Жат тілдегі жарнама, Ғимарат сәнін кетірген
Тіл мәселесі дегенде ойға еріксіз мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалы оралады. Осы күні аудан көшелерінде, дүкендерде ілінген жарнама, көрнекі ақпараттардан көз сүрінеді. Бірі бірінен өтіп, шақырып тұрады. Алайда көпшілігі қазақ тілінде емес, орыс тілді мәтінде жазылғанын байқай бермейміз. Мәтіннің мағынасына үңілмей, орыс тілінен сөзбе-сөз аударма жасай салғанын да көріп жүрміз. Неліктен өзге тіл? Қарапайым қазашқа жазып-ақ жарнаманы айқайлатып қоюға болады емес пе?! Шын мәнінде осындай шолақ жарнамадан қашан құтыламыз?
Бұл мәселенің қордаланып келе жатқанына көп болды. Өткен жылдың өзінде осыған байланысты жаңа заң қолға алынғанын сүйіншілеп, шешімін табудың жолын сұрастырдық. Дегенмен барлығы біз ойлағандай болмады.
Негізі қоғам тарапынан көрнекі ақпараттарда қазақ тіліндегі мәтіндердің қате жазылғанына байланысты шағым аз емес. Әлеуметтік желіде де қателіктерді көргенін айтатын азаматтарда бар. Одан қалды көпшілігі баннер мен жарнама тақталарында Тіл туралы заңның талаптары орындала бермейтінін айтады. Алайда бұлардың барлығынан шығып жатқан нәтижені байқау қиын.
Жалпы мемлекеттік тілде көрнекі ақпараттың болмауы немесе қате жазылуы әр азаматтың еліміздің Конституциясының 14-бабында көрсетілген құқықтарына сыйластық танытпауы іспетті дүние. Бұл істі ретке келтіруді Мәдениет және спорт министрлігіне тапсырғалы қай уақыт?! Бірақ олар заңға өзгерістер енгізуді көздеп, жаңа заң жобасын Мәжіліс қарауына ұсынған. Құжатта қазақ тіліндегі мәтінді орфографиялық нормаларға сай жазу, оның түпнұсқа аудармасы мен мағынасын сақтау жайы қарастырылған. Ал Мәжіліс депутаттары өткен жылы заңды алғашқы оқылымда мақұлдады.
Тіл мәселесіне қатысты аймақтардағы жағдайды жергілікті Тіл басқармалары бақылауға алып келді. Ал ауданда бұл мәселеге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту орталығы жауапты. Осыған дейін жарнамадағы тіл тазалығы бірізге түспегеніне қарап, «жауаптылар жұмысы нәтижесіз болды ма?» деген ойға қаласыз.
Біз мұнымен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандары тексеруге шықпайды деп айтпаймыз. Өйткені өткен айда «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының жанынан құрылған «Таза тіл» тобының жылдық жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі N151 Заңының 21-бабына 29 желтоқсан 2021 жылы енгізілген өзгерістерге байланысты түсіндірме жүргізуге шыққанын көз көрді.
Ал кәсіпкерлерді тыңғылықты тексеру «Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі», «Қазалы ауданының кәсіпкерлік, туризм және өнеркәсіп», «Жастар ресурстық орталығы», «Әйтеке би кенті әкімі аппараты», Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қазалы аудандық филиалы және «Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығына» тапсырылды.
– Көрнекі ақпараттар көп шоғырланған Әйтеке би, Жанқожа батыр, Қ.Пірімов көшелері мен базар, вокзал маңындағы дүңгіршектерге кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптарын түсіндіру барысында барлығы 30-ға жуық кәсіпкерлік объектілерді аралап, оларға «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бап талаптары жазылған парақшалар таратылды. Кәсіпкерлік ғимарат иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заңға қайшы жарнамаларды ауыстыру қажеттігі ескертілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді, – дейді бөлім қызметкерлері.
Осы уақытқа дейін жауаптылар қате тапқан жағдайда ескертумен ғана шектеліп келді. Талап бойынша жарнамаға жауапты мекеме қатені 1 айдың ішінде түзетуі тиіс. Түзетпесе, 100 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Сонымен, әңгіме бітті.
Айта кетейік, аудандағы кейбір кәсіп иелері жарнамалардың екі тілде болу керектігінен мүлдем бейхабар. Өйткені заңда көрсетілгендей көрнекі жарнама сол не жоғары жағына мемлекеттік тілде, оң не төменгі жағына орыс тілінде орналасуы қажет. Оған қоса әріптер бірдей өлшеммен жазылуы тиіс. Соңғы кездері осындай олқылықтар көшенің сыртқы көрнекі орындарында бей-берекет орналасқан.
Бұл тек біздің ауданда ғана емес, облыс, республика көлемінде үлкен мәселеге айналған. Сондықтан басты басымдықты көрнекі ақпарат пен жарнаманың аударма нұсқасын емес, семантикалық, грамматикалық, стилистикалық нормалары сақталған қазақша жарнама тілін дайындауға беру қажет. Сондай-ақ тауар мен өнімдердің, қызмет түрін жарнамалап отыруын реттейтін жарнама агенттігі қажет және олармен мемлекеттік тілді жетік меңгерген, қазақ халқының этномәдениетінен толық хабардар маман мен аудармашылар жасақталса нұр үстіне нұр.
А.БАҚЫТҰЛЫ