Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қарындасыммен таныс»: жынмен жақындасқан әйел туралы

«Қарындасыммен таныс»: жынмен жақындасқан әйел туралы

Алай-түлей дауыл басталды да кетті. Бір қарасам, үлкееен қара жылан арт жақтан жорғалап келеді екен. Менен басқа бір пенде көрмеді. Әлгі жылан өрмелеп келді де, алдыңғы қатарда тұрған, бата алуы тиіс әйелге оралды да, мықтап, сығымдап қыса бастады. Әйел жерге құлап түсті. Аузынан көбік ағып жатыр.

16 жыл көрмеген курстасымды интернеттен тапқам. «Пәлен күні Алматыға келіп, бір күн болам. Кездесейік», деген хабар алдым. Со күні қырсыққандай, жұмыс та қайнап кетті. Бірақ алдын-ала телефон шалып, жұмыстан қайтарда үйге әкететінімді ескертіп қойдым.
Әйелім де кеш түсе минут сайын «қонағың қайда?» деп мазалай берді. Дайындалып қойған ғой. Шамамен, сағат кешкі сегізден өткенде досыма хабарластым. «Қарындасымның үйіндемін» деді. Алматының сыртындағы ауылда екен. Адасып жүріп, әзер таптым. Бірден курстасымды ала кетпек болғам.
«Қарындасыммен таныс» деп қоярда-қоймай ішке кіргізді. Жаңадан салынған бір қабатты зәулім үй екен. Үй-іші де, ішіндегі дүние-мүлік те тап-таза. Дастарқан жасап қойыпты. Астың небір түрін жайнатып қойған. Дәмнен аттап кете алмадым. Тез-тез ауыз тиіп, кетпек болып едім, досымның қалғысы келді. 
«Қарындасымды да көрмегелі көп жыл болды. Таң атқанша сөйлесіп, осында отырайықшы» деп ұсыныс жасады. Амал жоқ, көндім. Қарындасын танымасам да, едәуір шырамыттым. Бізбен қатар математика факультетінде оқыпты. «Әбекеңе барып жүргенде талай көргенмін сізді, Тоқа» деп қояды. Тіпті, баяғыдан танитын, араласатын адам сияқты өзімсініп, еркін отыр. 
Қырықтың қырқасына шықса да құлын мүшесі бұзылмаған, әп-әдемі қараторы әйел екен. Іштей «күйеуі қайда екен?» деп отырмын. Әңгіме барысында әлгі әйел әлі тұрмысқа шықпағанын айтып қалды. Ештеңеден қымсынған жоқ. Өмірбаянын жайып салды. Бір үйдің жалғыз қызы екен. Соңынан ерген 7 інісін жеткіземін деп, қарайлап қалған сынды.
 Қызылордадағы барлық бауырын осында көшіріп әкепті. Үш-төртеуіне «Шаңырақтан» жер алып, үй де салып берген. Әке-шешесін де Алматыға алдырып, жағдайын жасап тастапты.
 Басында бір университетте сабақ берген екен, кейін, бәрін қойып, кәсіпкерлікпен айналысыпты. Қазір «Шаңырақта» жеке дүкені, тойханасы, шаштаразы бар екен. Сөз арасында бұл әйелдің курстасымның туған қарындасы емес екенін де білдім. «Студент кезімізде бір ауылдан болғасын туған ағалы-қарындасты болып кетіп едік» деді. 
Байқауымша, екеуінің арасында расымен ағалы-бауырдай сыйластықтан асып бара жатқан ештеңе жоқ. 
Досымды да білемін ғой. Бірдеңе болса, менен жасырмайды. Бірақ бала секілді сағым-сезімнің соңынан салпақтап кете береді. 
Қысқасы, өткен-кеткенді ұзақ қаузадық. Әлгі әйелдің бір бауыры істі болып жатыр екен. Досыммен бірге соны біраз талқылап тастады. Таң сібірлеп ата бастағанда, қоштасып мен де шықтым. 
Екі көзім қызарып, шаршап, қайтадан жұмысты бетке алдым. Бірақ барлық қызықтың енді басталатынын ол кезде білген жоқ едім...
Арада бірнеше күн өткесін, әлгі досымның қарындасы телефон шалды. Бүгін кешкілік шұғыл үйіне келуімді өтінді. Өзі шыға алмайды екен (Бұл әйелдің қырғыз нөмірлі джипі бар болатын. Дәл сол уақытта қалада кездескен қырғыз нөмірлі көліктерді жаппай қамап жатты). 
Әлгі, істі болып жатқан інісі жайлы ақылдаспақ екен. Жұмыс біткесін, көк көлігіме мініп алып, тағы бардым. Тағы да дасқарқанды жайнатып қойыпты. Білген ақылымды айтқан болдым. Сосын, әңгімені жеке басына қарай аударды.
Қайтсе де енді өзі үшін бір бала туып алу керектігін, ол баланың әкесіне ешқандай міндет артпайтынын, бірақ, алдымен міндетті түрде мешітте неке қиюы керектігін айтып өтті. Мен таң қалмадым. Өйткені, осы әңгіменің түбі бір айтыларын күткен сияқтымын. 
