Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келісіп пішкен тон келте болмас

Келісіп пішкен тон келте болмас

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының негізгі мақсаты мемлекеттік қолдау шараларымен қатар, ел азаматтарының өміріндегі нақты мәселелерін шешуге бағытталған.
Бейсенбіде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның қатысуымен бейне конференция өтті. Оған Қызылорда облысы әкімдігінің бастауымен жеті ауданнан әкімдер, ардагерлер, бизнес қауымдастық, мәдениет пен спорт, білім, денсаулық саласының өкілдері және үкіметтік емес ұйымдар да қатысты.
Ал жергілікті әкімдіктен Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов бастаған бірқатар азаматтар да бар.
Жиында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы облыс көлеміндегі әлеуметтік және өзге де қолдау жұмыстарымен бөлісті.
– Бүгінде Қызылорда облысы бойынша 800 мыңның үстінде халық тұрып жатыр. Әрбір адамның тұрмыс жағдайының жақсы деңгейде болуы ол – мемлекеттік саясаттың маңызды жұмысының бірі. Бұл ретте өңірде табысы төмен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар әлеуметтік қолдаулар жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы аз қамтылған атаулы әлеуметтік көмек 13800-ге жуық отбасына 4 миллард 780 миллион теңге көлемінде төленсе, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында атаулы әлеуметтік көмек 10 мың 50 отбасына 2 миллард 140 миллион теңге көлемінде төленіп отыр. Ал, тұрғын үй көмегімен 3 мың 633 отбасы қамтылған. Сонымен қатар жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жекелеген санаттағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 13276 жанға 691 миллион әлеуметтік төлемдер төленді.
Халықтың осал топтарын қолдау мақсатында 2013 жылдан бастап, өңірде қажетті мамандықтар бар. Осы мамандықтар бойынша білім алатын студенттерге әлеуметтік көмек ретінде облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. Бүгінгі күнге 1250-ге жуық грант белгіленген. Биылдың өзінде 85 миллион теңгеге облыс әкімінің 100 грантын тағайындап отырмыз.
Сондай-ақ, облыс аумағындағы көмекке мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдауға бағытталған көптеген қайырымдылық акциялары да ұйымдастырылып отырады. Өткен жылы 11 мыңнан астам отбасы 137 миллион теңгеге, ал биылғы жылдың 6 айында 8 мыңға жуық отбасы 68 миллион теңгеге қайырымдылық көмектерімен қамтамасыз етілді, – деп және басқа да атқарылған және игерілген қаражаттар жайында мәлімдеме жасады.
Онан соң, қоғамдық қордың орынбасары Л.АШыңғысбаева қазіргі таңда жасалған жұмыстары мен осы уақытқа дейін келіп түскен өтінімдер жөнінде ақпараттар берді.
– Ең алдымен, қор еліміздің ең әлсіз және қорғансыз азаматтарына көмектеседі.
Олар үшін қордың көмегі жаңа өмірге қол жеткізуге немесе тіпті аман қалуға мүмкіндік береді.
Атаулы көмекке қарағанда, даму жобаларының басында нақты адамдар емес, халықтың тұтас топтары болады. Көмектің екі түрін де алушылар Қазақстанның әлеуметтік дамуының басым бағыттарын негізге ала отырып, қор тұжырымдамасында нақты белгіленген.
Көрсетілетін көмектің басымдығы кімнің бірінші өтініш бергеніне байланысты болмайды. Әрбір өтініштің өзектілігі мен ауырлығын қарайды. Қазақстандықтардың барлық мәселелерін физикалық тұрғыдан бірден шеше алмайды. Сондықтан ең өзекті әрі шұғыл мәселелер шешілгенде ғана, келесі олқылықты шешуге көшеді.
Тұжырымдамаға сәйкес, бірінші кезекте қордан көмек алатын халықтың келесі санаттары: ауыр, сирек кездесетін аурулары мен мүгедектігі бар, қиын жағдайдағы балалар, жетімдер, болашақта аурулар мен мүгедектіктің даму қаупі бар нәрестелер.
