Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сәбиттің жақсылығы

Сәбиттің жақсылығы

Соғыстан кейін оқушы дәптеріне 12 бет етіп “Курляндия” деген роман жаздым. Дәптерге қара қаламмен жаздым. Поезбен Алматыға келдім. Күту залында жаттым. Ақшам болса да қонақ үй дегенді білмеймін. Көшеге шығып ұшырасқан адамнан: “Мұқанов қайда, Әуезов қайда, Мүсірепов қайда?” – деп үшеуін кезек-кезек сұраймын, ешкім білмейді. Үшінші күн дегенде бір кісі: “Сен бұлай жүріп таппайсың, Жазушылар одағына бар”, – деп жөн сілтеді.
Сонымен Панфилов паркінің төменгі жағында бір келте көшеден Одақ үйін тауып алдым. Есік аузында тұрмын. Басынан желегі түспеген жаңа түскен келіншек секілдімін. Бір кезде Тәжібаев келді, ақынды көргенде бойымды үрей билеп, тіпті, бұрышқа тығыла түстім. Бір кезде Әбішев келді, Хакімжанова келді. “Вильлис” деген мәшинемен Мұқанов келді. Ол кезде хатшы емес, төраға дейді. Мұқанов бөлмесінен шығып мені көрді. “Неге келдің?” – деп сұрады. “Сізге келген едім”, – дедім. Өзімде іштей екі жоспар болды. Егер жазғаным ұнаса – өз аты-жөнімді айтамын, егер ұнамаса – жалған аты-жөн айтамын ғой деп ойладым. Мұқанов аты-жөнімді сұрағанда мен: “Каримов”, – дедім. “Қазір менің қолым тимейді, шаруам көп, Ғабиден Мұстафин деген жазушы бар, соған жіберсем ренжімейсің бе, менің баяндамам бар еді”, – деді.
Мұстафинге тілдей хат жазып берді. “Ғабиден! Мына Кәрімов жолдастың шығармасын оқып маған ертең түстен кейін келіп пікіріңді айтуыңды өтінемін, Сәбит” – деген записка. Ол кезде Ғабиден Мұстафин “Әдебиет майданы” деп аталатын журналдың бас редакторы екен. Үйін тауып алып, Сәбең берген хатты ұсындым, оқушы дәптеріне қара қарындашпен жазылған шимай-шатпағымды ұсындым. “Бұл не?” – деді. Мен бетім бүлк етпестен: “Роман”, – дедім. Мырс етіп күлді: “Шырағым, роман деген үлкен нәрсе, мынауың 12 бет, не айтуға болады”, – деп тосылып қалды. “Тамақтан кейін ұйықтап алатын едім, бір жарым сағаттан кейін кел”, – деді.
Өзім де ұйқыдан өліп бара жатырмын. Вокзалдың күту залында үш күн шала ұйқы болған адаммын. Көшеге шығып әр есікті қағамын. “Ұйықтап алайын”, – деп өтінемін. Ешкім кіргізер емес. Әлден уақытта бір орыс әйелі есігін ашып бетіме қарап ойланып тұрды да, бәлкім үстімдегі лейтенант киімім әсер етті ме, мүсіркеген сыңаймен үйіне кіргізді. Қуықтай қараңғы бөлмесіне өткізді. Сынық диванға құлай кетіп едім, қандала ду еткізіп түтіп қоя берді. Соған қарамай қатып ұйықтаппын. Ертесіне Сәбит Мұқановтың бөлмесінде кездестік. Мұстафин: “Жазу қолыңнан келеді екен”, – деп айтқаны сол – қуанып кеттім.
– Ағайлар, кешіріңіздер. Менің фамилиям Каримов емес, Нұрпейісов” деп шынымды айттым сол жерде.
Мұқанов осы оқиғадан кейін біраз ойланып отырып қалды:
– Бала, енді не істейсің? – деді.
Мен:
– Елге барып романымды жазсам, – дедім. – Әкем соғыста өлген. Елде бір немере апайым бар еді, соғыстың алдында татардан сатып алған үйі бар еді, күйеуі соғыстан қайтады, – дедім.
Сол жерде Мұқанов телефонды біраз бұрап Талалаев деген кісіге қоңырау шалды, сөйтсем, әлгі кісі сол кездегі Главиздаттың бастығы екен. Жарықтық Сәбең сол жерде қадалып отырып, мен үшін қалам, қағаз сұрады. Дереу жеңіл мәшинесін беріп, әлгі телефон шалған бастыққа барып қайтуымды өтінді. Талалаев маған 11 келі қағаз босатты. Қайтып оралдым. Сәбең иығына ауыр жүк түскен кісідей біраз ойланып отырды:
– Ауданнан райкомды танисың ба? – деді.
Мен райком дегеннің не екенін білмейтінімді айттым. Жазушы ағамыз көп әуреленіп, тағы бір қосымша жігіттерді жұмсап, Шалқар аупарткомының бірінші хатшысының аты-жөнін сұрап біліңдерші деді.
Ертесіне келсем, Мұқанов Шалқардағы Букешев Дәден деген райкомның бірінші хатшысына хат жазып қойыпты. Әлгі хатты ерінбей машинкаға басқызыпты. “Мына жігіт дарынды болайын деп тұр, роман жазады, шығармасын аяқтағанша жәрдем беріңіздер” – деп жазыпты. Рахмет айтып, хатты алып, қоштасып шығып бара жатқанымда Сәбең қарлығыңқы дауысымен:
– Бала, Пролетарская 11 деген адреске хат жазып тұр, жоғалып кетпе! – деп қатты тапсырды. Шынымды айтсам, сол кезеңде өзімнің тарапымнан қозғау, сұрау, жалыну болмапты. Мен үшін күйіп-жанып, өзі ойланып, өзі кесіп-пішіп, бар істі тындырып жүрген Сәбең ағамыз екен. Мұндай жақсылықты әкемнен де көрген емеспін. Сол кезде үлкен жазушы ағамыздың жойқын қызметін я балалықпен, я шалалықпен сезіне бермеппін. Осының бәрін кейін ойлап өз-өзімнен қысыламын баяғы.
Қаңтардың 1-і күні жол қапшығымды арқалап елге шықтым. Шалқардан ауданның басшысын көп іздедім. Райком кеңсесін іздеп жүріп тауып алдым. Букешев әкеліп берген хатымды асықпай оқып шықты. Хизматулин деген қалалық сауда бөлімінің бастығын шақырып алды. Ерінбей отырып тізім жасады. 22 зат, ішінде тұз, сіріңке, сабын, тағы сондайлар толып жатыр. Таңғалғаным сонша, талып түсе жаздадым. Әскерде жүргенде тамақ байдан, өлім Құдайдан деп жүре беріппіз. Төрт жыл соғыста елдің жағдайын еш білмейді екенбіз. Коммунизмде жүріппіз. Енді келіп қарап тұрсақ, елдің жағдайы өте ауыр, тұрмыс жұтаң, нан, тұз, сабын бәрі карточкамен беріледі. Елде жылан жалағандай, түк жоқ. Ішетін тамақ жоқ. Қарындаш-қағаз жоқ. Кілең жамау-жасқау, өрім-өрім киім. Апайым барып әлгі 22 түрлі затты алып келгенде – көршілер ебіл-себіл, жалаңаш, аш, аспаннан шұға жауғандай сезінді.

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның халық жазушысы.
29 қыркүйек 2018 ж. 1 233 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 31

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930