Сөз астарынан менің тамырымды басып отырғанын ұққандаймын. Арамдықтың сұғанақ ит секілді алдымен жүгіретіні бар ғой. «Несі бар? Міндет артпаса, неке қиылатын болса, болады екен» деген ой да жылт етті. Бұл кезде біз тіпті ондаған жылдардан бері сырлас адамдардай дәрежеге де жетіп қалдық. 
Барлық нәрсені менің шайқорлығым бұзды. Шайды әбден ішкесін, кіші дәрет қыссын. Алдында келгенімде іштегі дәретханаға кіргенім бар еді. Сол жобамен дәретханаға кіріп келсем, басқа бөлмеге кіріп кетіппін. 
Әлгі әр бөлмесі жайнап тұрған үйдің бір бөлмесі жап-жалаңаш. Ештеңе жоқ. Ана жер, мына жерде жартылай жанып сөндірілген шырақтар толып тұр.
Бөлменің қабырғасы мен төбесі қап-қара күйе болған. Кебін секілді шұбатылған ақ мата жатыр бір бұрышта. Дереу, бөлмеден ытып шықтым. Қолымды шайып келіп, орныма отырдым. Үй иесі шай мен тамақты қайтадан ысытып әкеп қойып жатыр екен. Менің дәретхана емес, басқа бөлмеге кіріп кеткенімді де байқап қойыпты. 
«Ана бөлмеге "кіргізбе" деп едім, кіргізіп қойды ма?» деп күлді. Сасып қалдым.
 «Кімді айтасың?»деп едім. Әңгіме ауанын ауыстырып жіберді. Бойында әлдебір «қасиеттің» барын айтты.
Содан, өзінің көптеген әулие аралағанын, онда не көргенін баяндай бастады. 
«Жамбыл жақтағы Тектұрмас әулиені білетін шығарсың? Бір жылы тобымыздағы бір келіншек сол Тектұрмас әулиеден бата алатын болды.
Бәріміз жолға шықтық. Кешке, қабірдің маңына жиналып, әулиенің әруағын шақырдық. Сол сәтте алай-түлей дауыл басталды да кетті. Бір қарасам, үлкееен қара жылан арт жақтан жорғалап келеді екен. Менен басқа бір пенде көрмеді. Әлгі жылан өрмелеп келді де, алдыңғы қатарда тұрған, бата алуы тиіс әйелге оралды да, мықтап, сығымдап қыса бастады. Әйел жерге құлап түсті. Аузынан көбік ағып жатыр. 
Жыланды басқа ешкім көріп тұрған жоқ. Жұрт шулап кетті. Жанына барып, әйелдің басын демеп жатқанда, әлгі жылан да әйелді босатып, жөніне қарай жорғалап кете барды. Дауыл сол сәтте сап басылды. Ана әйелге ақ орамал тартып, «енді елді қабылдай бересің» деп жатты. Мұртымнан күліп мен тұрдым. Өйткені, Тектұрмас оған бата берген жоқ еді» деді. Өз басым мистикалық әңгімелерге құмар болғаныммен, аса сенбеймін. Бірақ сенген түр жасадым. Одан кейін Шашты-Әзізге барғанда тостақ көз жыландар, Үкәш атаға барғанда түрі қорқынышты айдаһарлар көргенін айтып жатты. Бұл кезде түн жарымынан ауып кеткен еді. 
Мені ұйқы қысты. Ертең жұмыс деген тағы бар. «Төргі бөлмеге төсек салып қойдым. Барып дем ала бер. Мен мына бөлмеге жатам», - деді. Залдың арғы түкпіріндегі жатын бөлмеде кең, екі адамдық кереуетке төсек салып қойыпты. Үстіне келіп отырдым да, «мұным өзі не жүріс?» деген ойға қалдым. 
Сөйткенімше болған жоқ, көңілімді кенет шыққан ащы дауыс бөлді. Жүгіріп шықтым. Әлгі жалаңаш бөлмеге кіріп барсам, жаңағы «әп-әдемі әйелім» ақ кебінге оранып алған, самсаған шырақтың алдында жерге домалап, шыңғырып, ебіл-дебіл жылап жатыр. Дәл біреу үстіне мініп алып, қинап жатқан сияқты.
Шошып кеттім. Кәдімгідей жанталас. «Әй, не болды?» деуім сол-ақ екен, әлдекім тасыр-тұсыр етіп бөлмеден атып шықты. Бірақ тарсылдаған дыбыс болмаса, жап-жарық жерден ешкімді көрмедім. 
Ал досымның қарындасы есінен танып қалды. Зәрем зәр түбіне жетті. Мұздай су әкеп, әйелдің бетіне шаштым. Талықсып кетіпті. Есін жинай бергенде, төсегіне әкеп жатқыздым да, сақылдаған сары аязға қарамастан көлігіме мініп, үйіме қарай құстай ұштым.
 
Сондағы білетінім бір-ақ сөз: «іссіміллә Рахман Рахим!» деп қайталай бердім. Құраннан басқа білер нәрсем де жоқ екен. Көліктегі сағат таңғы 3.25-ті көрсетіп тұрды.
Сол оқиғадан кейін әлгі әйел бірнеше рет телефон соқты. Көтеруге қорықтым. Тіпті, әлгі таныстырған курстасыммен де байланысты мүлдем үзіп тастадым. Кейін осы оқиғаны бір молдаға айтып бергем. «Кеткенің дұрыс болыпты. Ол әйел жынмен жақындасады екен. Сен сол сәтте үстінен шыққасың» деді. Рас-өтірігін кім білсін?..
Тоқтар Жақаш
Facebook парақшасынан

21 қыркүйек 2019 ж. 1 530 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031