Ксенон жарықтың кесірі
Қытымыр қыстың бүгінгідей ызғарында далада жаяу жүру мүмкін емес. Сондықтан болар тұрғындардың көпшілігі түнде таксиге мінуге мәжбүр.
Дәл осындай жағдаймен жуырда Қазалы теміржол вокзалына Алматы қаласынан келетін пойызға адам отырғызу үшін «Indriver» такси шақырдым. Көлік келді. Қажетті заттарды жинап, темір тұлпарға тиедік. Жолай қараңғы көшелердің бірінен жоғары жылдамдықпен қарсы келе жатқан көліктің жарығы жүргізушінің көзін тұмшалап, арғы беттегі тасжол көрінбей рөлді оң жаққа алып қашқан тізгінші тежегішті басып үлгерді. Сол мезетте жол жиегіндегі жүргіншіні жазым ете жаздадық. Осы үрейлі сәтте белігісіз көліктің сәулесі ксенон жарық екенін аңғардым. Айтпағым осы жан баласының жанарын жабатын көліктің сән элементі жайлы болмақ.
Аудандағы жас автоәуесқойлар көліктің жарығына басымдық беретіні жасырын емес. Қазірде оны жақсартуға мүмкіндік беретін түрлі лампа ұсынылады. Ал тізгінші көлік дүкенінен оның түр-түрін саудалап, түн мезгілінде жарық көлемі әрі айналасына шашатын сәулесіне қарап алуға тырысады. Ал жарықтандырғыш құрал ксенон және галоген лампасы деп екіге бөлінеді.
Рас, оның жан-жағына шашатын сәулесі жүргізуші үшін маңызды. Дегенмен оның кем тұсын да ұмытпаған жөн. Мәселен, ол түнде қарсы беттегі тізгіншінің көзіне шағылысып, артынша оқыс оқиға орын алады. Бұл құралды шығарушы мамандар да растап отыр. Олар «қарсы келе жатқан көлікке кедергі жасайды. Мұндай мәселелер әдетте лампаны орнату кезінде қателік жіберумен немесе сапасы төмен ксенонды пайдаланудан туындайды» дейді.
Мұнан бөлек жоғарыда сөз еткен оқиға орнындағы такси тізгіншісі Арман Найып бұл жағдай тек бірінші рет басынан өтпегенін айтып отыр.
– Осымен осындай жағдай төртінші мәрте орын алды. Аудандағы жеткіншектер көліктеріне ауқымды сәулелі жарық орнатып, өзге жүргізушілерге кедергі келтіреді. Мұның салдарынан жергілікті жерде көптеген жол-көлік оқиғасы орын алуда, – дейді жүргізуші.
Осы мәселеге қатысты аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Олжас Қожахметовтен сұрап білдік. Оның айтуынша, аудандағы теміртұлпарларға ксенон жарық салуға рұқсат жоқ әрі оларға салынатын айыппұл көлемі де аз емес.
– Автокөлікке зауыттан орнатылып келетін ксенондар болады. Оларға айыппұл салынбайды. Бұларды ажырату да оңай. Егер қолдан орнатса «қайта жабдықтау» заңнамасы болып есептеледі. Ал айыппұл мөлшері он айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл жөнінде аудандық ішкі істер бөлімі күнделікті жұмыс жасауда. Кентте мұндай жарық салған тізгінші қатары көп. Дегенмен ескертуге сай олардың қатары азайуда, – деген пікірін білдірді.
Жалпы бұл жарықтарды орнатуға 2014 жылдан бастап рұқсат жоқ. Алайда заңды елемейтіндер бұл қылықты қояр емес. Осының кесірінен түн мезгілінде түрлі оқыс оқиға орын алып, арты қиындыққа жалғасуда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні аудандық ішкі істер бөлімі алдағы уақытта қажетті шараларды қолға алып, мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алса, нұр үстіне нұр.
Абзал ЖОЛТЕРЕК