Қала халқының қуанышы
Көгілдір отынға қосылып, қуанышы еселенген қала халқының хал-жағдайы енді бұрынғыға қарағанда біршама жақсарады деген үміт басым. Қыс қаһарына мініп, аяз қысқанда от жағудың машақатынан арылып, жылдағыдай көмір тасып, күйбеңге түспейміз деген тұрғындардың әлеуметтік ахуалын білмекке қала әкімдігіне бас сұқтық.
Қазір қаладағы барлық газ тарту желілеріне көгілдір отын жіберілген. Енді әрбір тұрғын өз үйіне газ қондыру жұмыстарын қолға алуда.
– Қазалы қаласы бойынша осы жылдың бастапқы үш айында 11 отбасынан 61 адамға 1 271,5 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Тұрғын үй жәрдемақысына өтініш түспеген.
Қаладағы 45 тұрмысы төмен, жалғызбасты және мүгедек азаматтарға барлығы 822,0 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді,– дейді қала әкімі Рахметулла Ізтілеу.
Әкімнің айтуынша, барлығы 557 кәсіпкер тіркелген. Олардың 526-сы жұмыс жасап тұр. Оның ішінде 1 шаруа қожалық, 11 заңды тұлға, 56 сауда нысандары, 21 такси, 5 жолаушылар көлігі халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар қаланың 432 тұрғыны аудан орталығында және орталық базарда түрлі кәсіппен айналысады.
2022 жылдың 3 айында 15 кәсіпкер тіркелген. Жалпы осы салада 670 адам жұмыспен қамтылған.
– Салық базасын ұлғайту мақсатында 2022 жылы «Туған жерге демеу» акциясы аясында 5 көлікті жергілікті жерге тіркеу жұмыстары жүргізіліп, қаланың бюджетіне салық түсірілді.
Жұмыспен қамту мәселесіне келсек, 2022 жылдың І тоқсанына Қазалы қаласы бойынша 13 азамат тұрақты, маусымдық және уақытша жұмысқа орналасты.
Жастар тәжірибесіне 2 жас маман орналасса, ақылы қоғамдық жұмысқа 34 азамат жіберілді. Биыл аудан көлемінде бірқатар құрылыс жұмыстары басталуда. Осындай құрылыс және абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары қала көлемінде де жүргізу күтілуде, – деп әңгімесін жалғады қала әкімі.
Бұндағы жағымды жаңалықтың бірі – қаланың оңтүстік батыс беткейінен «Өрімтал» балабақшасының құрылысын салуға бюджеттен қаржының бөлінгендігі. Бұйырса, жаңа балабақша бой көтереді. Сонымен қатар он көшені жарықтандыру және Ү.Түктібаев көшесінен шағын футбол алаңының құрылысын салу жоспарланған болатын.
Биылғы жылға аталған жобалардың құрылысын бастауға бюджеттен қаржы бөлініп, кезектілігімен жұмыс жүргізілетіндігі көңіл қуантты.
Осы жылға жергілікті бюджеттен Қазалы қаласының санитарлық тазарту жұмыстарына 7 673,0 мың теңге көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 10 833,0 мың теңге қаржы бөлінген.
Қазіргі уақытта аталған жұмыстардың жеңімпаз мердігер мекемесі «Қазалы Келбеті – 2019» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі тиісті жұмыстарды бастап кетті.
Қазір қаланың санитарлық тазарту жұмыстарына халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 12 адам ақылы қоғамдық жұмысшы негізінде жұмысқа алынған. «Birge: Taza Qazaqstan» экологиялық акциясы аясында жалпыхалықтық тазалық сенбіліктері мен ағаш егу шараларын ұйымдастыру жолға қойылған. Осы орайда бүгінге дейін өткен сенбіліктерге мекеме, кәсіпорындардан 914 қызметкерлер қатысып, арнайы 2 техникамен жалпы көлемі 73 тонна күл-қоқыс жинақталып тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін орынға шығарылған. Қаланың шет аймағында орналасқан ұзындығы 2 шақырымды құрайтын темір бетонды латоктың және көше бойындағы 52,0 шақырымды құрайтын арықтардың 5440 метрі тазаланып, көше жолының жиегінде орналасқан бордюрдің 3800 метрі және көше бойындағы 2900 дана тал түптері ақталды. Түнгі жарықшамдар мен аялдамаларды, жол белгілерін сырлау жұмыстары жүргізілді. Қазалы қаласынан Ақтан батыр ауылына шыға беріс жолы жиегінен ашылған көлемі 0,750 гектар жер учаскесіндегі «Жасыл белдеуге», мекеме аулаларына және көшелердің бойына қаладағы мекеме, кәсіпорындармен бірлесіп, 950 дана тал көшеті мен қаламша отырғызылды.
Қазалы қаласының көше бойы мен саябақтардағы тал ағаштарына және тұрғындардың үй іргелік бақшалық жерлеріне аяқсу беру үнемі назарда. Қаланың батыс беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы насос арқылы аптасына 4 күн, оңтүстік шығыс жақ беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы насос арқылы аптасына 3 күн және солтүстік беткейінен арнайы жылжымалы насоспен аптасына 3 күн аяқ су беру қолға алынып отыр.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА