Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жердің суы

Туған жердің суы

«Туған жердің суы – бал, ауасы – жұпар» дегенді сыртқа шыққанда біледі екенсің», – деді Асқарбек аға салалы саусақтарын сытырлатып отырып. Осынау шоқша сақал, тарамыс денелі, қалың қасы түксиген кісінің бір әңгімені бастағалы отырғанын аңдағанмын. Қателеспеппін. Бар назарымды сол кісіге аударып отырдым. Құлағым аға әңгімесінде. Онымды байқаған Асекең:«Осыдан 15-20 жыл бұрын. Ол кезде мен машинист болып жұмыс істейтін едім. Өскеменге 16 адам болып, іссапарға аттандық. Қыс мезгілі.
Енді айтатыны жоқ, Өскеменнің қысы сұмдық болады екен. «Қар тізеден» деген сөзің пішту – қар 5 метрге дейін үйіліп қалады. Бәлкім, сол жылы ақ мамық шамадан тыс қалың түскенде болар.
Қызығы, екі қабатты үйдің үстіне шығып, қолыңды салбыратсаң, таудай болып тұрған қарға қолың тиеді. Ондайды көрмеген біздер әдепкіде таңданысып жаттық.
Қар арасында бір адамдық сүрлеудің ізі бар. Тек сонымен ғана жүріп отыруың қажет. Алда-жалда әлгі жалғыз аяқ жолдан жаңылсаң, Құдай өзі сақтасын, көктемге дейін сүйегің қар астында қалды дей бер…
Көше бойында бір адаммен кездессең, екеуің түйіскен жерде қиғаштап, бір-біріңе кеудеңді тақап өтуге тиістісің.
Айтатыны жоқ, шығыстың қысы көкейде өшпестей қалды.
Әдепкіде бізді онда 1 айға жіберген. 20 күн өтпей, барған жігіттердің қылтың-сылтыңы шыға бастады. Қайтқысы келеді, бала-шағасы бар дегендей, – деп Асқарбек ағам бір жөткірініп алды.
Менің де көз алдыма ұлпа қарға оранған дала елестеп, мына шіліңгір шілденің ыстығы басылып, тездетіп қыс болса деген қиялмен әңгімесіне елітіп отырмын.
Соны сезген Асекең:
«Несін жасырайық, қалтамызда ақша көп. Қазір айта беруге болады ғой (күліп). Сонда барғаннан кейін артылып қалған тепловоздың соляркасын сатқанбыз. Қаражат мәселе емес. Бірақ оны жұмсайтын жер тапшы. Айналаң тегенедей болып, үйіліп жатқан қарлар.
Бір қиыны – барғалы суға шөліміз бір қанбай-ақ қойды. Су ішсек те, сок ішсек те сол. Мейірің қанып, ішкен дүниең айызыңды қандырмайды. Әлгі «Ішкенің ірің, жегенің желім болыпты» деген бар еді ғой. Дәл сондай болмаса да, ішкен-жегеннің берекеті қашты. Сөйтіп 30 күнді әрең дегенде бітірдік-ау деп жүргенде тағы хабарлама келді. Адам күшінің жетіспеуіне, осындағы жұмысшылардың барлығы қар тазалауға жұмылдырылуына байланысты 16 күнге тағы қалатын болыппыз. Оны естігенде жігіттердің көңіл-күйі құлазып қалды.
Басқа басқа емес, судан қысылғанымыз жанымызға да батып барады. Себебі, ыстық жерде жұмыс істейсің, кейде күш-қайрат жұмсайтының бар. Ақ тер, көк тер болғаннан кейін, оның орнын толтыруың қажет. Бірақ жағдай жаңағыдай. Қанша ішсең де шөлің қанбайды. Дәмі жоқ. Мұны жалғыз мен ғана емес, жанымдағы жігіттерде аңғарып, жан дүниесімен сезініп, аңқасы кеуіп жүріпті.
Телефонмен дос-жаранмен сөйлессек, «суға тұз салып ішсей» деп қылжақтайды. Әбден тұзды суға етіміз үйреніп қалғандыкі ме, енді Өскеменнің суына үйренісе алмадық, – дейді ағам.
Осыны айтқанда, Арал экологиялық аймағында тұрсақ та, осы жердің кептіріліп-тұздалған (копченный) балығы мен малының етіне аңсары ауып тұратын, өзге өңірлердегі ағайынның әлсін-әлсін айта беретін әңгімесі ойға оралды.
«Содан не керек, қырық алты күндік іссапарды өйтіп-бүйтіп бітіріп, елге жеттік. Жігіттер пойыздан түсе сала вокзалдың айналасындағы колонкалардың суына бас қойды. Сіміріп жатыр, сіміріп жатыр. Шаштарын сулап, беті-қолын жуып мәз болуда. Мен не де болса, үйге жетіп ішейін деп, бала-шағаға қарай тартқанмын. Үйге келгеннен суға бас қойдым. Бір бақырашты екі қайтара ішіп едім, пора-пора тер шықты.
Содан үйде сеспей екі күн жатыппын.
Туған жердің суының дәмі де бөлек екен-ау, шіркін!» – деп ағам әңгімесін аяқтады.

Е.ЖҰМАБЕКҰЛЫ
12 шілде 2022 ж. 329 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031