Нарыққа нақтылық қажет
Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары, органикалық өнім және техникалық реттеу департаменті директорының міндетін атқарушы Сәуле Журынова онлайн брифинг өткізді. Ол жыл басынан бері кейбір азық-түлік бағасының өсімі өндіріс көлемінің азаюымен байланысты еместігін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бағаның өсуіне өндірістің маусымдылығы, тиімсіз делдалдар, өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін қызметтер бағасының өсуі, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде тұрақты жеткізудегі қиындық пен карантин жағдайында күрт өсіп келе жатқан сұраныс сияқты фактор әсер етті. Ал елде азық-түлік тапшылығы жоқ және туындамайды деп нақтылады.
Біздің ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын бақылау мақсатында ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан күнделікті арнайы бақылау жүргізіліп, талдау жасалып отырады.
Бөлім қызметкерлері азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру бағытында аудандағы ірі сауда желілерінде өнімдердің толымдылығын қамтамасыз ету және бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде көтерме тасымалдаушылармен келіссөз жүргізіп, сауда орындарын үнемі мониторингтік бақылауда ұстайды.
Дегенмен 2020 жылдың қазан айының 1-і мен 20-ы аралығында әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендегі өнім түрлері бойынша қымбаттаған. Яғни бірінші сұрыпты ұнның килограммы 18 теңгеге, қарақұмық жармасы 35 теңгеге, құмшекер 30 теңгеге, тауық жұмыртқасы (он данасы) 100 теңгеге және өсімдік майы 80 теңгеге көтерілген.
Сауда орындары басшыларының уәжінше, бағалардың бұлай көтерілуі аталған өнімдердің сырттан тасымалдануына байланысты сол өңірлерде бағаның түрлі себептермен (құс тұмауы, астық өнімінің дайын болмауына байланысты) күрт өскендігінен болуда.
– Бірінші сұрыпты бидай ұны бағасының көтерілуіне байланысты жергілікті наубайханаларда осы ұннан жасалған нан бағасы сауда орындарында 5 теңгеге қымбаттады. Ал басқа өнім түрлері бойынша баға қалыпты. Бұл жерде нақтыласам, облыс бойынша жүргізілген мониторингте аудандағы баға облыстың орташа көрсеткішпен шамалас.
Қалыптасып отырған жағдайға байланысты, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында осы жылдың 24 қазанында аудан орталығы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында жергілікті тауар өндіруші мен кәсіпкерлердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, сауда қатарындағы азықтық заттар нарықтан 10-15 процент арзан бағада сатылды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай.
Сондай-ақ ұйымдастырылған жәрмеңкеге облыстық тұрақтандыру қорынан 2 автокөлікпен барлығы 40 тоннаға жуық өнім әкелінді.
Нұрлан Амангелдіұлының мәлімдеуінше, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, қараша айынан бастап облыстық тұрақтандыру қорымен айына кемі екі рет көлік үстінде сатуды ұйымдастыру жөнінде келісім бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА