтоны мектепке кезекпен киетін едік. Бір күн тоқ, келесіде аш жүргенге де шыдадық. Осылайша бала болсақ та, Ұлы жеңіске деген үлесімізді қостық деп есептеймін. Сол бастан өткерген қиыншылықты ескерген мемлекетке рақмет, мереке қарсаңында ақшалай сыйын ұсынып тұр.
Қиын-қыстау шақта елдегі ғылыми шараларға көптеп көңіл бөлінді. Атап айтсақ, КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық бөлімінде астрономиялық обсерватория, тіл, әдебиет пен тарих, химия-металлургия, топырақтану мен ботаника, зоология және өлкетану институттары ашылды. Қ.И.Сәтпаев бастаған қазақстандық ғалымдар қара, түсті және жиі кездесетін металдарды, тау пайдалы қазбаларын, су және гидроэнергетикалық ресурстарды соғыс қажетіне қолдану бағытындағы ғылыми жұмыстар жүргізді. Елге жоғарғы оқу орындары көшіріліп, көптеген орыс-қазақ, қазақ-украина мектептері, балалар үйі мен интернаттар ашылды. Олардың ішінде – Москва авиация институты, Москва түсті металл және алтын институты, біріккен Украина мемлекеттік университеті болды. Сонымен бірге Алматы мемлекеттік шет тілдер институты, Шымкент технологиялық институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық инс­титуты алғашқы студенттерін қабылдады.
Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы жеңісі адамзатты фашизм қаупінен құтқарды. Қазақ халқының бұл жеңіске қосқан үлесі зор. Соғыстың ауыртпалығын көтеріп, бостандықты қорғаған қазақстандық батырлардың есімі әрқашан ел есінде сақталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап “Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!” деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

12 мамыр 2022 ж. 981 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031