15 жыл ғұмыр сыйлаған домбыра
Таңертеңгілік ұйқыдан телефонның шырылдаған дауысы оятты. Жалпы үнемі жатарда телефон үнін дыбыссыз режимге қоятыным бар еді. Осы жолы ұмытыппын. «Қасқырбай көке Әлімбаев» деп сақталған нөмір. Әп дегеннен көтердім.
Әрдайым көрген жерден еркелетіп, айналып-толғанып тұратын ағама деген менің де пейілім ерекше.
«Есетжан, Майдакөлге барып қайтсақ қайтеді? Сонда марқұм Жұбан деген ағаңның атында термешілер фестивалі өтпекші. 9-да дайын болсаң» деген.
«Ағаның сөзі – ініге заң» деп тепшіп жатқан басымды жастықтан жұлып алып, апыл-ғұпыл жуына бастадым. Көп кешікпей ағамда келді. Көлік өзінікі емес. Тізгінді ұстаған кім болды екен деп едім, Байғабыл Әбсұлтанов ағамыз екен.
Көп кідірмей ағаларға еріп, “Майдакөл қайдасың?” деп тартып отырдық.
Әрдайым көрген жерден еркелетіп, айналып-толғанып тұратын ағама деген менің де пейілім ерекше.
«Есетжан, Майдакөлге барып қайтсақ қайтеді? Сонда марқұм Жұбан деген ағаңның атында термешілер фестивалі өтпекші. 9-да дайын болсаң» деген.
«Ағаның сөзі – ініге заң» деп тепшіп жатқан басымды жастықтан жұлып алып, апыл-ғұпыл жуына бастадым. Көп кешікпей ағамда келді. Көлік өзінікі емес. Тізгінді ұстаған кім болды екен деп едім, Байғабыл Әбсұлтанов ағамыз екен.
Көп кідірмей ағаларға еріп, “Майдакөл қайдасың?” деп тартып отырдық.
Жол үстінде ағалықтарынан азаматтығы биік кісілер кезек-кезек әңгіменің пернесін ағытты. Алдымызда ұзақ жол. Жайлы көлік, жағымды жандар…
Шынымды айтсам, Жұбан деген кісінің кім болғанынан хабарсыз екенмін.
Соны түсінген Қасқырбай ағамыз:
– 1988 жылдың бас кезі. Түктібаев пен Майдакөл ауылы бірігіп жатқан тұс. Елден ел ажырап, шетке көшу белең алып барады. Ауылда совхоз директорымын. Мұнда тұратын біршама кісілер Қарағанды, Жамбыл, Алматы жағалап кетуде. Айдан айға, күннен күнге ел қатары сиреп жатыр. Бір амалын тауып тоқтатпасақ, жағдай шиеленісу үстінде. Содан алып-ұшып ауданның бірінші хатшысы Елеу Көшербаевқа бардым. Мәселені айттым. Жағдайды реттеп, халықты сабырға шақырып, туған жерде ұстап қалмасақ, торқалы топырақтан тұрғындар көшуі үдеуде дедім.
Елекеңмен ақылдаса келе ауыл тұрғындарын жинап концерт қоймақшы болдық. Елде қалу жөнінде көпшілікке үгіт жүргізбекпіз. Әу бастан бірінші хатшымен сөйлескенде өнерпаздардың барлығын орталықтан алмай, ауылдың өзінен қатыстыратын болып келістік. Бірінші басшы рұқсат берген соң, өнерпаздар саралай бастадық. Ауыл арасынан ақын іздедік. Соның алдында ауылда қырықтың қырқасына таяған Жұбан Жұбаназаров деген жігіт барын еститінмін. Бірақ дерт меңдеп, қатты науқастанып жүр екен. Төсек тартып та қалғанға ұқсайды. Сол жігітке көңілім кетіп, үйінен алдыруға шофер жібергенмін.
Совхоздың қым-қуыт жұмысынан босап, түс әлпетінде үйге келдім. Түкпірдегі кең залдан бір күмбірлеген домбырамен қосарланған ән шығады. Ептеп есіктен сығалағасам – анамның қарсы алдында әлгі алдырған Жұбаным домбырамен ән салып отыр. Арқаланып кетіпті. Науқас емес, құдды бір сахнада күнде жүрген өнерпаз секілді.
Қолында біршама уақыт бұрын ғана арнайы бір тай беріп жасатқан домбырам бар. Салалы саусақтары домбыра пернелерінде әрлі-берлі зытқып жүр.
