Бақ қонған бақытғани
Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО Ағарту ісінің үздігі, Құрметті теміржолшы, Халық депутаттарының облыстық Кеңесінің "Алғыс хатының", "Шабыттың шыққан шегіне" грамотасының, Тәуелсіздікке – 10 жыл және ҚР Парламентіне – 10 жыл төсбелгілерінің иегері, бірнеше мәрте (33 жыл) Халық депутаты болған ұлағатты ұстаз Сатбаев Бақытғани Жұмабайұлы тірі болғанда биыл 85-ке толар еді.
Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын жамап, тентегін түзеп, азаматын ардақтап отыратын кісіні халық ауылдың ақсақалы атаған. Сондай ардақты ақсақалдың бірегейі Бақытғани ағамыз еді. Бізден екі-үш жас-ақ үлкен болғанымен, біздер ол кісіні үлгі тұтар аға санадық. Сөйлескенде сөзін тыңдап, білмегенімізді сұрап алатынбыз.
Қазақта «Көшбасшы» деген жақсы сөз бар. Олар өзі үшін емес, ел үшін өмір сүрген адамдар. Бәкең де көшбасшы болған кісі. Хакім Абай айтпақшы: "Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың", – деген қағиданы берік ұстанып, өмір бойы адамшылықтың қарызы үшін еңбек етті.
Заманның ағымына сәйкес, біздің бала кезімізде, сонау соғыс жылдары, ауылдың мұғалімі ауылсовет пен (ауылдық Кеңестің төрағасы) басқармадан кейінгі үшінші адам саналатын. Бізді оқытқан, жеті-ақ сынып бітірген Нызаш ағай мен Злиха апайлар колхоздағы ең құрметті адамдар болатын. Өздері де сол дәрежеге сай келетін.
Бақытғани ағай ұстаздық еткен кезде, халық түгел сауаттанды. Оқушылардың сана-сезімі жоғарылады. Бұрынғыдай бір мұғалім сабақ бермейді. Көптің ішінен, жүзден бірі ғана өзін ерен еңбегімен көрсетіп, атақ-абыройға ие болатын.
Бәкең 1937 жылы Қазалы станциясында теміржолшының отбасында дүниеге келді. Әкесі Жұмабай Сатбайұлы көп оқымағанмен, тоқығаны мол, орысшаға жетік, сауатты кісі болған. Дуалы ауыз Жұмекең жалғыз тұяғына үнемі: "Еңбектенсең, оқысаң қалаған мамандығыңды аласың, әділ болып, қиянат жасамасаң беделді боласың; харамға қол созбасаң денің сау болады", – деп отырады екен. Осындай әке тәрбиесін Бәкең ешқашан естен шығарған емес.
Мектепті өте жақсы бітіріп, институтта өзі қалаған ұстаздық мамандығын алып, 1961 жылы Батыс Қазақстан теміржолына қарайтын бұрынғы №67, №420-шы, қазіргі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке мұғалім болып орналасады. Сабағын бере жүріп, қоғамдық жұмысқа ден қояды. Комсомол комитетін басқарып, жоғарғы жақтың көзіне түсіп, аудандық партия комитетіне нұсқаушылыққа шақырылады. Ол жұмысты сапалы атқарып, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлығына ұсынылды. Бірақ Бәкең өз мамандығына оралғысы келіп, жаңа жұмыстан бас тартады. Сол үшін бюрода қаралып, жеке ісіне қатаң сөгіс беріліп, жұмыстан шығарылады. Осы бюрода қандастарының ауыз ашпай, сатып кеткенін, тек қана екі орыс жігіттерінің ара түскенін қынжыла айтып отыратын. Содан бұрынғы орнына қайта оралып, оқу ісінің меңгерушісі болады. 1973 жылы бірінші хатшы Ә. Тыныбаевтың қолдауымен №421 мектепті (қазіргі №204 мектеп) төрт жыл абыроймен басқарады.
1977 жылы Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке қайтып келіп, 2006 жылы зейнетке шыққанға дейін осы мектепте үздіксіз отыз жыл директор боп еңбек етеді.
Ұлы ұстаз барлық саналы өмірін ұрпақты тәрбиелеуге, оларға білім беруге, жайлы жағдай жасауға арнады. Жанына білікті мамандар жинап, мектебін Батыс Қазақстан темір жолындағы, кейіннен аудандағы мектептердің алдыңғы қатарына шығарды.
Бәкең 45 жыл еңбек етіп, соның 33 жылында екі мектепте директор болған. Жанқожа мектебінде директор болғанда 2000 жылы мектеп ұжымының күшімен жылу жүйесін жаңартты. Екі жылдан соң жөндеу үшін сметалық құны 4 миллон тұратын құлағалы тұрған шеберхананы асарлатып, небәрі 400 мың сомға күрделі жөндеуден өткізді.
2006 жылы мектепке балалардың көптеп келуіне байланысты жаңадан типтік жобадағы қосымша оқу корпусын салдырды. Керек жердің бәрін жағалап, беделін салып жүріп, мектепті кеңейтудің жолын тапты. Өзі бастама жасап, оқу іргесіне Жанқожа батыр бабаның атын алып берді.
Әділдік пен тәртіптің арқасында Бәкең басқарған мектептің рейтингісі әрқашанда жоғары болды. Оған басқару ерекшілігі, көптің сеніміне ие болуы мен халыққа жасаған жақсылығы себеп болды.
Қараша інісі Бақыт ағайдың мектепте "Ұстаздар рухына тағзым" стендін қойдырып, жыл сайын қайтыс болған ұстаздарды еске алып, ас бергізгенін тебірене жазады. Бұның өзі екі мыңдай оқушысы мен екі жүздей ұстазы бар мектептің ел-жұртқа үлгі-өнеге боларлық игі ісі емес пе?!
"Жақсының аты қалады, ғалымның хаты қалады" демекші, адамның жақсы аты қалуы үшін артындағы тылы берік болуы тиіс. "Байлықтың жартысы – әйелі" мықты болуы керек. Ол жағынан Бәкеңнің бағы жанды. Институтта оқып жүріп, таңдап алған жан жары Түркістандық Балқия. Қазалыға жақсы келін, үлгілі ұстаз, отбасының тұрағы, Бәкеңнің ақылдасар жолдасы болды. Өмірге үш ұл, бір қыз әкеліп, ертерек бахилық боп кетті.
Алланың екінші қосқан қосағы Мәрзия Ордақызы өмірге үш ұл әкеліп, Бакеңнің адал жары, түгел бір әулеттің қамқоршысы болып, Сатбаевтар отбасын уықтай тіреп отыратын, әулеттің ардақты анасы атанып отыр.
Ең үлкен ұлы Серігі депода инженер, Берігі Астанада сот, Айбегі кент әкімдігінде кеңесші, Асқары Полиция бөлімінде полиция майоры, Бауыржаны Қызылордада прокуратура майоры, ал ең кенжесі Марғұлан аудан әкімшілігінде маман. Келіндері Сақып, Райхан, Гүлнар, Нұргүл, Анар мен Ақмарал шетінен жоғары білімді мамандар. Ал Гүлмирасы жары Марат Жақайыммен Алматыда кәсіппен айналысады.
"Өткенді өшірмеу – өскендіктің белгісі". Ұлағатты ұстаздың атын мәңгілік етуге тағы да бір қадам жасалып, Әйтеке би кентінің жаңа көшесіне "Бақытғани Сатбаев" аты берілді.
Сержанқожа БЕРДЕНҰЛЫ,
Қазақстан журналистер
Одағының мүшесі