Қиындықтан қорықпай алға ұмтылыңыздар
Кәсіпкерлік – экономиканы дамытудың басты көзі. Соңғы кездері, мемлекетімізде жас кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бағдарламалары аясында шағын және орта бизнесті өркендетуде жастардың белсенділігі байқалады.
Олай дейтінім, мен жас кәсіпкерлердің бірімін, кәсіпкерлікті бастағаныма көп бола қойған жоқ. Қазіргі таңда мемлекет қолдауының арқасында кәсібімді дөңгелетіп әкеттім. Менің жасаған кәсібімді кез келген жас жасай алады деп есептеймін, бұған мемлекеттің қолдауы жетерлік.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне тоқталып, «Бизнестің дамуына кедергі келтіру – мемлекетке қарсы қылмыс жасаумен бірдей» деп атап өтті. Бұл дегеніміз еліміз жастар кәсіпкерлігін одан әрі дамытуға жаңа бетбұрыс.
Сондықтан жастарды Мемлекет басшысының идеяларын қолдауға шақырамын, қиындықтан қорықпай алға ұмтылыңыздар. Себебі, кәсіпкерлік халықтың жағдайын арттырумен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Ал, халық тұрмысының көтерілуі – ел экономикасын еселей түседі.
Гүлсая Құтжанова,
жеке кәсіпкер