Қарсы бетте жайғасқан анамның жанары жасаурап кетіпті. Мені байқаған бойдан бірден «Ән шырқасын. Бөлме!» деген кейіп танытты. Есіктен иә ары, не бері өтпесімді білмей тұра қалдым. Жұбекеңнің айтып отырған әні мұңды. Ұзақ уақыт науқастанып қалған кезде із салмай, көңілін сұрауға жарамай қалған достарына деген базынасы…
Ән бітті. Анам ақ орамалының ұшымен көзін сүртіп, ақынға ризашылығын білдіруде. Аз-кем әңгімеден кейін болып жатқан жайтты айттым. Қырықтың қырқасына шығып қалған азамат бұрын домбыра шертіп, ел аузындағы әндер мен термелерді айтқаны болмаса, жанынан өлең құрап шығармайды екен. Әйтсе де қолқама көнді. Әбден дайындалып, туған жердің қасиеті, киесі, ауылдың арғы-бергі тарихы жөнінде терме дайындайтын болды. Көп күттірмей “Туған жерім – думанды елім” атты термесін жазып әкелді. Уақыт оздырмай Елеу Көшербаев, Шәкірат Дәрмағанбетов, Қази Данабаев сынды азаматтардың қатысуымен үлкен жиын өтті. Жан-жақтан ауыл тұрғындары, ел азаматтары 400-500-ге жуық адам қатысқан үлкен мәдени шара басталды. Керемет өтті. Соның ішінде Жұбанның әлгі термесі үлкен серпіліс жасады. Үлкендердің алғысын алып, жұрттың мейіріне қанықты. Елеу ағамыздың өзі ризашылығын айтып, батасын берді. Содан кейін ауылдан көшу мәселесі де біраз уақытқа дейін саябырсыды. Ел елдігін жасады. Ақынның термесі, көпшіліктің үні ата-баба мекенін қиып кетпеуге септігін тигізді…
Арада біршама уақыт өткен. Әлгі ауыр дерт меңдеген домбырашым, әжептәуір ақынға айнала бастады. Кейде қырықтан асқан жандардың екінші тынысы ашылып жатады. Дәл сондай күйде Жұбан термеші Жұбан ақын атанды. Өнер додаларына қатысып, бәйге алып, түрлі жиын-тойлардың көрігін қыздырып жүрді. Бір күні ойда-жоқта жолықтық. Көрген бойда арсалаңдай келген інім: «Аға, сіздің мына домбыраңыз маған құт болып дарыды. Жора-жолдас есіктен сығаламай, төсектен басымды көтере алмай жатқанда екінші тынысымды ашты. Жұрт арасында мерейімді арттырып, «Жұбан ақын» деген ат алып берді. Міне, біршама жылдан бері осы домбыраны құшақтап бармаған жерім, кірмеген сауығым жоқ. Сізден өтініш, осы домбыраны маған қисаңыз» деген тілегін жеткізді. Әрине, ақынын ардақтаған, ұғымтал жұрттың ұрпағы болған соң, інінің бір ауыз сөзін жерге тастауға ағалығымыз жібермеді. «Бауырым, даңқың өрлеп, ән-жырыңмен еліңді қуанта бер. Домбыраны саған сыйладым» дедім.
Бұл оқиғада ұмытыла бастаған...
Сәйкестік дегенді қойсаңшы, арада 20 жыл өткен соң Елеу Көшербаев ағамыз басқарған ауданға Айтбай Көшербаев әкім болып келген. Ұмытпасам, 2008 жыл. Ол кезде Жұбанның өмірден өткеніне де 5 жылдай болып қалған. Майдакөл ауылында ұрпақтарының ұйытқы болуымен Жұбан атында мәдени шара өтті. Сол кеште сөз алдым. Жұбан жайлы естеліктер айтылып, өлеңдері орындалып, оқылды. Сол жиында Жұбекеңнің ұлы Мәди:
«Қасқырбай аға! Әкем сізді үнемі айтумен жүрді. Сөз арасында «Мен өлгелі жатқанда мына қызыл домбыра жолығып, сонымен жер-жерде ән айтып, халық ықыласына бөлендім. Кей кісілер сонда менен үмітін үзіп те қойған еді. Бірақ мұның шанағынан шыққан ән-жыр рухымды арттырып, өмірге деген құлшынысымды оятты. Осы домбыраның арқасында әлі күнге дейін сендердің орталарыңдамын» дегенді жиі айтатын. Сол 1988-ші жылғы оқиғадан кейін әкем осы қызылкүрең домбыраны шертіп бақандай 15 жыл өмір сүріпті. Бұл домбыра әкеміздің көзіндей болып, біздің шаңырақтың ең құнды затындай болды десем қателеспеймін. Әкеміздің бойындағы сол аяулы өнер ұрпақтары бізге де дарыды.
Әйтсе де осы қасиетті домбыраны бүгінгі кеште өзіңізге тарту еткім келеді» деді. Жас жігіттің боямасыз сөзі көңілімді жібітіп, жүрегімді елжіретті. Әңгімесінде әкеге деген сағыныш лебі есіп тұрғандай көрінді. Күреңқызыл домбыраны қолыма ұстап тұрып:
«Айналайын, ақын – аққусынды киелі құбылыс. Ел тоз-тоз болайын деп тұрған шақта науқасына қарамай, Жұбан ақын сөзімізді жерге тастамай, осы домбырамен толғау айтып, жұртты сабырға шақырып еді. Талай жылдар серік болып, қолында жүрді. Мен бұл домбыраны алмаймын. Сіздің әулетке әкеден қалған мұра іспетті қалдырамын» дедім. Інім де мәз болып, халық та «бәрекелді!», – десіп жатты.
«Өнер құдіреті» деген осы шығар?! Төсек тартып жатқан адамды орнынан тұрғызып, әлі де 15 жыл ғұмыр сыйлаған сол домбыраның қасиетіне қайран болдым, – деді Қасқырбай ағам.
Әлгі әсерлі әңгімеден кейін Жұбан ақынның тағдырына, домбыраның расыменде қасиеттілігіне қайран қалып, әңгіме әсерінен шыға алмай, көлік терезесінен мен де алдымыздағы сұлу қыздың қолаң шашындай болып, шұбатылып жатқан қара жолға тесіле қарап келе жаттым…
Есет ЖҰМАБЕКҰЛЫ