Ұлт ұстазы ұлықталады
Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Алаштың арда азаматының бұл жолғы мерейтойы қазақ елінде кең ауқыммен тойланбақ. Одан кейін ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде атап өтіледі.
2021 жылғы 9 қарашада Үкімет арнайы қаулы шығарып, осы мерейтойды ұйымдастырып өткізуге ҚР Премьер-Министрінің орынбасары басқарған жауапты комиссияның құрамын бекіткен болатын. Осы комиссия Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар әзірлеген. Аталған жоспардың жобасында 63 пункттен тұратын түрлі бағыттағы іс-шаралар қарастырылған. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кескінделген пошта маркалары мен Ұлттық банк монеталарын шығарудан бастап, жол жөндеуге дейінгі нақты шаралар бар.
ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аса ірі әдебиет теоретигі, ғұлама түрколог, жаңа қазақ тілі білімінің негізін қалаушы – Ахмет Байтұрсынов. Ол қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне адал қызмет еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, қазақ тарихында ойып тұрып орын алар айрықша тұлға.
1905 жылы педагогикалық училищені бітірген соң, еліміздің әртүрлі облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық қызмет етті. Елеулі еңбек етіп, қайткенде қазақ халқының көзін ашуға, санасын оятуға барын берді. Қазақ халқының озық елдер қатарында болуы үшін ең алдымен оқу-ағарту ісін аяқтан тұрғызу керек екендігін түсінген А.Байтұрсыновтың оқу-ағарту идеясы, қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі болып табылды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ол өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім мен ғылымның дамуына, ағартушылық ісіне арнады. Яғни, ел ішінде ұлт ұстазы атанды.
Сондай-ақ, А.Байтұрсынов ХХ ғасырдың басында демократиялық бағыттағы зиялылардың көшін бастаушылардың бірі, Алаш партиясы мен автономиясын құруда басты рөл атқарушылардың бірегейі болды.
1919 жылы Орынборда Қазақ халық ағарту институты ашылған. 1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. Осылайша 1925-1928 жылдары ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осы институтта дәріс берген екен. Оны дәлелдейтін құжаттар мұрағаттарда сақтаулы.
Мәңгілік алаудан басталып, темір жол вокзалы ғимаратына тірелетін көшенің атауы бұрын «Садовая» болған-ды. Ол сол көшедегі үйлердің бірінде тұрған деседі.
Қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлының есімі тарихта қазақ тіл білімі мен әдебиетінің және қазақ журналистикасының негізін қалаушы ретінде мәңгі қалмақ. Одан бөлек, қазақ жазуының реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, ақын, аудармашы, педагог, ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері есебінде де тарихта жазылмақ.
Серік АҚМЫРЗА