Қос көпір құрылысы қарқынды

Жобаны іске асыру арқылы жолдың техника-экономикалық көрсеткіштері жақсарады. Ені кеңейтіліп, 4 жолақты болады деп күтілуде. Кедергісіз көлік қатынасын қамтамасыз ететін ІІ-санаттағы автомобиль жолдары тізбесіне енгізілмек.
Жалпы нысанға тапсырыс беруші Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болып айқындалған.
Мамандардың айтуынша, көпір құрылысы өте жауапты іс. Оны мамандандырылған мекемелер ғана салуы керек. Бірақ қазір кез келген мекеме мұнымен айналысып жүр. Соның кесірінен тұрғызылған көпірлерде ақау табылып немесе су шайып кетіп жатады. Нәтижесінде ұзақ жылға жарамдылығы азаяды. Тағы бір айта кететіні, көпірлер жолдан бұрын салынуы керек. Бұл мәселе жол құрылысын салудан кемі екі жыл бұрын жоспарланғаны дұрыс. Сол кезде ғана жол салу ісінде ешқандай мәселе туындамайды деген ойын жеткізді “Стандарт ОйлКЗО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алмас Ертаев.
– Бүгінде көктемгі егіс науқанына байланысты егін алқаптарын қажетті деңгейде сумен қамтамасыз ету үшін жол бойындағы 2 көпір құрылысының жұмысы қарқынды жүруде. Қос көпірдің орнын даярлау жұмыстары аяқталды. Темірбетонды плиталар салу құрылысы басталуда. Шалабай каналының су өткізгіш құбырларын қайта ауыстырып, жолдың еніне дейін кеңейту жүргізілуде. Трассаның жалпы енін қалыптастыру мақсатында жол жиектеріне құм мен саз төселіп нығыздалуда. Маңызды құрылыс басына 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Алдағы уақытта жұмыс жобасына сәйкес «Әйтеке би кенті-Қазалы қаласы» 0-7 км аудандық маңыздағы автомобиль жолының 15 метрді құрайды. Жол жиегіне жарықшамдары бар бағаналар орнатылады. Оның бойында орналасқан Ақарық каналының да су өткізгіш құбырлары кеңейтіледі.
Автожолдың негізгі қабаттары еселеніп, асфальтбетонды төсеніші бірнеше қабатқа дейін қалыңдайды. Барлық инженерлік инфрақұрылымдар: электр бағаналары, су құдықтары, магистральді желілер, тағы басқалары жол жиегіне шығарылады.
Мұнымен қоса жаңа үлгідегі автобус аялдамалары орнатылады. Автубус тоқтайтын және жолаушыларды түсіріп-мінгізетін аймағы 6 мертге дейін ұзартылады. Жол белгілері жаңадан салынып, әрбір көше бұрылысына қиылыс жолдар салынады деп көзделуде.
Мамандар аудан үшін аса маңызды жобаны іске асыру арқылы жолдың тәуліктік өткізу қабілетін жоғарылатпақ. Олар сапалы әрі қауіпсіз жол қатынасын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА