Жол жайы жақсара түспек
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшілігімен биыл көптеген игі істер атқарылуда. Аудан бойынша инфрақұрылым жұмыстары, ауыл арасы мен аудан орталығындағы жолға қатысты мәселелер күн өткен сайын шешімін тауып, ел игілігіне беріліп келеді.
Қазір ауданның коммуналдық меншігінде барлығы 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 193,7 шақырым асфальтты, 141,5 шақырым қиыршық тасты және 71 шақырым топырақты жолдар.
Мәселен «Самара-Шымкент-Әйтеке би» аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтауға 160 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінде 4,2 шақырым жол жөнделіп, қалған жол бөліктері 8 метрге дейін кеңейтілді. Сондай-ақ темір жол өткелдеріне резеңке төсеніш төселіп, автобус уақытша аялдайтын орындар салынды. Осы жұмыстарды жүргізе отырып 2021 жыл қорытындысымен жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 80,3 процентке жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы коммуналдық меншіктегі темір бетонды көпірлердің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Үстіміздегі жылы жоба құны 233 миллион теңгені құрайтын «Әйтеке би-Басықара» аудандық маңыздағы автомобиль жолының бойындағы темір бетонды көпірді қайта жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 93 миллион қаржы қаралған. Қазірде мердігер мекеме жұмыстарды бастап кетті. Бұдан бөлек 9 көпірдің техникалық жағдайы нашар екені анықталып, жоба алды іздестіру жұмыстары жүргізілді.
Аудан көлемінде 2 бағытта аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүруде. Оған жергілікті бюджеттен барлығы 65 миллион қаражат көріліп, бүгінде Мұратбаев ауылына кіреберіс, Бозкөл мен Тасарық аралығындағы жолды жөндеу басталып, Әйтеке би – Басықара автомобиль жолындағы жол белгілері қайта жаңартылуда.
Мұнан бөлек «Қазалы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтановтың айтуынша, жолдардың сапасына бақылауды күшейту мақсатында ұлттық жол активтері сапасы орталығы мен бөлім арасында 4 миллион теңге қаржыға келісімшарт жасалған.
– Жоба құны 2,4 миллиард теңге болатын «Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы» аралығындағы 7 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолын 4 жолақты етіп кеңейту жұмыстары 2020 жылы басталып, жұмысты жалғастыруға 2021 жылға 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде жол бойындағы 2 темір бетон көпір мен 2 су өткізгіш құбырлар қайта жаңғыртудан өтуде. Аталған жобаға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс беруші болып белгіленген. Осы мекеме тапсырысымен «Қарлаң» көпірінің жоба сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
Сонымен қатар жыл сайынғы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алу мақсатында қажетті жол белгілері мен жол кедергілеріне түгендеу шаруасы жасалып келеді. 2021 жылға бекітілген іс-шара жоспарына сай 8,9 миллион қаржыға Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы мен Ғ.Мұратбаев елді мекеніне барлығы 130 дана жол белгісі мен №249 мектеп-лицейі ғимаратының жанына 1 дана жол кедергісі орнатылды. Сондай-ақ аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекендердің ішкі көшелеріне қосымша 45 дана жол белгісі мен 37 шақырым жол жолағы сызылды, – дейді басшы.
Аудан көлеміндегі 21 елді мекенде 405 шақырымды құрайтын 455 көшенің 63 проценті жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Мұны тұрғындар жақсы біледі.
Осы жұмыстар жалғасын тауып биылғы жылы «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасымен бөлінген 216,8 миллион теңгеге Әйтеке би кентіндегі Мұханов көшесіне 1,2 шақырымға асфальт қабаты төселіп, жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарықшамдар орнатылды. Ал Әбілхайыр хан көшесінде жолдың негізгі қабатын қыру және тегістеуі аяқталып, жақын күндері көше толық ел игілігіне берілетін көрінеді.
«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру» мақсатында Қазалы қаласының 8,2 шақырымды құрайтын 10 көшесіне 736 миллион бөлініп, қайта жаңғыртудан өткізілуде. Жұмыс барысында көшелердің негізгі қабаттары күшейтіліп және қиыршық құмды қоспа қабаты төселіп, аяқсу арықтарына кең көлемді су өткізгіш құбырлар салынды. Сондай-ақ қара шебін және майда түйіршікті асфальт қабаты төселуде.
Жергілікті бюджеттен бөлінген 414,4 миллион теңгеге Әйтеке би, Ақтан батыр, Бірлік, Пірімов, Абай, Өркендеу, Жалаңтөс батыр елді мекенінің 20 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жасалып, пайдалануға берілді.
Ел ішінде ауыз толытырып айтарлықтай шаралар жасалуа. Бұрынғы мен бүгінгі көшелердің жайын салыстыруға келмейді. Жалғасын таба берсе алдағы күндері жергілікті тұрғындар әлі талай жағымды жаңалықпен қуанары сөзсіз.
А.БАҚЫТҰЛЫ