Қос ғасырдың куәгері
Уақыт алға жылжып, көкке қол созғандай көрінетін қиынның бәрі қолжетімді бола түскенде, отбасылық құндылықтар, қарым-қатынас пен мейірім сынды қарапайым қағидаларды жоғалтып алғандаймыз. Интернетте қаптаған психологтар, қалай қарым-қатынас жасауды үйрететін «ақылды һәм ақылы» кітаптар соның дәлелі. Дегенмен біз іздеген көп дүние жанымызда жүр, жаныңа керегін тап басатын психолог та, жол сілтер ұстаз да, парасат толы пайым иесі де. Біздің отбасымыздың «энциклопедиясы», қос ғасырдың куәгері, даналық пен кеңдіктің өзі – әжеміз.
Әжем Мағруфа Жұбанышқызы 1936 жылы 18 сәуірде қазіргі Қожабақы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ұлы Отан соғысы кезіне сәйкес келіп, тыл игеруге тұспа тұс өткен әжем маңдай тердің мерейін биік қойып, еңбек етуді, адал жолмен несібесін табуды алға қойған адам. 50 жылдары тыл игеру кезінде өзі де бала бола тұра ересектерге көмектескенін, ауылдағы ересектер еңбек етуге кеткенде, көршінің он шақты баласын жинап алып, тамақ бергенін жиі есіне алады. Атам екеуі отау құрған кезде де балаларына еңбек етуді ұран етуден жалыққан емес. Технология жоқ, ақша болғанмен, киім мен тұрмыстық заттар дефицит. Сондай қиын кезде де өз қолымен балаларына киім тігіп, көрпе құрап, үйге қажетті заттарды тоқып алатын. Құрақ көрпе тігіп, көпшік жасап, айран-құртымен қоса қашан көрсең де құдайы қонаққа ұсынып жатқаны. Әлі күнге дейін солай. Аққа жарығанның көңілі де ақ болады дейді ме, үйге соққан адамға «ауыз ти» дейтін даладай дастарханы нан мен айран, қатық пен құртқа толады.
«Он үш құрсақ көтердім. Егізім кішкентайларында қайтыс болды. Қазір 5 ұл, 6 қызым қазақтың әр өлкесінде өз әулетін құрып, отын түтетіп отыр. Көп демедік, аз демедік. Әр баланың өз несібесі бар. Ал немере мен шөбере баладан да тәтті екен.
Сен дүниеге келерде үйде бала жоқ. Сонда бір-екі күн бұрын түс көрдім. Қараңғы бөлмеге ұзын шам жарық шашып тұр екен. Баласыз үйге жарық боп, шуақ шашып тұрған немерем ғой деп жорыдым. Тіл-көзден сақтасын, мен баймын ғой. Ақшаға емес, жақсыға баймын», – дейді үйде бәріміздің тату боп, алыстағы жақындарымызды іздеп тұратынымызды көріп. Осылайша 11 ұл-қыздан 26 немере, 15 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әжем көпбалалы ана ретінде жыл сайын медаль тағып, марапатқа ие болып жүр. Соғысты, отарлық кезеңді, аштықты, тарихи қудалаулар кезеңін көрген оған тәуелсіз елдің бүгінгі бейнесі шүкірлік пен қуаныштан өзге ештеңе сыйламайды.
«Адам болған соң сыртыңнан өсек айтуы мүмкін. Ауыр сөз де болады. Соған ашуланып, кек сақтап жүрме. Бәрінің өз қайтарымы бар. Өзің кең бол, кешірімді бол» деп отырады. Келі түю, диірмен тарту, бие сауып, құрт, ірімшік жасау бүгінгі күннің адамына өнер болғанмен, әжем үшін тұрмыстың бір бөлігі ғана. Осынау өнегелі ғұмырын келіндері мен ұл-қыздары да үлгі етіп, тігін мен ағарғанның дәмін үзбей отыр. Қос ғасырдың куәгері болған әжем қара шаңырақтың берекесі сынды.
Дина БӨКЕБАЙ