Мемлекет басшысы дүрбелеңге толы дүниеде аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет екенін айтты
– Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі қатты алаңдатады. Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек. Осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының тұрақты кездесулері айтарлықтай үлес қосуда. Үшінші кездесу 23-24 сәуір күндері Душанбеде өтті. Былтыр Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасын, сондай-ақ Қауіпсіздік тәуекелдері және оның алдын алу шараларының тізбесін жоғары бағалаймыз. Мұны барлық тараптың мүлтіксіз орындауы маңызды, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты тереңдетуге баса назар аударды. Президент аймақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіретінін айтты.
– Соңғы жылдары мәдени байланыстарымыз айтарлықтай жандана түсті. Көрмелер, кинофестивальдер, форумдар, еске алу кештері өткізіліп жатыр. Жастардың, жоғары оқу орындарының және ғылыми қауымдастықтың арасындағы қарым-қатынас, шығармашылық қауымның тікелей диалогы арқылы осы үрдіске тың серпін беру керек. Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ынтымақтастығымызды тереңдете түседі. Қазақстан отандық Silk Way телеарнасы жанынан аймақтық телеарна ашу туралы бастама көтерді, – деді Мемлекет басшысы.
t.me/aqorda_resmi












