Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапа болса, сұраныс артады

Сапа болса, сұраныс артады

Кәсіпкерлікке 2018 жылдан бастап бет бұрған Әсет алдымен «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы білім алады. Алайда мемлекеттен қаржы алудың сәті бір жылдан кейін ғана түседі.
– Сертификат қолға тиген соң қаржылай қолдауға өтініш білдірдім. Дегенмен бәрі бірден бола қойған жоқ.
2019 жылы ғана менің өтінішімнің оң шешім тапқандығын айтып, Қазалыдан хабарласты. Ол кездері Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп жүрген едім. Дереу ауылға келіп, ойымдағы істі жолға қоюға кірісіп кеттім. Мемлекеттен берілген несиеге жеке қорымдағы қаржыны қосып, кәсіпті бастап кеттік, – дейді ол.
Қазіргі таңда Әсет қажетті заттарды Қызылорда қаласынан алдырады. Үйінің жанынан шағын цех ашқан. Арнайы аппараттар жұмыстың жылдам жүруіне көмектеседі. Үш адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің бизнестегі өзіне қоятын басты талабы – сапаға аса мән беру. Бұл ретте оның:
– Кез келген істің келешегі оның сапасына тікелей байланысты. Егер алға жылжып, кәсібімді кеңейтемін, тұтынушылар қатарын арттырамын десеңіз алдымен шығарып жатқан бұйымның сапасы сын көтерерліктей болуы қажет, – деген пікірі ертеңгі күнге сенімділігін байқатады.
Күніне 100-ден аса өнім шығаратын шағын цехта жұмысшылар тынымсыз еңбек етуде. Бірі қалыпқа құйып жатырса, енді бірі дайын газоблокты көлікке тиеп, тапсырыс берушіге жөнелтуге дайындау үстінде.
– Әйтеке би кенті, Қазалы және Байқоңыр қалаларынан тапсырыс жиі түседі. Әзірге шағым болған емес. Өнімді жеке үй-жай салып жатқан азаматтар мен түрлі ғимараттар құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылар алдырып жатыр. Жуырда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы келіп, жұмысымызбен танысты. Ісімізге сәттілік тілеп, жұмыс жасауға ниетті азаматтарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Бұл кәсіпкерлікке енді қадам басқан біз секілді жандар үшін аса қажет, деген Әсет Әзілханов алдағы уақытта тағы да қаржы көздерін қарастырып, кәсбін кеңейткісі келетіндігін де жасырмады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
05 шілде 2022 ж. 224 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 26

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031