Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тауық жылы қазалылықтар үшін табысты болды

Тауық жылы қазалылықтар үшін табысты болды

2017 жыл Қазалы қаласы үшін табысты болды. Қала әкімі Р.Ізтілеудің баяндауынша, көптеген жұмыстар іске асырылды.
Бүгінде қалада 345 кәсіпкер тіркелген. Олар сантүрлі бағытта істерін дөңгелетіп, 501 адам жұмыспен қамтылған. Қалалылықтарға 44 дүкен, 32 түрлі қызмет көрсету нысаны, 36 такси, 20 жолаушылар көлігі қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, қаланың 213 тұрғыны Әйтеке би кентіндегі орталық базарда сауда-саттықпен айналысады. «Қазалы» кәмпиті өңіріміздің Қызылорда, Байқоңыр, Арал, Ақтөбе қалаларына сатылуға жіберілуде.
Қазалы қаласы атауына 150 жыл толуына орай, облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Оған спорт алаңының құрылысы, 4 орталық көшеге тротуар салу, 4 көшеге орташа жөндеу, 4 көшенің жолын кеңейтіп, бордюр салу, 5 көшеге қиыршық тас төсеу жүргізілген. «Горсовет» каналы мен «Дәулет» арығы тазаланды.
Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға «Жастар» мен «Ардагерлер» алаңы абаттандырылды. 5 көшенің қиылысына бағдаршам орнатылды. 6 көшеге түнгі жарық шамдар қойылды.
Қалада 3 мектеп, 1 аграрлы-техникалық колледжі, 1 кешкі мектеп, 2 балабақша бар.
Жоспарға сәйкес, Қазалы қаласындағы ескі өкпе аурулар диспансерінің орнына және Ақтан батыр аулына қарай шыға беріс жолының жиегіне жасыл белдеу ашу межеленуде.
Сондай-ақ, 180 гектар жер учаскесіне инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз етіп, Қазалы қаласы бойынша тұрғын үй құрылысын салу үшін жер сұрап кезекте тұрған азаматтарға табыстау көзделіп отыр.
Келелі кездесуде қала тұрғындары аудан басшысының халықтың әлеуетін көтеру мақсатында бастаған бастамаларын бірауыздан қолдап, қоштады. Пікір айтып, ұсыныс берушілер тарапынан газ жүргізілсе, көшелерге жарық шам құрылса қала мен кент аралығына қатынайтын газельдерден гөрі үлкенірек автобус қатынаса, базар ашылса деген талап-өтініштері тыңдалды.
Арықбалық, Көларық, Сарыкөл ауылдық округтері мен Қазалы қаласы әкімдерінің есеп беру жиындарына Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов қатысты.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.
17 қаңтар 2018 ж. 1 511 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930