Қосаралықтағы жол қарқынды
Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығы қосылып, ортадағы жол екі есе кеңейтілетіндігі жайлы жоба ұсынылғаны біраз болды. Былтыр оның алғашқы жұмыстары қарқынды басталғанымен, кейін сәл саябырсып қалды.
Қазалы ауданындағы аудандық маңызы бар «Әйтеке би-Қазалы» 0-7 шақырым автомобиль жолын қайта жаңғыру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасы 2019 жылы әзірленді. Ведомствадан тыс кешенді сараптамадан өткізіліп оң қорытынды алынған.
Осы жобаны іске асыру арқылы жолдың техника-экономикалық көрсеткіштері жақсарады. Жолдың ені 4 жолақты болып ұлғаяды. Кедергісіз көлік қатынасын қамтамасыз ететін ІІ-санаттағы автомобиль жолдар тізбесіне енгізіледі деп жоспарланды. Нысанға тапсырыс беруші болып Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарамасы айқындалған.
Бүгінде көктемгі егіс науқанына байланысты егін алқаптарын қажетті деңгейде сумен қамтамасыз ету үшін жол бойындағы 2 көпір құрылысының жұмысы тоқтаусыз жүруде. 2 көпірдің де жер жұмыстары аяқталып, темірбетонды плиталар салу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар Шалабай каналының су өткізгіш құбырларын қайта ауыстырып, жолдың еніне дейін кеңейту жүргізілуде. Жолдың жалпы енін қалыптастыру мақсатында жол жиектеріне құм мен саз төселіп нығыздалуда. Нысан басына 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.
– Алдағы уақытта жұмыс жобасына сәйкес «Әйтеке би кенті-Қазалы қаласы» 0-7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы 2 жолақты жолдан әрқайсысы 3, 50 метрді құрайтын 4 жолақты, жалпы ені 15 метр жол салынбақ. Жол жиегіне 2 жарық шамдары бар жарық бағаналары орнатылады. Жол бойында орналасқан Ақарық каналының да су өткізгіш құбырлары кеңейтіледі, – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Жасұлан Сыдықов.
Жолдың негізгі қабаттары еселеніп, асфальтбетонды төсеніші бірнеше қабатқа дейін қалыңдайды. Жол бойындағы барлық инженерлік инфрақұрылымдар жол жиегіне шығарылады. Олар электр бағаналары, су құдықтары, магистральді желілер мен тағы басқа да құрылғылар. Бұл игі жобаның басталғанына жүргізушілер айрықша қуанған болатын.
– Соңғы жылдары ауданның даму үдерісі жақсы орындалуда. Автожол мәселелері де рет-ретімен шешімін тауып келеді. Соның қатарына осы үлкен жобаны қосуға болады. Әрине діттеген жеріңе тез әрі қауіпсіз жету үшін жолдың кең әрі тегіс болуы маңызды. Тек жолды жалғап, төселген сазды құмның нығыздалуы ережеге сай жүргізілуде ме деген ой алаңдатады. Сонымен бірге жүргіншілер жағдайы қарастырылып әр 500 метр сайын аялдама салынғаны құп болар еді, – дейді Руслан есімді жүргізуші.
Бұл пікірге түсіндірме берген аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары Жасұлан Сыдықов:
– Жолда жаңа үлгідегі автобус аялдамалары орнатылып, автобус тоқтайтын және жолаушыларды түсіріп, мінгізетін аймағы 6 метрге дейін ұзартылады. Жол белгілері жаңадан орнатылып, әрбір көше бұрылысына қиылыс жолдар салынады. Ал жолдың нығыздалуы құрылыс талабына сай арнайы зерттеліп жасалуда. Меже бойынша негізгі жұмыстар осы жылдың аяғына дейін бітеді деп күтудеміз, – деген сөзін жеткізді.
Келешекте ауданға маңызды жобаны іске асыру арқылы жолдың тәуліктік өткізу қабілетін жоғарылатып, сапалы әрі қауіпсіз жол қатынасы қамтамасыз етілетіндігіне сенім артамыз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА