Аңдап жүрген апатқа ұшырамайды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы – жылдамдықты шамадан тыс асырғандар не мас күйінде рөлге отырғандар екен. Ал біздің ауданда ішімдікке сылқия тойып көлік тізгіндегендерді кезіктіру азайды. Мұны аудандық ішкі істер қызметінің жоғары әрі сапалы жұмыс жасағандығының нәтижесі болар деп топшыладық. Алайда одан бөлек темір тұлпарға жайғасқаннан өз-өзін ұстай алмай, жылдамдықты асыратындардың қатары көбейгенін жасыра алмайтыныз рас. Осы тақырыпта жылына бірнеше мәрте мақала жазып, соның салдарынан қанша адам көз жұмғанын айтып дабыл қақсақта, оқыс оқиғалар азаяр емес. Расында жол-көлік оқиғасы неліктен азаймай тұр? Аудан орталығындағы апаттар санын тежеу үшін ендігі қандай шараны қолға алмақ қажет?
Аудандық ішкі істер бөлімі осы мәселе бойынша, яғни жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында бірқатар ілкімді жұмыстар жүргізіліп жатқандарын айтады. Ол үшін тіпті өткен жылдың қыркүйек айында кенттің 10 нүктесіне Оңтүстік Кореяда жасалған «Hikvision» камералары қойылды. Оқыс жайттарды азайтуға бейнекамералардың көмегі көптеп тиіп отырғанын осы түйткілге жауаптыларда жоққа шығармайды. Өйткені соның салдарынан бұрынғыша бағдаршамның бағытына бағынбайтындар кеміген. Ал көбіне көп жол апаттары бағдаршамға аялдамаудан болатынын жақсы білеміз.
Осы сәтте өткен жылдың маусымында аудандық полиция бөлімінің бастығы, падполковник Болат Кабизовтың «Қазалы» газетіне сұхбат бергені еске түсіп отыр. Басшы сол тұста «жыл басынан бері жергілікті атқарушы органмен бірлесе біраз мәселені талқыладық. Нәтижесінде аудандық және кент әкімдігіне 8 нұсқама жолдадық. Соның пайдасы болар, жол-көлік оқиғасы 70 процентке азайып, апат салдарынан жарақат алғандар саны кеміді» деген еді. Ал биыл ше?
Аталған түйткілді мәселе жөнінде жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Ғалымжан Амановпен байланыс құрдық.
– Жыл басынан 10 жол-көлік оқиғасы көрініс тапты. Оның екеуі республикалық маңызы бар Шымкент-Самара тас жолында болды. Мұнда 2-і қаза болып, 5-і жарақат алған. Яғни барлығы 12 адам жарақаттанып, 3-і қайтыс болды. Мұнан бөлек түрлі түсіндірме жұмыстары жасалып, акциялар ұйымдастырылды, – дейді ол.
Бізге ендігі кезекте шетелдік тәжірибеге де иек артқан жөн. 2019 жылы жол апатынан бір ғана адам көз жұмған Норвегия астанасындағы жағдай көпке үлгі. Биыл Осло көшелерінде бірде-бір жаяу жүргінші қаза таппаған. Бұған қала ішіндегі жылдамдықтың азаюы, жол сапасының жақсаруы сынды факторлар әсер етсе керек. Жолдарының құрылысы жағынан бізге ұқсас Оңтүстік Корея елінде де жол апаттарымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Кәріс ғалымдарының зерттеуінше, жылдамдықты 10 процентке қысқарту арқылы адам өлімін 50 процентке азайтуға болады екен. Осындай озық тәсілдерді қолдану арқылы еліміздегі жол-көлік оқиғасына тосқауыл бола алсақ, қаншама адамның өмірін қауіп-қатерден сақтап қала аламыз.
Абзал ЖОЛТЕРЕК