Алаяқтың айласына алданбаңыз
Жаһандық даму сатысы жоғарылаған сайын, цифрлық Қазақстанның ғаламтор қауіпсіздігі керісінше төмендеп келе жатқандай. Кеше ғана «банкоматта телміріп кезек күтпейміз» деп қуанған тұрғындар, бүгінде онлайн банк қосымшасының кеселін көріп жүр.
Соңғы уақытта интернет алаяқтармен күрес – ішкі істер органдарының негізгі бағыттарының біріне айналды.
Қазіргі таңда алаяқтар смартфон, компьютер арқылы ғаламтор қолданушылардың ақшаларын ұрлайды.
Пандемия кезінде карантинге байланысты адамдар көптеген қызмет түрлерін ғаламтор арқылы алуға мәжбүр болды. Сол уақытта ғаламтор алаяқтарының саны артты. Жәбірленушілер саны да аз емес. Қылмыскерлер әлеуметтік желідегі инженерингті тиімді пайдаланып, қолданушыларға ақша аудартады немесе олар туралы жеке ақпараттарды алып, сол арқылы жеке шоттардағы ақшаны өздеріне аударады. Олар уақыт өткен сайын әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табудың жолдарын жетілдіріп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, бір қылмыскер өзін заңды тұлға етіп көрсетеді, өз атына бірнеше пластик карта, банк шоттары және бірнеше абоненттік нөмір тіркейді. Мұндай қылмыспен криминалды полиция айналысады.
Бүгінде оларға криминалды полиция, киберқылмыспен күрес бөлімі қарсы жұмыс істеп жатыр. Мұндай мәселеге тап болған жандар ауданда да аз емес.
– Күнделікті өмір. Теледидар көріп отырған едім. Телефоным шырылдап, көрші бөлмеден ұлым алып келді. Тұтқаны алғанымша болмады, бас салып: «Сәлеметсіз бе? «Халық банктен» шалып тұрмын. Сіздің жеке шотыңызды бұзып жатыр. Тез арада телефоныңызға келген жасырын сөзді айтыңыз, алаяқтар атыңыздан несие рәсімдеп жатыр», – деді өзін банк маманымын деп таныстырған белгісіз адам. Сасқанымнан бір емес келген екі жасырын сөзді де айтып қойдым. «Болды. Енді бұза алмайды. Рахмет! Сау тұрыңыз!» деп телефонды қоя салды. Мен де аң-таң, қуанарымды не қорқарымды білмей қалдым.
Арада 2-3 күн өтті. Банк маманынан қайта қоңырау түсті. «Сәлеметсіз бе? «Халық банктен» хабарласып отырмын. 15-інші наурыз күні несие рәсімдепсіз. Енді әр айдың 15-і күні 56000 теңге төлеп отырасыз. Алған несиеңіздің соммасы 1 400 000 теңгені құрайды» дегенде есімнен танып, сенер-сенбесімді білмей қалдым. Дереу банк қосымшасына кіріп қарасам, расымен де үлкен соммада несие алыныпты. Банкке қайта қоңырау шалып, мен алмағандығымды айтсам, олар жауап бере алмайтындығын айтты.
Осылайша алаяқтардың құрбаны болдым. Қазіргі таңда тиісті орындарға шағымданып, іс жүргізіп жатырмыз. Оған дейін өзім алмаған несиені төлеуге мәжбүр болып отырмын, – дейді есімін атамауды өтінген аудан тұрғыны.
Ғаламторда қылмыстық іс-әрекетін жүзеге асыру үшін, олар алаяқтықтың әдіс-тәсілдерін күн сайын жаңартып отырады. Оның кеңінен тараған түрі – қандай да бір компанияға, биржаға немесе букмекерге ақша салып, бірнеше уақыттан кейін ақшаны еселеп қайтарып алу туралы хабарламалар болып табылады. Тіпті кейбірі жоғарыда жапа шеккен тұрғын айтқандай «банк операторы» болып телефон соғып, картадағы операциялар туралы хабарлап, жеке ақпараттарды біліп алады.
Тағы бір түрі, сату туралы хабарлама бойынша азаматтармен WhatsApp арқылы байланысып, банк картасына кепілақыны қабылдауын сұрайды. Тауардың берілуі мен жеткізілуін растау үшін алаяқтар сатушыға сілтеме жіберіп, оны толтыруды сұрайды. Сөйтіп азаматтардың есепшоттары мен мәліметтерін біліп алады. Оның барлығына қол жеткізген соң, банк шотынан ақшаны өздеріне аударып алады.
– Мұндай мәселеге тап болғандар жиі хабарласып, қалай шығу жолдарын сұрап жатады. Ол кезде, белгілі банк бөлімшесіне барып, жазбаша түрде арыз қалдырған дұрыс. Егер бұл ісіңіз еш нәтиже бермесе, сот орындаушыларының көмегіне жүгінген жөн болады. Жалпы жәбірленушінің күйін кешіп кетпес үшін, сізге банк маманымын деп қоңырау шалған жанға ешқандай телефонға келген хатты айтпағаныңыз абзал. Себебі, шын банк қызметкерлері сізден смс хабарламаны сұрамайды. Тағы бір ескере кететін жәйт, ойын-сауық, букмекерлік, жалпы құмар ойын сайттарына кірмеңіз. Кірген жағдайда сайтқа банк карточкаңызды мүлдем тіркемеңіз. Өйткені карточкаңызды иемденген ғаламтор алаяқтары, сіздің келісіміңізсіз-ақ ақшаңызды иемденіп алады, – дейді заңгер маман Перизат Бақытқызы.
Қылмыскерлер ақша жымқыру мен жеке мәліметтерді алуға, әлеуметтік желідегі аккаунттар мен электронды шоттарға қол жеткізуге бағытталған әрекеттерді жасап келеді. Тәжірибе көрсеткендей, бір алаяқтың соңынан заңсыз әрекеттердің тұтас тізбегі жалғасып жатады.
Құрметті оқырман алаяқтың айласына алданбас үшін, жоғарыда айтылғандардан ой түйдіңіз деп ойлаймыз. Онлайн жүйені пайдаланарда абай болыңыз!
Серік АҚМЫРЗА