Полиция ескертеді: алаяқтардан абай болыңыз!
Қазіргі карантин жағдайында орын алып жатқан алаяқтық қылмыстары бойынша Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ысқақов Ермек Бердалыұлы қала тұрғындарын ескертуде.
Құрметті Қызылорда қаласының тұрғындары!
Құқық қорғау қызметкерлерінің басты назарында алаяқтық қылмыстары болып отыр. Алаяқтар өздерін әлеуметтік, зейнетақы және коммуналдық мекемелердің өкілдері ретінде таныстырып, арзан бағада азық түлік және басқа да қажетті заттарды төмен бағада сатып алуға ұсыныс жасап, азаматтардың сеніміне кіріп, арбауына түсіруде.
Осыған сәйкес, бейтаныс азаматтармен сөйлескенде және кездейсоқ тұлғалармен кездескенде абай болу қажеттігін ескертемін. Көп жағдайда, алаяқтар өзінің құрбаны ретінде қарт кісілерді, қаржылық көмекке мұқтаж азаматтарды таңдап, оларға үй алып беремін, аз пайыздық мөлшермен несие алып беремін деген желеумен алдайды.
Онымен қоса, бүгінгі таңда ғаламтор желісіндегі алаяқтық қылмыстары өсім алуда. Алаяқтар әлеуметтік желілерде тұрмыстық қажетті заттарды сату-жеткізу парақшаларын ашып, алдын ала ақшасын тиісті есеп-шотқа аудартып және жеке мәліметтерін (ЖСН, жеке куәлік көшірмелерін) алып, сырттай онлайн түрде несие рәсімдеп, өздерінің қылмыстық пиғылдарын іске асыруда.
«Whats App» желісінде пайыздық мөлшермен үстемақыны көбейту секілді смс хабарламалар келсе, оған тіркеліп, көрсетілген есеп-шоттарға ақша қаражатын аудармау қажет, бұл алаяқтың тағы да бір әдісі.
Сондықтан, Сіздерді алаяқтардың арбауына түспеу үшін, өздеріңіздің жеке мәліметтеріңізді ешкімге жарияламай, егер де басқа қаладан ғаламтор арқылы қажетті заттарға тапсырыс берсеңіз, сол қаладағы таныс, туысыңызға айтып тапсырыс алушыны тексеруді сұрап, алдын ала төлем жасамаңыз. Егер Сіз немесе Сіздің жақындарыңыз алаяқтардың құрбаны болған болса, дереу полицияға хабарласуыңызды сұраймын.