Жұрт жетесіз демесін...
Бала кезімізде қонағасы, тойға жиналған қауым маған жаттанды жалғыз сауал қоятын. Бұлдырлақ кезімде әжемнің санаға құйып қойған дайын жауабын айқайлап тұрып айтамын. Қонақтар «Әп-бәрекелді!» десіп қалады. Арасында бала тілін қызық көретін шежіреші: «Жеті атаңды білесің бе?» деп тосыннан сұрап қалады. Мұнда да тосырқамай бармақтарды бірінен кейін бірін бүгіп, әкеден әрі асатынбыз. Дастарқан басындағы әңгімеде де салмақты сарында өрбитін. Көптен көріспеген жұрттың бірі баласын таныстырса, екіншісі кіммен қыз алыса алмайтынын айтып дабырласады. Бірін-бірі боқтықпен қуалайтын ересектердің әрекеті ерсі көрінсе де, әзілдерінің түбінде мән болатын. Бұл бір басқа әңгіме.
Кеше есік алдына шығып, айналаға көз тастап біраз тұрдым. Көрші ағам да таза ауа жұтуға шыққан екен. Сүт пісірім уақыт өтпей жанымызға он-он екі жас шамасындағы екі бала қолдарын беріп амандасты да, жүріп бара жатыр еді: «Әй бала, тоқта!», – деді көршім.
– Жасы үлкен адаммен сәлемдескенде не деу керек?
– Ассалаумағалейкүм, – деді үлкені жанарын төмен түсіріп.
– Үйде әкең, атаң қалай амандасу керектігін үйретпеді ме? Бұларың жарамайды жігіттер. Ер азаматтар «Ассалаумағалейкүм», яғни «Алланың нұры жаусын» деген лебізімен көріседі. Сендер де ер жетіп қалдыңдар. Келесі жолы естеріңнен шығармаңдар, – деді қабақ шытып. Мұны бақылап тұрған менің көзіме бала кезім елес- тегендей күй кештім. Кейбір бала құрдастардың мұндай сәтіне куә болғаным бар. Сәлемге, шыққан тегі туралы тақырыпта мүдіру ұят саналатын. Кенет «Руың кім?» деген сұрақтың ауыздан қалай шыққанын аңғармай қалдым. Дәл осыны күтіп тұрғандай ағайынды балалар бірге:
– Тұрмағанбетов! – деп айғалап жіберді.
Аға екеуміз бір-бірімізге қарап күліп жібердік. Бірақ оның күлкісінен балақайға, оларға тәрбие беріп отырған ата-анаға деген реніш пен ашу бары анық байқалып тұрды. Мүмкін қателескен болар деген оймен қай рудан екенін сұрап еді, басын бір жағына қарай қисайта салды.
– Балалар, үйге барған соң әкелеріңнен, болса аталарыңнан шыққан тегің туралы сұрап, жаттап алыңдар. Мұны білмегеннен кейін сендерден жеті аталарыңның атын сұрау әбестік болар. Ал қазақта: «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз бар. Түрлеріңе қарасам, ондай жігітке ұқсамайсыңдар. Ертеңгі күні талай тойға, жиынға барасыңдар. Сонда ағайын-туыстарыңды тауып, орта толтыруға, көпшіл болуға көп көмегі тиеді. Ержеткесін сұлу келіншек іздейсіңдер. Қазақта жеті ата асырмай қыз алуға болмайды. Бұл алдымен қанның тазалығы, тектіліктің іргетасы. Сондайда руыңды білмесең үлкен әбестік болуы мүмкін, – деп көршім бір тежелді. Бұдан кейін де, аңыз-әпсанадан жеткен талай әңгімені бала санасына құйып жатты. Ішім сезеді, балалар жолай өтіп бара жатып сәлемдескеніне өкінгендей көрінді. Бірақ айтылған әңгімеде бірдеңе іліп алғанын сезгендей болды.
Рас, бүгінгі күні трайбализм тероризм деңгейіне жақындап келеді. Қоғам арасына жік салып, жеке мүддесі немесе билік үшін жақсы-жаманды біріктіруге құмартқандарды көз көріп жүр. Түбінде үш жүз териториялық стратегияға байланысты дүниеге келгені секілді, рудың да қанның тазалығы игі мақсатта қолданыста жүргенін естен шығармаған абзал. Мұндай бағытта берілген тәлім-тәрбие балалардың тарихты біліп жүруіне, сан ғасыр бойы қанда сақталып келген құндылықтарды құрметтеуге үйретуі тиіс. Қоғам да құйтырқы мақсатта пайдаланылған рушылдық қазақы қасиеттен айыратыны анық. Дәстүр де жұрт арасында салмағын жоғалтады. Дәстүр-салт ескерілмейтін үйдің баласы «Руың кім?» деген сауалға тегін айта салады.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