Өзге де, өмір сүру жағдайлары ең төменгі табыс пен тұрғын үй стандарттарына сәйкес келмей, өміріне қауіп төнетін балалары бар отбасылар. Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау немесе адамдардың өмірін құтқару кезінде қаза тапқан немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасылары мен сирек кездесетін аурулары бар ересектер мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде зардап шеккендер болып табылады.
Одан кейін балаларға арналған спорттық және білім беру инфрақұрылымын, сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызды қызметтерді дамытуға және қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу, мүгедек, ауру немесе әлеуметтік бейімделу проблемасы бар баланы асырап алған, қамқоршылық немесе патронаттық тәрбиеге алынған отбасыларға көмек. Қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету үшін білім беру орындарымен өзара әрекеттесу. Болашақта балалардың аурулары мен мүгедектігінің ықтимал дамуын болдырмау үшін нәрестелерге медициналық қызмет көрсетуді дамытуға және қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу. Жетім балалардың бейімделуіне көмек көрсету. Мүгедектердің (балалар мен ересектердің) әлеуметтік дағдыларды меңгеруіне және спорттық протездер мен жабдықтарды пайдалануға бейімделуіне жәрдемдесу. Дарынды балалардың дамуына ықпал ету. Медициналық тәжірибені локализациялау, қолжетімді медицина және табиғи мен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға жәрдемдесулер жатады.
Осы уақытқа дейін жоғарыда айтқандай барлығы 40 мың өтініш келді. Олардың басым бөлігін кері қайтардық. Себебі ондағы өтінімдердің көбі несие жауып беру, баспана алып беру, баспанаға күрделі жөндеу жасау сынды мәселелер. Айта кетейік, қайырымдылық қор ондай жұмыстармен айналыспайды және елдегі әрбір жанға баспана алып беруге қауқарсыз. Ал Қызылорда облысы бойынша 700-ге жуық өтінімдер келген. Оның 190-ы азық-түліктің қажеттілігі жөнінде жіберілген.
Ел бойынша 120 жоғары оқу орындары бар болса, оның 74-і ғана мемлекеттік грант иегерлері. Біз сол 74 оқу орындарымен келісім шартқа отырып, әрқайсысына 3 гранттан бөліп отырмыз. Онда оқу ақысы ғана емес, студенттің стипендиясы да болады. Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша тізімде «Қорқыт» пен «Болашақ» университеттеріне 3 гранттан бөліп отырмыз. Бірақ грнаттың басым бөлігі көп балалы, аз қамтылған отбасы және мүмкіндігі шектеулі балаларға бөлінеді, – деді Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма Төрағасының орынбасары Ляззат Алтынбекқызы.
Жиын жалғасы ұсыныс-пікір мен сауалдар кезеңіне ұласты. Онда ардагер Қайрат Нәлібайұлы есімді азамат тарапынан базынасы айтылды. Оның айтуынша қордағы қаражаттың 80 проценті медициналық мұқтаждыққа қарастырылған.
Алайда оның ішіне ауған, Семей апаты сынды ардагерлер енбеген. Қазір сол ауыр заманда өшпестей із қалдырған азаматтың барлығы дерлік 2-ші топ мүгедектері. Оның өзінде мемлекет тарапынан айына 18 мың теңге көмек алып отыр. Бірақ қазіргі нарықпен ол түкке де жетпейді. Ауруханаға барып, тексеруден өтіп немесе дертке дауа іздей қалсаң, медициналық төлем жасалмағандығын айтып ашуға салатындарын айтып ашынды.
Тиісінше облыс әкімдігі мен қор тарапынан керекті жауабын алып, олар мұның барлығын қаперге алатындығын айтты. Басқосуда басқа да экологиялық, әлеуметтік және медициналық мәселелер көтеріліп, барлығы дерлік қанағаттандырарлық жауап алды.
Конференция соңында Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасындағы сабақтастық меморандумға отырды. Алдағы уақытта ел үміт артып отырған қор мен әкімдік арасындағы байланыс нығая түсіп, халық игілігі үшін аянбай еңбек етеді деген үміттеміз.

Серік АҚМЫРЗА
23 шілде 2022 ж. 292 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031