Тау тұлғалы көшбасшы

Шара қалалық мәдениет үйінде, Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейі мен мәдениет өнерпаздарының ұйымдастыруымен болды. Кіреберіске Ғанидың портреті мен сол кездері қолданған заттарынан көрме ұйымдастырылды. Музей мамандары көрікті көрмені кеш қонақтары мен мектеп оқушыларына таныстырды.
Онан соң кеш жалғасы сахна төріне жылжыды. «Осыншама қысқа ғұмыр» атты бейнебаян көрсетіліп, музей меңгерушісі Роза Асанованың жылы лебізімен шара шымылдығы түрілді.
Сөз кезегі Ғанидың ізбасары, облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық филилалының атқарушы директоры Бақберген Кәшімов пен қалалық Жастар Ресурстық Орталығының меңгерушісі Нұрбек Ақпанбетовке берілді.
Одан кейін №17 мектеп оқушылары Ғани жайлы жыр мен тебірентер өлеңдер оқыды. Еске алу кешінде тұлғаның қандасы Мұқарап Табынбаев пен Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Мәскеуде «Ваганьково» зиратына барған, делегация құрамында Ғани бейітіне Құран бағыштап қайтқан, Ғанидың ізбасары Күнділда Төлегеновтер сахна төріне шықты. Ғани жайлы деректер мен оның өміріндегі қызықты оқиғаларынан сыр шертті. Сөз соңында, қос қонақ жастар – ел болашағы екендігін еске салып, оларға жас көсбасшыдан үлгі алуы керегін тілге тиек етті.
Шара соңында «Нұралы» мешітінің имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлының тұлғаның рухына Құран бағыштады.
Анеля Әли