Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ілкімді істер ілгерілетеді

Ілкімді істер ілгерілетеді

Осы жылдың жарты жылдығында Қазалы қаласы бойынша 31 азамат тұрақты, маусымдық және уақытша жұмысқа орналасқан. Жастар тәжірибесіне 4 жас маман жіберілсе, ақылы қоғамдық жұмысқа 65 азамат тартылған. Бұл мәліметті қала әкімі Рахметулла Ізтілеу халық алдындағы кезекті есеп беру жиынында айтты.
Бүгінде қалада 569 кәсіпкер тіркелген. Жұмыс жасап тұрғаны 535. Оның ішінде 1 шаруа қожалық, 11 заңды тұлға, 56 сауда нысан, 21 такси, 5 жолаушылар көлігі халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар қаланың 441 тұрғыны аудан орталығында және орталық базарда түрлі кәсіппен айналысады. Жыл өткен сайын бизнеске бетбұрғандар саны артып келе жатқан қалада биылғы жылдың алты айында 73 кәсіпкер тіркелді. Жалпы, бұл салада 640 адам жұмыспен қамтылған.
Жиын барысында қала әкімі: «Қазір салықтық төлемдерді уақытында төлеу кез келген адамның азаматтық міндеті болып табылады. Еліміздің экономикалық өркендеуі мен халықтың әлеуметтік жағдайының жоғары болуы салықтық және міндетті төлемдердің дер кезінде өндірілуіне байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар салықтық төлемдердің белгіленген түріне байланысты олардың өзіндік төлемдік мерзімдері болады. Олар көлік, мүлік және жер салықтары. Атап өтсем, 2021 жыл үшін мүлік және жер салықтарды жеке тұлғалар 2022 жылғы 1 қазанға дейін мүлік орналасқан жері бойынша төлейді, ал 2021 жылы үшін көлік салығын жеке тұлғалар 2022 жылғы 1 сәуіріне дейін төлеу қажет.
Салықтарды жоғарыда көрсетілген мерзімде төлемеген жағдайда, жеке тұлғаларда бересі құрылады. Оның сомасына күн сайын өсімпұл есептеледі, ол бересімен қоса жалпы сомада салық төлеушінің салық берешегін құрайды. Банктер салық берешегі бар жеке тұлғаға банктік шот ашудан бас тартуға және банктік шоттарының бұғатталуына міндетті екендігін ескертемін. Салық берешегінің болуын ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсы мен «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. Ол арқылы онлайн режимінде азаматтың ЖСН бойынша салық берешегінің жоғы (бары) туралы өзекті мәліметтерді алуға болады», – деді.
Бұдан бөлек Қазалы қаласы бойынша 11 отбасынан 61 адамға 1 271,5 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Тұрғын үй жәрдемақысына өтініш түспеген. Сонымен қатар 65 тұрмысы төмен, жалғызбасты және мүгедек азаматтарға барлығы 1 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген. Белсенді жастардың ұйытқы болуымен әлеуметтік дүкеннің жұмысы ашылған. Онда киім-кешек, тұрмыстық заттардың барлығы тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедек жандарға, көпбалалы отбасыларға, әке-шешесінен айырылған балаларға таратылып келеді.
Ауыз толтыра айта кетер жайттың бірі – ескі Ғанибай мешіті аталып кеткен көне кітапхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қала жастарының пайдалануына берілгендігі. Ғимаратта жастардың бос уақытын үнемді пайдалану мақсатында үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд үстелдері кәсіпкерлердің қолдауымен орналастырылған.
Сан саладағы атқарылған істерді баяндаған әкім тұрғындар көптен күткен Қазалы қаласын газбен қамтамасыз ету жұмыстарының толық аяқталып, жобада қаралған барлық тұрғын үйге газ құбырлары тартылып, қолданысқа берілгендігін жеткізді. Қазір 130 жеке тұрғын үй газ желісін кіргізіп алыпты.
– Біздегі қазіргі уақыттағы проблемалық мәселе 180 және 81 гектар жер учаскесіне жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге газ және ауыз су беру жұмыстарымен айналысу. Сонымен қатар қаланың оңтүстік батыс беткейінен «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасын салынып жатқандығын көріп жүрсіздер. Онда құрылыс қарқынды. Мердігер мекеме «СМП-Қызылорда» ЖШС айтылған мерзімде жаңа балабақшаны балалардың игілігіне ұсынуға тынбай еңбек етуде. Аталған жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылдың маусым айы. Дегенмен мердігер тарапынан осы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау мүмкіндігін қарастырып жатыр, – деді Рахметулла Ізтілеу.
Қалада биыл 10 көшені жарықтандыру жобасына қаржы бөлініп, Қазалы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Мердігер мекеме «ГЕМАКАСЕС» ЖШС орналастыру жұмыстарын аяқтаған. Енді жарық шамдарды іске қосу үшін аз ғана уақыт қалыпты.
Ү.Түктібаев көшесінен мердігер мекеме «SCS Инжиниринг» ЖШС шағын футбол алаңының құрылысын бітіріп, көпшілік қызығын көруде. Сонымен қатар Қазалы қаласы көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына яғни, көше жолының ойық, шұңқыр жерлерін тегістеуге жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Мердігер мекемеде анықталған. Алдағы уақытта қала көшелерінде қызу тірлік басталмақ.
– Тағы бір айта кететін жаңалық биылғы жоспарымызға сәйкес, өздеріңіз білесіздер Қазалы қаласынан күнделікті шығатын тұрмыстық қалдықтар қаладан Ақтан батыр ауылына шығар жолдың сол жақ беткейіндегі белгіленген 3,5 гектар жерге төгіліп келеді. Осы аталған тұрмыстық қалдықтарды төгу алаңын қоршауға аудандық бюджеттен 8083,0 мың теңге қаржысы бөлінген болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Жыл соңына дейін аталған күл-қоқыс алаңы түгелімен қоршалатын болады, – деп қуантты қала әкімі.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін оларды алаңдатқан мәселелердің түйінін тарқатып, қаланы көркейту жолында жұмыла жұмыс жасап жатқан басшылық тарап мемлекеттік бағдарламаларға тұрғындарды қатыстыруды да алдағы айқын мақсаттардың біріне айналдырған. Кәсіп бар жерде, нәсіп барын білген қалалықтар да қарап қалмауда. Жұмыс жоқ деп қол қусырып, жалқаулыққа салынуды жөн санамаған тұрғындардың көпшілігі ала жаздай қала шетіндегі бақшалық жерлерін баптап, бүгінде бұйырған несібесінен нәпақа тауып отыр.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
23 шілде 2022 ж. 527 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031